Жаңалықтар

Жуалыда жаңа аурухана бой көтереді

Денсаулық сақтау – кез келген мемлекеттің іргесін нықтай түсетін маңызды саланың бірі. Азаматтарының саулығын ойлаған ел қашан да бұл саланың түйткілдеріне жіті назар аударып, ондағы қордаланған мәселелерді мүлт жібермеуге күш салуы тиіс. Себебі, дүниенің бар игілігін тек тәні дерттен таза адам ғана толық сезіне алады. Тәні сау адамның қоғамға берері де мол болмақ. Бұл бағытта жері мен суы дуалы саналатын Жуалы ауданында ахуал қандай? Аталған мәселені білмекке аудандағы орталық аурухананың жай-күйін саралаған едік.

Ақпан айында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денсаулық сақтау саласындағы 2023 жылы атқарылған жұмыс нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланған болатын. Өткен жылы саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 14 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып, қаржы толығымен игерілген. Жалпы, 24 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан. 19 нысан пайдалануға берілсе, қалған 5 нысан биыл ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Жоспарланған нысандардың арасында Жуалыдағы бірнеше медпункттер де бар.

Жуалыдағы басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындардың тәніне дауа іздеп баратын жері – аудан орталығында орналасқан 111 адамға арналған орталық аурухана. Аурухана ғимаратының іргесі 1972 жылы қаланған. Жарты ғасырдан астам уақыт дауа іздегендер үшін пана болған мекеме қазіргі таңда аудан аймағындағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Аурухана 2014 жылы шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта аталды. Жуалы ауданының тұрғындарына 111 төсек орны бар стационар, клиникалық- диагностикалық зертхана, 250 келушіге арналған емхана, 4-ші дәрежелі шұғыл көмек көрсету бөлімі, 8 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік- акушерлік пункт, 34 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 1 жылжымалы медициналық кешен автобусы, 10 УАЗ маркалы санитарлық көлік, 2 ларгус көлігі, 1 реамобиль көліктері бар. Аурухана жалпы 678 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 78 дәрігер, 340 мейірбике, 124 тазалыққа жауапты маман және 115 басқа да қызметкерлер бар. Елімізді коронавирус індеті жайлаған тұста дәріден тапшылық көргеніміз әлі ұмытыла қойған жоқ. Аурухана басшылығынан ең бірінші кезекте осы мәселенің жай-жапсарын сұрадық. Айтуларынша, орталық аурухана дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген, қоймада екі айлық қор сақталған.

Медицина күн санап емес, сәт санап дамып келеді. Тіпті, әлемнің іргелі елдерінде адам ағзасына қажетті күрделі оталарды дәрігер- роботтар жасап жатқанын естіп, біліп жүрміз. Мұндай игілік біздің елге жете қоймағаны анық. Дегенмен, аудандардағы ауруханалардың жаңа медициналық аппараттармен қамтылуы да бір кездері өзекті мәселе болған еді. Бұл тұрғыда Жуалы аудандық орталық ауруханасының клиника-диагностикалық зертханасына 2022 жылдың алғашқы тоқсанында биохимиялық қан талдауын анықтайтын 18 параметрлі JS T240, жалпы қан анализін анықтайтын 21 параметрлі BCC 6900, жалпы зәр анализін анықтайтын Н-100, қан құрамындағы газдармен электролиттерді анықтайтын EPOC анализаторы сияқты заманауи 5 жаңа аппарат алынған екен.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