Назардан тыс қалу – ең ауыр жаза
Қазақ менталитетінде «Мынаны істеме, ұят болады», «Мұндай сөз айтпа, ел не дейді?» деген сияқты тыйымдар біздің бойымызға сіңіп барады. Оған қоса көптеген ата-аналар «Мазамды алмашы, жұмыстан шаршап келгенімді көріп тұрсың ғой» немесе «Кейін жауап беремін» деп, баласының бетін қағып, немқұрайлы қарайды.
Бала кішкентай шағында сұрақ қойғыш келеді. Ал, сұрағына жауап ала алмаған баланың білуге және үйренуге деген құштарлығы кеми түспей ме екен деп ойлайсың. Егер керісінше осы кезде сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, анық-қанығына жететіндей түсіндірсе, ата- анадан алшақтамай, танымы мен пайымы одан әрі кеңейеді.
Көптеген адамның қоғамдық ортада өзін-өзі аша алмауы, қысылып, өз пікірін жеткізе алмай, қоштай салуы әркімнің басынан өткен болар. Қазақ халқы баланың бойына туған-туыспен араласуды, Отанды сыйлауды, ата-ананы құрметтеуді тал бесіктен сіңіреді. Міне, мәселе қайда жатыр. Себебі, бала есейе келе, қоғамның бір бөлшегіне айналып, өзімен қатарлас жаңа адамдармен бетпе- бет кездеседі. Ең алдымен, балабақша, мектеп және жоғары оқу орны, осылай кете береді. Бұл дегеніміз – ата-анадан бөлек, баланың өмірге деген көзқарасына, өзіндік ұстанымына қоғамдық орта әсерін тигізеді деген сөз. Белгілі ғалым Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» атты кітабында «Әлеуметтің әсері» ұғымына былай деп анықтама берген: Адамдардың басқа жандардың сеніміне, сезіміне және жүріс-тұрысына тигізетін ықпалын – әлеуметтік әсер дейді.
Адамның психологиялық дамуының негізгі факторы – қарым-қатынас. Өйткені, қарым-қатынаста адамдар өзін көрсетеді, өзі үшін және басқалар үшін психологиялық қасиеттерін ашады. Қарым-қатынастың түрлері мен формала ы әртүрлі болып келеді. Олар тура, жанама, тікелей және тікелей емес және т.б. Оның ішінде тікелей емес қарым- қатынас – жазбаша түрдегі немесе техникалық құралды пайдалану негізіндегі толық емес психологиялық байланыс. Осы жерде виртуалды өмір жайлы айтпай кетуге болмас. Бұрын-соңды бұл ұғымды естігенсіз бе? Виртуалды өмір 2021-22 жылдары өте өзекті мәселелердің бірі болды. Неге дейсіз ғой, себебі виртуалды өмір дегеніміз – арнайы көзілдірік, құлаққап құрылғылары арқылы басқа әлемге ену. Тек бұл ғана емес, қарапайым ұялы телефондағы әлеуметтік желі мессенджерлерінде басқа танымал адам кейпіне еніп, сол адам рөлінде ойнап, тура өзің секілді жандармен экран артында қарым қатынас орнату. Психолог-пейнхантер Гүлбану Елшібекова 24.kz сайтына берген пікірінде: «Бұл өзекті мәселе. Бізге көп адам осындай мәселемен келеді. Әдетте, ата-анасы балаларына көңіл бөлмесе, ішкі жан дүниесін ақтаратын адам болмаған жағдайда өзге әлемге жүгінеді. Олар онда өз арманындағы өмірін сүріп, қалаған мақсатына жете алады. Бұл әрине, жақсы. Десе де, өте қауіпті. Себебі, екі әлемді шатастырып жататындар өкінішке қарай көп».
Бұл мәселе менің басымнан да өтті. Ол кезде ешкімге ішкі сырымды бөлісетін, қолдап-қолпаштап отыратын дос-жарандар болмаған еді. Маған көбіне адаммен бетпе- бет сөйлесуден гөрі, телефон арқылы тілдесу анағұрлым тиімдірек болды. Содан кейін, виртуалды өмірге қадам басып, ол жерде көптеген адамдармен қарым-қатынас орнату арқылы жаңа таныстар таптым. Мен виртуалды өмірге жаймен еніп бара жатқанымды мүлде байқамаппын. Бір өкініштісі, алтын уақытымның зая кеткені. Виртуалды өмірге кірген беттен қалта телефонына келген әр хабарландыруға телміре қарап, сабағыма ден қоймай, ұйқысыздық пайда болып, өз-өзімді жоғалтуға дейін бардым. Кейін жаңа өмірге қадам басып, жоғары оқу орнына түсетін уақыт келгенде, өзімді қолға алып, шын өмірге қайта оралдым. Ақыр аяғында, істеген ісімнің қате екенін түсініп, өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Сөйтіп, өзімді-өзім қамшылап, бұлай жалғаса бермеу керек деп өзіме серт беріп, әлеуметтік қоғаммен байланыс орнатып, өз ортамда жайқалған гүлдей ашыла кеттім. Д.Элъкониннің айтуынша: «Бала әрқашанда екі адам – оның өзі және ересек адам». Даму барысында бала мен ересектің сыртқы тікелей емес қарым-қатынасы баланың ішкі психологиялық процесіне және баланың дербестік ерікті іс-әрекетіне айналады.
