Жаңалықтар

Түсті дұрыс жору – өнер

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде студенттермен өткен шығармашылық кездесулердің бірінде тосын ойға тап болдым. Ол ойды айтқан «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор Нарима Есенова. Басқаларды қайдам, өзім елең ете қалдым. Өйткені, шығармашылық кештегі тақырып «Балабақшадан басталған...» атты мемуарлық романым жайлы болатын.

 

– Сіздің осы кітабыңыздың соңғы т арауларындағы бір әңгімеде анаңыздың қалада тұратын Қалжан деген құрбысы өзінің сіз туралы көрген түсін баяндайтын жері бар еді ғой.

Нариманың е сіме с а лып тұрғаны төмендегі эпизод еді.

«Ауладан қатар тұрған екі пеш көрдім. Біреуі – алдындағы шоғына таба нан пісіре беретін пәкене, шағын пеш. Екіншісі – ұзын мұржалы үлкен аппақ пеш. Әлгі пештің үлкендігі соншалықты, ішіне бір тайқазан тұрмақ, бірнеше адам сыйып кетерліктей үлкен екі плитасы бар. Біп-биік!», – деп тамсана сөйлеген ол кісі «Мен өзі түсті көп көргішпін. Көбін ұмытып қалам. Бірақ осы түсім ойымнан шықпай қойды. Өзім жорыдым. Ана шағын пеш – біздің қыз. Ал, қасындағы биік дәу пеш – мына сенің қызың, – деп мені нұсқады Қалжан апай шешеме. – Екеуі де бір класта оқып, мектепті бірге бітіріп жатыр емес пе? Біздің қызды қайдам, әке- шешесі бар, бір мәнісі болар, сенің қызың жоғары оқу орнына өзі-ақ түсіп кетеді, Құдай қаласа, – деді».

Кітаптағы осы тұсты айтқан Нарима Үсенова сөзін одан әрмен жалғады:

– Дәл сол уақыттарда орта мектепті кілең беспен бітірген сіздің жоғары оқу орны тұрмақ, қайда барарыңызды да білмей отырған шағыңыз еді. Айтса, айтқандай, жолыңыз болып, сіз пединститутқа түсіп кеттіңіз. Ал, Қалжан апайдың сізбен кластас әлгі қайынсіңлісі сынақтан өтпей, «құлап» қалады. Кейін арнаулы орта оқу орнында оқыпты. Үлкен пеш пен кішкентай пештің түсі айнымай келіпті.

Осы түсті одан әрі тереңдете мен де болжап, жалғастырайыншы. Жалпы, пеш, ошақ деген нәрсе үлкен мағынаны беретін, қасиетті ұғым. Қазіргі сіздің өсіп-өнген отбасыңыз, отбасылық ошақтың жылуы, ондағы ізгілік пен мейірім, жақсы тұрмыс, жан- жағыңызға тигізіп отырған шапағатыңыз, міне, осының бәрі жоғарыдағы Қалжан апайдың сіз туралы түсінде бұдан неше жыл бұрын пешті көрсету арқылы аян етіліп қойылған, – деді Нарима.

Шынымен де Қалжан апайдың түсіндегі үлкен пеш пен шағын пешті сыныптас құрбым екеуміздің біріміздің институтқа, екіншіміздің училищеге (қазіргі колледжге) қабылдануымызбен ғана байланыстырғаным болмаса, «пеш», «ошақ жылуы» деген ұғымдар менің ойыма осынша уақытқа дейін келмепті.

Жалпы, түс – тылсым құбылыс екені рас. Он сегіз мың ғаламды зерттеп, игеріп жатқан адамзат баласы ұйықтағанда түс көрудің құпияларын, ұйқыдағы санасына түстің кіруінің сырларын аша алмай келеді. Алайда, оның адам өміріне белгілі бір мөлшерде әсер ететінін әлемдік ғылым да, дәстүрлі діндер де жоққа шығара алмайды. Бұл ретте іздеген жанға кез келген ақпарат көздерінен белгілі бір түс жорушылардың, мұсылманша, тағы басқа түс жорудың түрлі кітаптары да, болжамдары да табылады. Олар түске, оның мән-мағынасына бейжай қарамайтын жандар үшін қызықты әрі пайдалы болуы да мүмкін дейді білетіндер.

Құранның 111 аяттан тұратын «Жүсіп» сүресінде көпбалалы Жақып пайғамбардың (ғ.с.) кішкентай кезінде көп қиындық көрген сүйікті ұлы Жүсіпке Алла Тағаланың түс жорушылық қабілетті дарытқаны жайында айтылады. «Жеті семіз сиырды жеті арық сиырдың жеп жатқанын, жеті жасыл сабақты және оның қалай қурағанын» көрген патшаның түсін ешкім дұрыстап жори алмай қойғанда, Жүсіп «Жеті жыл әдеттегіше егін егесіңдер. Сонда орғандарыңды бастырмай, сабағымен қойып, аздап жейтіндеріңді ғана алыңдар. Сосын жеті жыл қатты ашығатын кез келеді. Одан сол бұрынғы жинап, сақтағандарыңды жеп аман шығасыңдар. Жер жаңбырға қанып, жемістердің суын сығатын жылға жетесіңдер», – дейді. Осы берген ақылы арқылы Жүсіп әлгі патшаның ең сенімді адамына айналады.

Түске сену-сенбеу адамның өзіне байланысты. Жақсы түс көрсе жақсыға ырымдап, нашар түс көргендер «Түс – түлкінің боғы» деп өзді-өзін жұбатысып жатады. Кейде қайдағы жоқ келеңсіз түстер болады. Олар тез ұмытылып кетуі де мүмкін. Сондықтан, мағыналы түстерді ғана жору керек деп ақыл береді мамандар. Қалай болғанда да, болашақтан белгі береді дейтін түстерді көрумен және жорумен біржақты шұғылданып кетпей, өмірдің күңгірт көлеңке сін ұмытуға тырысып, сәулелі сәттерге сенім артқанға не жетсін.

Баяғыда бір патша көрген түсін жорытады. Түсінде аузындағы барлық тісі опырылып түсіп қалып, шошып оянған патшаның бұл түсін түс жорығыштар «Отбасыңыздың барлық мүшесі қайтыс болып, сіз жа лғыз қаласыз», – деп жориды. Бұл сөзге ашуланған патша олардың бәрін өлім жазасына кеседі. Ең соңында ғана бір адам: «Бұл керемет түс қой! Құттықтаймын, патшам, отбасы, бала-шаға, туған- туысыңыздың ішінде өзіңіз ең ұзақ әрі көп жасайды екенсіз», – депті. Қуанып, көңілі жайланған патша әлгінің басынан бақайшағына дейін алтынмен аптап, күміспен күптеген екен.

Меніңше, көпшілікке аян осы аңыздың білмегенге үйретері мол сияқты.

Шын мәнінде екі түрлі жорылған түстің негізгі болжамы біреу-ақ емес пе?

Айырмашылығы,  түсті жамандықпен байланыстырып жорығандар опат болды. Ал, жағымды сөзбен жеткізген адам сыйлыққа кенелді. Түс көрген адамның да көңілін көтерді. Даналық деген осы.

 

Үміт БИТЕНОВА