Жаңалықтар

Сайлаушылардың саяси сауатын арттыру маңызды

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында биыл ел аумағында аудан әкімдерінің сайлауы жүзеге асатындығын атап өткен болатын. Былтыр Президент тапсырмасы аясында қараша айында өңірде, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында, алғаш рет аудан әкімдерінің сайлауы пилоттық негізде жүзеге асты. Ал, алдағы саяси науқанды пысықтау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ғимаратында облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың рөлі туралы» тақырыбы бойынша оқыту- семинары өтті.

Семинарға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Серік Құрманбеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, «Aulieata-Мedia» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы мен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті, облыстық прокуратура мен саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Сайлаушылардың саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған семинарды облыстық с айлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, былтырғы сайлау науқаны қарсаңында қомақты қаражаттың игерілмегендігін де атап өтті.

– Өткен жылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында облысымыздан жалпы көлемі 125 миллион теңге игерілмей, республикалық бюджетке қайтарылды. Соған қарамастан орталық сайлау комиссиясы өңірде бюджеттік игерілімнің 95 пайыз болғандығын растап отыр. Ал, аудандар мен облыс орталығында саяси науқанда 660 үміткердің тек он пайызы ғана үгіт-насихат жұмыстарында аталған қаражат бөлігін тиімді игерген. Бұл назар аударарлық мәселе. Сондықтан, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер сенімді өкілдерін мұқият таңдау керек, – деді С.Айдапкелов.

Бұдан бөлек, жиында қатысушылар саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы, кандидаттардың заң талаптарына сәйкестігі мен сайлау науқаны барысында сайлаушыларды ақпаратт андыру т ақырыпт арында дәрістер оқып, сұрақтарға жауап берді.

Семинар соңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау процесін даярлауда оның ашықтығы мен заң талаптарына сәйкес өтуіне семинарға қатысушылардың назарын аударып, сайлау науқандарында белсенділік танытқан бірқатар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер басшыларын Алғыс хаттармен марапаттады.

 

Нұрболат АМАНБЕК