Онтогенездің бастапқы кезеңдерінде қарым-қатынас бала өмірінде аса маңызды функция атқарады. Орта ғасырда бір испан епископы былай деп жазған екен: «Жетімханадағы балалар зерігіп, зеріекендіктен өледі». 30-жылдары АҚШ- та эксперимент жүргізілген. Екі клиникада қауіпті, әрең жазылатын ауру балалар жатқан. Оның біреуінде балалар туысқандарымен кездеседі, ал екіншісіне жолықтырылмайды. Осы екі клиникада жазылу тиімділігін салыстырғанда, біріншісінде – бала өлімі жоқ, ал екіншісінде – балалардың үштен бірі шетінеген.
Қарым-қатынастың «бекітетін, қолдаушы» атты функциясы бар. Адам өзін өзі бағалау үшін басқаның мақұлдауын қажет етеді. У. Джеймстің айтуынша, «Адам үшін қоғамда өз бетімен назардан тыс қалу және басқалардың оны мүлдем байқамауы – ең зор жаза». Бұл жерден адамзаттың қоғамдық пікірге тәуелді екенін байқауға болады. Әлеуметтік психологияда «конформдылық» термині бар. Конформдылық дегеніміз – бір кісінің немесе белгілі бір топтың қысымы салдарынан адамның мінез-құлқының, пікірлерінің өзгеруі. Топтық қысымға қарсы тұру өте қиын. Алысқа бармай-ақ, өзімізді алайықшы. Мысалы, мен біраз конференцияларда отырғанымда, мамандар еркін форматта жиналыс жүргізетін. Сөйтіп жиындағы студенттерге сұрақ қойғанда, бәрі бір сәтте жым-жырт бола қалады. Сондай кездерде «Осы біз ел алдында бірінші болып сөйлеуден неге жалтарамыз, неден қорқамыз?» деген ой келетін. Ең алдымен, бәріміздің санамызға келетін бірден бір ой ол, әрине – сенімсіздік. Сенімсіздік сергелдеңіне түсіп, сөз бастауда қатты қобалжып, айтар ойыңа қойылатын сыннан немесе өз идеяларын бағалаудан қорқуы мүмкін. Не олар көпшіліктің ортақ шешіміне мойынсұнып, өз пікірлерін дұрыс емес деп санайды немесе (өздерінің бастапқы шешімдерін дұрыс деп есептесе де) көпшілікпен бірге болуды ойлап, яғни «қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақтың» кебін киіп, елге жеккөрінішті болмас үшін тобырға ілесіп жүре береді. Конформдылыққа әсер ететін маңызды фактордың бірі – мақсатты адамның кейбір мінезі. Өзін өзі төмен бағалайтын адамдар өзіне жоғары баға беретіндерге қарағанда топтық қысымға тез түседі екен. Қазір жастар арасында кеңінен тараған «интроверт, экстраверт және амбиверт» деген ұғымдар бар. Психологиялық тип адамдарды әртүрлі етеді. Біреуі көпшіліктің көзайымы болғанды ұнатады, бірі тыныштықты қалайды. Алайда, бізде интроверт – ұялшақ, жабық, ал экстраверт – белсенді деген түсінік қалыптасқан. Ендігі бұл адам типологиясының мәнін ашып айтсақ, интроверттер уақытты жалғыз өткізгенде өзін жайлы сезінеді екен. Уэллсли психологы Джонатан Чик пен оның аспиранттары интроверсияны төрт деңгейге бөледі. Әлеуметтік, ойшыл, мазасыз және ұстамды. Ал экстраверттерге келсек, олар көп ортадан қуат алады, ал жалғыздық керісінше жабықтырады. «Танымдық, аффективті және мінез-құлық неврологиясы» кітабында жарияланған зерттеулерге сәйкес, экстроверттің екі түрі бар: белсенді және аффилиативті. Амбиверттер көпшілікте өзін жақсы сезінеді, сонымен бірге жалғыз болуды да жөн санайды. Бірақ ұзақ уақыт бойы тыныштықта немесе ортада жүре алмайды. Олар үшін негізгі тұжырымдама тепе-теңдік. Жағдайға байланысты қалауы өзгеруі мүмкін. Сонымен, интроверт – бұл энергияны ішке, ал экстраверт – сәйкесінше сыртқа бағыттайтын адам. Өз кезегінде амбиверттер жағдайға байланысты экстраверт ретінде де, интроверт ретінде де әрекет ете алады екен.
