Ұлттық құндылықтың бастауы
Құнды санап, қастер тұтатын құндылықтар жүйесіндегі ұлттың рухы мен санасы, рухани, мәдени асыл мұрасы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи болмыс-бітімі, барлығының тамыры – тарихымыздан бастау алады. «Тарихы жоқ елдің тамыры жоқ» деген сөз бекер айтылмаған.
«Ұлттық құндылықтар» дегенде мамандар әртүрлі тұжырымды алға тартады. Мәселен, этнографтар: «Ұлттық құндылық – әдет- ғұрпымыз», – дейді. Ал, педагогтер «ол – ұрпақ тәрбиесі» деген пікірде.
Ұлттық құндылықтар туралы зерделеген әрбір зерттеуші түрлі тұжырым жасайды. Дегенмен, түптеп келгенде бәрінің ойы бір арнаға тоғысады. Айталық, этнографтар мен педагогтердің тұжырым-түсініктемесін бір жүйеге келтіруге болады.
Осы жерде тарқатып айтсақ, мысалы, ұлттың әдет-ғұрпына қатысты туындаған «Бесік жыры», «Сыңсу», «Беташар» секілді жырлар бар. Ауыздан- ауызға өтіп, бүгінге жеткен дәстүр-салтымыз ұлттық ән-жырымыздың алтын жүлгесіне айналып отыр десек, артық айтпаймыз.
Бұл жырлар қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерінің өзегі ғана емес, дәстүрімізді сақтауға септескен әуезе әуен.
Міне, сондықтан, қазақтың ән-күйі халық педагогикасының құралы ретінде жастарды тәрбиелеу ісінде үлкен рөл атқарып келеді. Музыка – эстетикалық тәрбиенің маңызды бір бөлігі. Сондай-ақ, ол жеке тұлғаның ақыл- ойын жетілдіріп, ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылық іскерлікке тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады.
Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы, соның ішінде дәстүрлі ән өнері ең жоғары кәсіби өнеріміздің бірі ғана емес, ұлттық тарихы. Олай дейтініміз, әндердің тақырыбы мен мазмұны, мақамдары мен әуен ырғақтары халықтың көкейкесті ой-арманынан туған. Жыршылар мен сал-серілер, бертінде әнші-күйшілер сол әндерді сақтап, келесі ұрпаққа жеткізді.
Олар қазақ даласының мұң-зары, арман- мұратын тұтас әнге сыйғызған ән-күйін өлтірмей, бүгінге жеткізіп қана қойған жоқ, ұлт тарихы насихатшысының да міндетін атқарды. Біз осы ән мен күй арқылы халқымыздың әр кезеңдегі өмір салтын танып-білдік.
Ән – қазақ халқының рухани асыл қазынасы. Кейде өнер адамына замана тұлғасын сомдау керек, өлмес өнер тілімен уақыттың портретін жасау керек деген талап қойылады. Алайда, көркемөнердің барша болмысы тарихи-әлеуметтік жағдайдан тыс болатын үрдіс емес.
Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан біртұтас ұлттық болмысын сақтау – ұлттық мемлекет құрудың негізі десек, қателеспейміз. Бұл ретте ата- бабадан қалған салт-дәстүрді ұрпақ бойына сіңіру – аса маңызды. Дәстүр жолын бұрмалаусыз сақтау – бүгінгідей түрлі таным-түсінік төңірегіндегі адасулардан сақтайды.
Соның ішінде ұрпақ тәрбиесіндегі ата жолы, дәстүр сабақтастығы алға шығады. Ұлды – ұлдай, қызды – қыздай тәрбиелеу керек деген мәселе де қазіргі қоғамда өте өзекті. Қыз баланың қос бұрымына шолпы тағып, төрге оздырып, еркелетіп өсірген қазақтың отбасылық дәстүрінің тарихы көбірек дәріптелуі керек. Немереге бәсіре атап, бес жасынан ашамайға отырғызып, ат үстінде айбарлы болып өссін деген тілекпен ұлға қандай тәрбие берілгенін айтып жеткізу – міндет. Десе де, құрғақ насихат жастарды зеріктіретіні түсінікті.
Ұлтты сақтау үшін дәстү лі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен қатар үйлестіру – уақыт талабы. Себебі, ұлттық құндылықтар – ұлттың болмыс-бітімі.
Перизат АБДИКЕРІМОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті музыка және көркемдік білім кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистрі.