Жаңалықтар

Жасыл желек жазға жетпей сарғайып барады

Бұл күнде өзі де сарғайған сағынышқа айналған жамбылдық ақын Серік Томановтың «Мен – терекпiн, тоналып тозған бүгiн, күзi жеткен жайдары жаздан бұрын», деп адам мен табиғат жанының үндестігінен терең сыр шертетін жыры бар. Өзінің сан ғасырлық тарихында Орта Азиядағы «мәңгі жасыл шаһар» атанған Тараз қаласындағы тал-дарақтардың арасында да осындай жаз тұрмақ, көктемнен бұрын күз «құшағына» еніп кеткен ағаштар аз емес. Неге?

Баршамызға белгілі, биыл табиғат-анамыздың тағдырына алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ел аумағында, оның ішінде біздің аймақта да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы сәтті өтті. Аяулы күйдегі қоршаған ортаны аялауға айрықша басымдық берілгені көңіл қуантады. Дегенмен, қала аумағында бұған дейін де, тіпті жыл сайын мыңдаған ағаш отырғызылатынын, бірақ көп ұзамай күтімнің жоқтығынан қоғадай жапырылып қурап қалатынына да көзіміз үйренген. Жүз тал ектік деп жар салып, мың ағаш отырғыздық деп қанша жерден мақтанғанымызбен, нәтижесі көзге ұрып көрсететіндей соншалықты көп те емес. Ерте көктемде егілген тал-дарақтардың жартысынан астамы қурап қалған кездер де болған. Оған қоса, шағынаудандар арасында ықылым заманнан көпқабатты үйлермен иық тіресіп тұрған апатты ағаштар да жетерлік. Діңкесі шыққан діңінің өзі зиянкестердің ошағына айналған ондай ағаштардың маңайындағы жасыл желекке де, тұрғындарға да кедергісі аз емес.

Тараздағы ескі ағаштардың жайынан бөлек, соңғы жылдары егілсе де солып қалған жасыл желек, қурап кеткен тал-дарақ туралы тұрғындардың пікірі де көңіл көншітпейді. Көпшілік жел тұрса шатыр ұшып, тал құлайтын қалаға айналдық деген уәж айтуда.

Аталған мәселеге орай жауаптылардың да пікірін тыңдадық. Қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев қаладағы фитосанитарлық жұмыстарға жауапты мердігер бір апта бұрын анықталғанын айтып отыр.

Мамандар ерте көктемде егілген тал-дарақтың жазға жетпей қурап қалуына соңғы кездегі ауа райының қолайсыздығын алға тартып отыр. Мәселен, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының биология және ауыл шаруашылығы мамандықтары кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қуандық Сейітбаев соңғы үш жылдағы суықтың салдарынан Төле би көшесіндегі жеміс ағаштары жойылып кеткенін айтуда.

Қорыта айтқанда, қазіргідей суару жүйесі мен техникалары жоқ заманда бабаларымыз «мәңгі жасыл шаһар» атандырған қалада тал-дарақтардың тағдырына алаңдап, мәселенің алдын алуға ұмтылуды ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ағаштың қурағаны – табиғаттың жанайқайы. Ал, адамзат табиғаттың ажырамас бөлігі болғанықтан, тал-дарақтың мәселесін тасада қалдырмай, тамырын тап басып, оң шешуге оқталуымыз ортақ мақсат.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.