Трендке айналған жастар арасындағы тағы бір ұғым, ол–әлеуметтік фобия (социофобия). Әлеуметтік фобия – кейбір әлеуметтік жағдайларда туындайтын, шамадан тыс қорқынышпен немесе мазасыздықпен көрінетін ауытқудың түрі. Осындай фобиядан зардап шегетін адам іс-әрекетін басқалардың теріс бағалауынан қорқады, нәтижесінде қорқыныш немесе мазасыздық пайда болатын жағдайлардан аулақ болуға тырысады. Адамның өзіндік дамуы, қабілеттері мен тілектерін жүзеге асыруында үлкен қиындықтар туындайды. Нәтижесінде өмір сапасы нашарлайды. Бұл терминді көбіне мен әлеуметтік желілерден байқағанмын. Ол жерде жасөспірімдер қоғамда өзін еркін ұстаған, адамдармен байланысқан іс- әрекеттерін көріп, «пікірлер» бөліміне орысшалап айтқанда «социофобия боялась её «(-его)» деген сөздерді көптеп жазған. Бұл дегеніміз – жас жеткіншек, тіпті ересектердің өзінің сол адамның орнында болғысы келуі.
Әлеуметтік желіде көпке өзінің юморымен, харизмасымен белгілі оқырманды ерекше баурап алатын Алмаз Міржақып деген блогер модель бар. Ол Қытайға модельдік жұмысы арқылы барып, бірден блогына екінші дем беріп, сол жердегі өмірі мен жұмысындағы (behind the scenes), яғни кадрдан тыс жағдайларды көрсетіп, өзін түсінбейтін сол жердегі қызметкерлерге, тіпті көшеде кетіп бара жатқан Қытай Халық Республикасының жергілікті тұрғынына келіп, қызықты контент түсіреді. Оған оқырмандары көбіне «Казахский Зубарев» деген лақап ат қойған. Александр Зубарев та Қытайда тұрып, өзінің жеке блогын белсенді жүргізетін, қоғамдық ортада өз ойын айтудан жалтармайтын блогер. Сондықтан болар, жастар көптің бірі болмайтын, ондай топтан іс-әрекетімен ерекшеленетін адамдарға қызыға да, қызғана да қарайтыны.
Сөзімізді қорытсақ, жастар қоғамдық ортада өзін ашу үшін, «Мен өзімді бағалаймын ба?», «Мен өзімді жақсы көремін бе?», «Егер қателік жасасам, өзімді кешіре аламын ба?» деген сұрақтарды жиі қойып, өзінен есеп алып отыруы керек екен. Өйткені, адамзат баласына тек ілгерілеу, даму, өсу мен өркендеу ғана тән. Сол себепті де өмірде алатын сәтсіздіктер жеңіліс емес, ол тек сізге берілген өмірлік сабақ қана. Өмірден алған сабақтан тәлім ал да, алдағы күндерде оны тәжірибеде қолдан. Қарсет Сарқытқанның «Ешқашан «Жоқ» деме!» кітабындағы мына сөздермен аяқтағым келіп тұр.
«Көптеген адамдар өзгеру керек дейді. Бірақ өзгерудің жолын ешкім ұсынбайды. Өзгерудің ең тиімді жолы – жүрегіңнің калаған ісімен айналысу. Себебі жүрек адамның ең сенімді, екі сөйлемейтін досы. Егер адам баласы жүрегінің қалауын тыңдап, сонымен айналысатын болса, онда сол жұмысына деген шексіз құштарлық пен өлшеусіз рахатқа бөленер еді. Өкінішке қарай, адамдар жүрегін емес, өзгелердің айтқаның тыңдайды. Өзгелерге еліктейді. Басқалар сияқты болғысы келеді».
Бұдан шығатын қорытынды, адам баласының қоғамда өзін ұстауы, көрсетуі, пікірін ашық айтуы, адамдармен қарым-қатынас орнатуы өз ойын өзгертуден басталады. Жоғарыда Қарсет Сарқытқан айтқандай, жүрек қалауыңды да тыңдап, үлкен белестерге ұмтылу керек. Қазір нағыз мүмкіндіктер заманы. Не нәрсені болсын, уақытында пайдалансаң, оның жемісін көрерің хақ. Адам баласының әлеуметтік дамуы оның бос уақытта мәдени шығармашылық өсуінің негізгі кезеңдерімен байланысты. Бастапқыда оған берілген мүмкіндіктер жеке даму деңгейіне байланысты өзгереді. С.Л.Рубинштейн атап өткендей: «Дамыған тұлға, адамның бастапқы мәнінің дамыған мәні». Бұл үдерістің негізі тұлғаның мәдениеттілігі, даралығы, рухани әлемінің жиынтығы болып табылады, ал олардың жиынтығын қамтитын қызмет, мәдениет, даралық және рухани әлем.
Дариға АСҚАР,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Веб журналистика ББ 3-курс студенті.