Экономика

ҚҰРЫЛЫС ПЕН СӘУЛЕТ

ҚҰРЫЛЫС ПЕН СӘУЛЕТ

Сала басшыларының есептері тыңдалды

жемісті жұмыс 

жалғаса береді

Облыстың бас құрылысшысы мен бас сәулетшісі өз басқармаларының жылқы жылында атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді. Қос басқарманың қорытынды жиыны білім басқармасының үлкен мәжіліс залында өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. Одан бөлек Тараз қаласының, аудандар әкімдерінің орынбасарлары мен екі салаға қатысты бөлім басшылары және құрылыс, сәулет саласының ардагерлері шақыртылыпты. Бюджет қаржысының көп бөлігін игеретін басқармалардың бірі – құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы былтыр бөлінген 36,085 миллиард теңгенің 36,071 миллиардын игеріп, жоспарды 99,97 пайызға орындапты. Бұл жөнінде басқарма басшысы Рахманқұл Байтелиев баяндамасында мәлім етті. Өңірдегі бүкіл құрылыстың «жүрегін» соқтырып отырған басқарма былтыр білім саласына республикалық және жергілікті бюджеттің 9,9 миллиард теңгесіне 41 нысанның құрылысын жүргізген. Оның ішінде 17 мектеп, 12 балабақша, 1 кәсіптік лицей және 11 өзге де нысанның кілтін тиісті мекемесіне ұстатқан. Ал қалған 17 нысан құрылысы биылға қалып отыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша да аз қаржы бөлінбеген, 7 миллиард теңге. Бұл қаржы да толығымен игеріліпті. Нәтижесінде облыс 17 медициналық пункт, 7 дәрігерлік амбулатория, 3 аурухана мен 1 ФАП, 1 АСМК және 6 басқа да қажетті медицина нысандарына қол жеткізіп отыр. Бұдан бөлек «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында да үш нысан құрылысына 34,8 миллион теңге бөлініп, ол да толығымен игерілген. Тұрғын үй бағытында да былтыр қоныс той аз болмапты. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыға барлығы 258,1 мың шаршы метрді құрайтын бірнеше тұрғын үй өз иелеріне тапсырылған. Бұйыртса, басқарма биыл да 260 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға тапсыруды көздеп отыр. Сонымен бірге, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 27,024 шаршы метр құрайтын тұрғын үй тұрғызу жоспарда бар. «Ақбұлақтың» да шапағаты аз болмапты былтыр. 14 нысан пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде облыстағы 373 ауылдық елді мекеннің 222-сіне, яғни 59,5 пайызына орталықтандырылған ауыз су жеткізіліпті. Жалпы, бағдарлама бойынша басқарма 2014 жылы қос бюджеттен бөлінген 4,3 миллиард теңгені толық игере алған. Жол жөндеу бағытында бөлінген 6,8 миллиард теңге де толығымен игеріліпті. Жолаушылар тасымалы саласындағы басты жаңалық ретінде 278 қоғамдық көлікке «GPS» жүйесінің орнатылуын айтуға болады. Жалпы, жолаушылар тасымалы 2013 жылмен салыстырғанда 102,2 пайызға артқан. Дегенмен, басқарма басшысы Р.Байтелиев саладағы проблемалық мәселелерді де жоққа шығармады. Жіпке тізгендей айтып берген шикіліктердің негізгісі аудан әкімдіктеріндегі кейбір мамандардың салғырттығы салдарынан орын алып жатады екен. Одан қалса, құрылыс мердігерлерінің «еркелігі» тағы бар. Басқарма басшысы жұмысты сапасыз атқарған он шақты мердігер компанияның атын атап шықты. Қысқасы, бюджеттік өзгерістерге байланысты биыл басқармаға берілген қаражат көлемі қысқарыпты. Былтыр 36 миллиард бөлінсе, биыл – 28 миллиард теңге. Шамамен 8 миллиардқа азайған. Дегенмен, биылғы жоспарға да қанағат. Бөлінген қаржыға 260,5 мың шаршы метр тұрғын үй, 7 ауыз су нысаны пайдалануға беріліп, 6 шақырым жол күрделі, 296 шақырым жол мен 3 құбыр орта жөндеумен қамтылмақ,1 көпірге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмекші.

