Шұрық-тесік жолдар мен бояуы өшкен өткел
Өткен жылы Қордай ауданы аумағында 238 жол апаты тіркеліп, жол-көлік оқиғасынан 54 адам қаза тапқан. Осы ақпаратқа орай өңірлік коммуникация қызметіндегі баспасөз конференциясында журналистер қойған сауалға аудан әкімі Бегзат Болатбеков қайғылы оқиғалардың басым көпшілігі республикалық маңызы бар жолдарда орын алғанын және облысымыздағы үш асудың екеуі Қордайда екенін айтқан еді. Әйткенмен, Қордайдағы жолдың жағдайын көзбен көрмекке ауданға арнайы бардық.
Аудан орталығы Қордай ауылындағы Төле би көшесінің шұрық-тесік жолы шынында да қорқынышты көрінеді. Сол жерде базар орналасқандықтан да болар, осы көшеден өтетін көліктің де қарасы көп. Дәл базардың алдындағы ой-шұқырдан абайлап өтпекке бұралаңдап жүретін көліктердің қозғалысы қауіп төндіретіні рас.
– Бұл ауылдағы ой-шұқырлы жол тек Төле би көшесінде емес, Домалақ ана мен Абылай хан көшелеріне барсаңыздар да байқайсыздар. Тіпті, басқа көшелерден де кездестіруге болады. Осындайлардың кесірінен көлігіміздің жүріс бөлігі (ходовой) тез құриды. Ал көлікті жөндету дегеніңіз көп ақшаны қажет етеді. Бір бөлшегін ауыстырғанның өзі 10-20 мың теңгеден, ал автобөлшектердің бағасының арзан еместігін білесіздер. Осыдан-ақ көлік жөндетудің қаншалықты құнды екенін байқай беріңіздер. Ал аудан орталығында таксистік қызметпен жолаушы тасымалдау бағасы бір адамға 150 теңге. Бала-шағаның қамы үшін күндіз-түні жүріп тапқан табысымыздың біразы жолдың нашарлығынан бұзылған көлігімізді жөндетуге жұмсалады.
Дәл қазіргі уақытта сол ой-шұқырларды жамау үшін қазып қойды, онысы тіптен қиындық туғызып тұр. Ауыл адамдары бәрі бір-бірімізді танимыз, мұндай кемшілікті айтсаң жексұрын боласың, – деді аты-жөнін өзгертіп Қанағат Тұңғатұлы деп таныстырған такси жүргізушілерінің бірі. Оның сөзін қасындағылар да құптап, өздері кездескен мәселелерді жарыса айтты.
Мәселенің мәнін сұрау үшін Қордай ауылдық округінің әкімдігіне бардық. Ауылдық әкімдік пен аудан әкімшілігі ортасындағы жолды кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге арналған өткел бар, бірақ аса сақтықпен абайлап өтпесеңіз, жолақ сызықтары өшіп қалған. Әр жерінен сәл ғана ізі байқалады. Дәл осындай болар-болмас ізі ғана қалған өткелді Ноғайбай би ескерткішіне қарай өтетін тұстан да байқадық. Сөйтсек, мұндай сызықтарының бояуы өшкен өткелдер аудан орталығында баршылық екен. Ал Қордай ауылының әкімі Әділет Қаспақбаев көшелердегі өткелдердің жолақтары өткен жылғы көктемде жаңартылған дейді.
