Әлеумет

Қасқабұлақтың даму қарқыны жоғары

Ауылдардың дамуы ел экономикасының өркендеуіне едәуір ықпалын тигізетіні анық. Қазіргі таңда елді мекендердің дені көркейе бастады. Тіпті, кейбір қалалықтар ауылға қайтып, шаруамен айналысуға кірісіп жатыр. Бұл ауылдардың беті бері қарағанын білдіреді. Сондай ауылдық округтің бірі – Талас ауданындағы Қасқабұлақ ауылы.

Ауылда былтыр 2 жұмыс орны ашылып, 42 адам жаңа жұмыспен қамтылған. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 2, қоғамдық жұмыс орындары бойынша 14 адам жұмыс тапқан. Аталған округте «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негізде 2 адам оқуын аяқтап, 1 адам жеке кәсіпкерлігін ашуда. Бұл ауылда мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушылар және жұмыссыздар жоқ. Яғни, өздерін өздері қамтуға қабілетті деген сөз. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында Қасқабұлақ ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берген округ әкімі Жардис Усейнов айтып берді.

Округ әкімінің айтуынша, ауылда 1132 адам тұрады. 1 орта мектеп,1 дәрігерлік пункт, 1 клуб, 1 кітапхана, 2 минифутбол алаңы, 1 ветеринариялық пункт, 1 полиция пункті халыққа қызмет көрсетеді.

Ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 69649 гектар. Оның ішінде егістік жер – 1740, шабындық – 191, жайылымдық 22055 гектарды құрайды. Түйеден басқа төрт түлік малда өсім бар. Былтыр 6200 тонна мал азығы 105 пайызға артығымен дайындалыпты. Биыл ауылдық округ бойынша игерілген егіс көлемі 1740 гектарды құрады. Оның ішінде 50 гектар көпжылдық шөп, 75 гектар мақсары, 375 гектар арпа егілген.

Халық негізінен мал, егін шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, ауыл аумағында 14 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мал шаруашылығымен айналысатыны – 8, егін және шабындықпен айналысатыны – 6. Асылдандыру бойынша «Айза» және «Әдемі» шаруа қожалықтары ізденіп келеді.

2022 жылы «Асан» шаруа қожалығы лизинг арқылы 1трактор, 1 шөп тайлағыш, 1 ковш алды. Бұл техникалардың жалпы көлемі 21 650 мың теңгені кұрайды.

«Жомарт түлек» жобасы аясында 2023 жылы мешіт пайдалануға берілді. Бір көшеге демеушілер көмегімен 1,2 миллион теңгеге жарық орнатылыпты. Алдағы жылдары газ жүйесіне қосылу, типтік ветеринарлық пункт салу, асфальт салу және жарық орнату жұмыстары жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Жардис Усейнов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