Базарлар «қызыл сызықты» елеп-ескеретін емес

Сәулет және қала құрылысы басқарма-сының да атқарған жұмыстары ауқымды. Басқарманың басты назарында қазір Тараз қаласының бас жоспары мен оның егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары тұрғаны анық. 2013 жылы облыстық бюджет есебінен бөлінген трансферттер мен қалалық бюджет есебінен бөлінген қаржыға Тараз қаласының болашақта шағын аудандар бой көтеретін бірнеше тұрғын алқаптарына егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары жасалып, Тараз қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітіліпті. Басқарма басшысы Ержан Ахметовтың айтуынша, бұл бағытта әлі де жұмыстар істелініп, талқыланып жатыр. – Сондай-ақ, 2013 жылы облыстық бюджеттен Б.Момышұлы, Мойынқұм және Меркі ауылдарына бас жоспарлар жобасын әзірлеу үшін бөлінген қаржыға жобалау жұмыстары аяқталып, 2014 жылдың I тоқсанында бекітілді. Облыс көлемінде қалаларды қоса есептегенде барлығы 374 елді мекен бар болса, 2013 жылы 113 елді мекенге қаржы бөлініп, бас жоспарлары толық әзірленді. Ал 2014 жылы 149 елді мекен жоспарланып, оның ішінде 88 елді мекенге қаржы бөлініп, 61 елді мекенге аудан әкімдіктері тарапынан қаржы бөлінбеді, – дейді Е.Ахметов. Оның айтуынша, енді 2015 жылы қалған 92 елді мекеннің бас жоспары әзірленіп, облыстың елді мекендері толық бас жоспарлары жобасымен қамтылатын болады. Базарларға да бас ауыртып жүрген басқарма басшысы тексеру кезінде Тараз қаласы аумағында ұйымдастырылған 11 базар барын анықтаған. Дегенмен, осы күнге дейін сауда-саттық көрігін қыздырып келген олардың орналасуы Тараз қаласы бас жоспарының бір бөлігіне қарама-қайшы екендігі айқындалыпты. Мәселен,«Қайқармет» базары орналасқан орнында қосымша салынған «10 мөлтек аудан» павильоны Б.Момышұлы көшесінің «қызыл сызығы» аумағында орналасқан, бұл жерде бірде-бір нысан салынбау керек. «Нұралы» базары орналасқан «қызыл сызыққа» бас жоспар бойынша ортақ үлестегі жер, тек абаттандыру жұмыстары қарастырылған. «Ақсай» базары әл-Фараби көшесінің «қызыл сызығына» өтіп, кезінде қыруар қаржыға ақ тер-көк тер болып бекітіп алып келген бас жоспардың шағын саябағына орын бермей тұр. «Мыңбұлақ», «Ақбұлақ», «Салтанат» базарлары көгалдандыру жүйесіне кесірін тигізіп тұрса, «Ысты» базары орналасқан жерде бас жоспар бойынша бұл күнде балалар ойын алаңдарында асыр-салып ойнап жатуы тиіс екен. «Жібек жолы», «Шахристан», «Ауыл-береке» базарлары орындарында мәдени және заманауи сауда орталықтары салынуы тиіс екен. Тек, «Орталық базар» мен «Атакент – Тараз» бас жоспарға сәйкес орналасқан. Сонымен қатар, баяндамашы қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойына арналған монумент пен Алматы – Тараз бағытындағы үлкен жол бойында бой көтеретін стеллалардың да эскиз-жобасын, орналасатын орындарын таныстырды. Жиын соңында бірнеше азаматтар қосымша баяндамаға шығып, екі басқарманың атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып, бағасын берді. Қорытынды сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтып, саладағы жұмыстардың жүйесін жоғалтпау үшін басқарма басшыларының алдына қосымша міндеттер қойды.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Бағдарламалардың  орындалу нәтижесі қандай?

