Тату отбасы тағылымы
Отанның өркениетіне ондағы отбасылардың бақыты бастау болатыны баршаға белгілі. Сондықтан да елімізде 15 мамыр – Отбасы күні ретінде белгіленген. Мерекенің мәні мен мақсатын ұғындырып, отбасы құндылықтарын насихаттау үшін бұл күні түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай мерекелік жиын Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығында» өтті. «Отбасы – ұлттың тірегі, алтын діңгегі» тақырыбымен өткен дөңгелек үстелде өмірде де, өнерде де бірге жүрген жұбайлар студенттермен және оқушылармен кездесті.
м
Үлгілі отбасы иелері жастарға кездескен кедергілерді бірге жеңіп, бақытқа бөлену үшін қажетті адами қасиеттерді әңгімелесе, жастар ән шырқап, өлең оқып, өнерлерімен қуантты. Облысқа танымал Жаңабаевтар отбасылық ансамблінің мүшелері Күнімбала апа және ұлы Нұржан мен келіні Нәзия, немересі Інжу де осы кештің қонағы болды.
– Отбасымызға қатысты барлық мәселелерді отағасы екеуміз қатар талқылап, бірге еңбектендік. Балаларымыздың бойынан әнге құштар талантын танып, өзара ақылдаса келе кішкентай күндерінен өнерге баулып өсірдік. Өнер адам жанын тәрбиелейді, сонысымен де ол қастерлі. Бүгінде балаларымызбен қатар халықтың өнерін немерелеріміздің жалғап келе жатқанына қуанамыз, – дейді Күнімбала апа.
Ақын ерлі-зайыптылар Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенованың отау тіккендеріне 36 жыл толған.
– Үміт екеуміз балабақшада бір топта тәрбиелендік. Мектепте де 10 жыл бір сыныпта білім алдық. Міне, биыл екеуміз де 60 жасқа жеттік. Шаңырақ көтергенімізге 36 жыл болса, бірге келе жатқанымызға – 57 жыл. Үш ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Қазір үшеуі де өз отауларын құрған, немеренің қызығына сүйсініп отырған бақытты жандармыз. Біз өз ата-анамыздан көрген тәрбиені балаларымызға бердік. Көбіне көргені көп үлкен кісілердің қасында жүріп, ақыл-кеңестерін тыңдап өстік. Көнекөздердің ғибратын көрген адам азбайды, – дейді Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров.
Жұбайының сөзін жалғаған ақын Үміт Битенова да жастарды ата-ананың, жасы үлкендердің ақылын көп тыңдауға шақырды.
– Балалықпен әке, аналарың ақыл айтса «Ой, қойшы...» деп кері бұрылуларың мүмкін. Ата-ананың ақылы балаға өмірлік азық екенін ескеріңдер. Олар өздері жіберген қателікті балаларым жасамаса екен деп, өздеріне кездескен қиындыққа балаларым жолықпаса екен деп ақыл айтады. Өмірдің бұралаң жолдарынан сақтандырады. Әрине, әрбір жастың өз ойы, таңдауы болады және оны ашық айтуға да құқылы. Дегенмен, жанашыр ата-аналарыңмен ақылдасып істеген іс өкіндірмейді. Үйдің иесі – әке, діңгегі – ана болса, берекесі – бала. Осылар бірге болғанда шаңырақтың шаттығы тұрақтайды, – деген Үміт Қыранқызы бірлікпен әрекет етіп, берекеге жетудің маңыздылығына тоқталды.
Бірнеше отбасылық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген психолог Сандуғаш Үсенова бүгінде екі келінімен бір шаңырақта тұрады. Отбасындағы ауызбірлікті сақтап, туыстар арасындағы түсіністікті, сыйластықты қалыптастыру турасында әңгімелеген Сандуғаш Мейрамбекқызы бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, Инклюзивті білім берудегі психологиялық орталықтың аға үйлестірушісі қызметін атқарады. Ол өзінің тәжірибесін кездесуге келген жастарға көрсетіп, дөңгелек үстелге қатысушыларға пайдалы тренинг жүргізді.
Аталған орталықтың қызметкері Ақмахан Ғазиза кеш қонақтарына арнап «Ана туралы» әнді орындап берді. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №20 мектептің оқушылары мен №8 Төле би атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Еркежан Жүнісқадыр шығармашылық тартуларын арнады.
Қамар ҚАРАСАЕВА