– Қазір ауыл ішіндегі жолдарды, шұқырларды тазалап, жамау жұмыстары жүріп жатыр. Ауылда 114 көше бар, тұйық жолдарын қоса есептегенде 10 көшенің жолы асфальтталмаған. Себебі, Қордай ауылының жолын жөндеуге жылда қаржы бөліне бермейді. Ал, Төле би көшесі халық көп шоғырланған, көп жолаушы жүретін жол. Ол көшенің бойында Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық аурухана, аудандық ішкі істер бөлімі және базар орналасқан. Сондықтан бұл көшені кеңейтіп, екі жағына жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) салу жобасы да жасалды. Осы көшенің жолында ой-шұқыры көп болғандықтан, жауын-шашынды күндері су шұңқырларға толып қалып, халыққа қолайсыздық тудырған. Сол себепті жол бойына арық қазу да қаралды. Ал асфальтталмаған он көшеміздің жобалары аяқталды, енді сараптамаға жіберіледі. Оның да бірқатар жұмыстары бар. Солар атқарылғаннан кейін қажетті қаржының көлемі анықталады. Содан соң қаржы сұраймыз. Биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде болған су тасқынына байланысты, біздің ауылдың жолдарын асфальттауға қаржы бөле ма, бөлмей ма, ол жағы да белгісіз, – деген ауыл әкімі Әділет Меделбекұлы дәл қазіргі уақытта тек шұңқырлардың жамалатыны ғана бітетін іс екенін баса айтты. Ал Төле би көшесінің кеңейтіліп, бойынан арық қазылып, жаяу жүргіншілер жолының салынуы да әзірге қаржыға байланысты екен.
– Автожолды кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер жылда жаңартылады. Өткен көктемде ғана 7 миллион 555 мың теңгеге конкурс өткізіліп, жолақтары боялып, жылдамдықты баяулатуға арналған бөгеттері мен жол белгілері жасалған болатын. Мұндай жұмыстар тамыз айында да жасалды. Ал жол белгілерін сызу екі-үш ай сайын жасалады, себебі бояу тез өшеді. Биылға бұл жұмыстар үшін 8 миллион теңге қарастырылды. Бірақ, бізге жылдам жұмыс істеуге қолбайлау болып отырған – мемлекеттік сатып алу конкурстары. Оған уақыт кеткенінен бөлек, біз сол жұмысқа керекті соманы жазсақ, одан арзанырақ сомамен біреу жеңіп алады. «Арзанның
сорпасы татымас» дегендей, сапасы сын көтермейтін болып шығады. Мемлекеттік сатып алуға өзгерістер енгізіледі деп естідік, сол іске асса, үлкен көмек болар еді, – дейді Әділет Қаспақбаев.
– Жол апаты, жол ережесіне қатысты құқықбұзушылық бойынша облыстық штабта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жақында ғана жиналыс өткізіп, көптеген тапсырмалар беріп, жоспар құрылған болатын. Қазір жолдың сапасы, қажетті құралдар, ескерту жүйелерін, байланыс орнату секілді істерге қаражат бөлу мәселесі жүріп жатыр. Ал жол апатының Қордай ауданында өсу себебі – өткен жылы облыс бойынша 14 желтоқсанда Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланғаны естеріңізде болар. Үш тәулікке жуық тоқтамай боран соққаны бар. Сол кезде Қордайдың жаңа асуы жабылып, барлық басқа өңірлерден келген көліктер ескі асумен өтуіне мәжбүр болды. Көлік кептелісі, көліктердің қарама-қарсы бағытқа шығып кету жағдайлары орын алды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді аудан әкімі Бегзат Болатбеков.
Жол жөндеу жайын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен де сұрадық.
– Өткен жылы ауданда Қарасай, Еңбек ауылдарындағы аудандық маңызы бар жолдары жөнделді. Былтыр және биыл 7 километр жолға жөндеу жүргізілді, енді жоба бойынша 2 километрі қалды. Алдағы маусым айына дейін ол да аяқталады. Ноғайбай ауылының кіреберісіндегі 4,5 километр жол қалған еді, қазіргі уақытта 2 километрі салынды, мамырда қалған 2,5 километрінің жұмыстары басталды, – деді бөлім басшысы Ануар Абсейтов.
Иә, жасалып жатқан жұмыстар бар. Дегенмен ауыл әкімі айтпақшы, мемлекеттік сатып алу ережесіне сай жүргізілетін конкурстан көрсетілген сомадан аз баға ұсынып ұтып алатын мердігерлердің берілген қаржыны ұқсату үшін арзан материалдармен орындаған жұмысының сапасы сын көтермей, аз уақытта сыры кетіп жататыны рас. Оның зардабын қарапайым халық тартатыны тағы бар. Енді не істемек керек?..
Қамар ҚАРАСАЕВА
Қордай ауданы