Тұрғын үйлер құрылысы тоқтамайды
Тұрғын үйлер құрылысы тоқтамайды
Әлем жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға алмай келеді. Мұның өзі еліміз экономикасының қарыштап дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Дағдарыс салдарынан еліміздің экспорттық тауарлары, әсіресе, соңғы жарты жылда мұнайдың құны барреліне 50 доллардан төмен түсіп кетті. Ел бюджетіне қаражат түсімін қамтамасыз етіп отырған түсті және қара металлургия өнімдерінің бағасы да арзандады. Украинадағы ахуал және соған байланысты Ресейге қатысты санкциялар жағдайды күрделендіре түсуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кезекті отырысында: «Біз бюджетке бір рет өзгеріс енгіздік, қажет болған жағдайда мұны тағы жасау керек. Барлық нәрседе үнемдеуге кіріскенімізді халыққа нақты түсіндіру керек. Тәуелсіздік жылдарында біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтап, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандарды салуды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады», деді. Елбасы тапсырмасына орай аймақта құрылыс саласына қатысты қандай шаралар қолға алынуда? Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевті осы мәселе жөніндегі жедел әңгімеге тартқан едік.
– Құрылыстың экономиканың локомотиві екеніне қазақстандықтар, оның ішінде облыс тұрғындарының көзі айқын жетіп келеді. Аймақта соңғы он жылдың ішінде көптеген ірі әлеуметтік нысандар салынды. Өткен жылы осы мақсатқа республикалық, облыстық және басқа да көздерден 36 миллиард теңге қарастырылып, толық игерілді. Осы мерзімде құрылыс жүргізу үшін 201 мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 40 миллиард теңге қарастырылып, 200-ден астам нысан салу көзделген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қаржы құрылысы жүріп жатқан нысандарға ғана бағытталады. Жобасы жасалған жаңа нысандардың құрылысы уақытша тоқтатылады. – Биыл қанша нысан іске қосылады? – Облыста құрылысы 2013 жылы және былтыр басталған 30 нысан бар. Оның 14-іне біздің мекеме тапсырыс берген болатын. Жыл соңына дейін Тараздағы 300 орындық көпсалалы аурухана, 200 төсектік перинаталдық орталық, Байзақ ауданындағы 60 төсектік туберкулез ауруханасы, Меркі ауылындағы және Қаратау қаласындағы 250 орындық екі емхана және Мойынқұм ауылында спорт залы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қордай ауданындағы – 2, Шу ауданындағы 2 орта мектептің, облыс бойынша 4 балабақшаның және 4 көпқабатты тұрғын үйдің, Жалпақтөбе ауылында 100 келушіге арналған жедел жәрдем ауруханасы мен Тараздағы теміржолдың жоғары жағындағы 100 орындық жатақхананың құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 7 нысанда жұмыс толық аяқталады. – «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша биыл бірнеше жаңа жоба жасалған екен. Енді олардың құрылысы қашан қолға алынады? – Тұрғын үйлер құрылысы тоқтамайды. Мұндай нысандар «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан иппотекалық компаниясының қаржыландырылуы арқылы жүзеге асырылады. Биыл жыл соңына дейін көптеген отбасылар қоныс тойын тойлайтын болады. – Биыл әлеуметтік нысандар, олардың ішінде мектеп, аурухана және балабақшаларды күрделі жөндеуге қаржы бөліне ме? – Қаржы бұрынғыдай жаппай емес, өте зәру нысандарға қарастырылады. – Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».
Тараз қаласы.