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен оның салалық құрылымдарының өткен жылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

Бұдан соң аталған басқарманың басшысы Жорабек Баубековтің есебі тыңдалды. Баяндамашы салада есепті мерзімде атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа ашылған нысандар, халықтың «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен, әлеуметтік қолдаумен қамтылуы, несиелендірілуі, қайта даярлаудан өткізілуі, табысы кедейшілік шегінен төмен тұратын азаматтардың үлестік деңгейі, мүгедектердің әлеуметтік оңалтылуы тұрғысында жан-жақты мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, сәйкес мерзім ішінде жергілікті жұмыспен қамту органдарына 19 632 адам өтінішпен қайырылып, олардың 87, 3 пайызы, яғни 14 064-і жұмысқа орналастырылған. Әсіресе, әлеуметтік қолдаудың белсенді шаралары нәтижесінде тұрмыстары кедейшілік деңгейінен төмен тұрғындардың саны былтыр 6151 бірлікті құрап, мұның алдындағы жылмен салыстырғанда, 35 пайызға кемігені қуантарлық жай. Мүмкіндігі шектеулі жандар да әлеуметтік қолдаудан тыс қалмаған. Бұл ретте басқармаға қарасты алты медициналық-әлеуметтік мекемеде 924 адам толық мемлекет қамқорлығына алынып, сегіз бағыт бойынша арнайы қызметпен қамтылып отыр екен. Жамбыл, Шу аудандарында мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу, Тараз қаласында қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары, жүйке аурулары интернат үйі ашылған. Дегенмен, көп жерлердегі қимыл-қозғалысы шектеулі, зағип жандарға арналып орналастырылған автоқоңыраулар, брайль әрпімен басылған жарнамалар, пандустар стандартқа сай емес. Мүгедектердің түрлі мекемелерге бас сұғып, жеке мәселелерін шешуі мәселесі әлі де қолжетімді болмай тұр. Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының да бақылауында. Соған қарамастан биылғы 10 қаңтардағы мәліметке сәйкес бейімделетін 176 нысанның әзірге 92-сіне ғана тиісінше қаржы қарастырылғаны мәлім болып отыр. Осы орайда басқарма басшысы республика көлемінде бейімделетін нысандардың электронды картасы жасалып жатқанын, оған олардың облыстар бойынша нақтыланған тізбесі, бөлінген қаражат сомасы, тағы басқалары қоса енгізілетінін, аудан әкімдерінің осымен байланысты жұмысты ширатуы керектігін жеткізді. Мәжілісте «бір мекеме – бір қосымша жұмыс орны» қағидатының базбір жерлерде өз деңгейінде орындалмай отырғаны да сөз болып, бірқатар аудандар мен салалық құрылымдар басшыларының «терлеуіне» тура келді. Мысалы, облыс көлемінде былтыр 681 азамат шағын несие алған, олар құрған қосымша жұмыс орындарының саны (микрокредит алушының өзін есептемегенде) 760-қа жеткізілген. Дегенмен, шағын несие алған азаматтардың Меркіде 89-ы – бар-жоғы 16, Сарысуда 47-сі – 27, Таласта 38-і – 25, Мойынқұмда 34-і – 24, Шуда 67-сі 52 ғана қосымша жұмыс орындарын ашқан. Ерқанат Нұрбапаұлы, осы, сондай-ақ, былтыр өңірімізде қайта оқытумен қамтылған азаматтардың 101-інің әлі де жұмысқа орналаспағандығы мәселелеріне назар аударып, қалай болғанда да несиелеудің де, кәсіпкерлік негіздерін оқытып-үйретудің де тиімділігі болуы керектігін, мемлекеттің қаржысын текке желге шашудың қазіргідей қиын жағдайда әсте жол беруге болмайтын іс екенін еске салып өтті. Басқарма басшысына бұл мәселені ведомствоаралық комиссия отырысында талқылауға ұсынуды тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары Е. Манжуов жиынды қорыта келе «Өңірімізде ұлттық және әлеуметтік бағдарламалардың орындалу нәтижесі жаман емес. Біраз жетістіктерге қол жеткізілді» деп, басқарманың былтыр атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға беріп, сала қызметкерлерін алдағы уақытта да жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге, оның ішінде қаржы дағдарысына байланысты туындауы ықтимал қиындықтарды біріге еңсеруге шақырды.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».