Даладай дархан, баладай аңғал ауыл адамдары-ай...
Кезекті екі күндік демалысымды пайдаланып, қаланың у-шуынан бірер күн болса да демалайын деген оймен ауылға кетіп барамын. «Ауылға барам, бәрі де таныс ел жақта, аңқылдайды олар, қарамайды олар бар, жоққа», – деген өлең жолдары тіл ұшыма келіп, жүректі жылытып, көңілді желпи түседі. Қыстың қытымыр, ақшұнақ аязы кетіп, күннің шуақты сәулесі мына әсем әлемді жылытып, қар еріп, жылғаларды жағалап қар суы өзенге құлай ағып, ұйқыда болған жер бусанып, қырат-белестер көзтартар жасыл көкке орана бастапты. Әр жерден қылтиып нәзік байшешектер көрінеді. Көк жүзінде еріне, жүзе-қалқып ақбауыр бұлттар жылжып барады.
Бәрі-бәрі керемет үйлесім тауып жатқандай көрініс береді. Көктемнің көрікті көрінісі адамға ерекше әсер қалдырады. Осы бір тамаша көріністі көзбен көріп, бойға сіңіру үшін ауылға бару жөн-ау деп ой толғайсың. Ауыл тыныс-тіршілігін біліп өскен жанға ол бір ерекше жүрекке жылы дүние, тіпті, сағыныш десек те болады. «Ең бірінші байлығым – туған елім, алыс жүрсем сағынған туған жерім» деп жүрек бұлқынады. Шіркін, сол ыстық сезімді уақыт келе суытып алмасақ еді деп ой қаузайсың.
Иә, мына мың құбылған тіршілікте ауыл мәселесі, оның қазіргі ахуалы ауылда өсіп, ержеткен адамдарды толғандырмай қоймайтыны рас. Өйткені, оның кіндігі туған ауылымен көзге көрінбейтін жіппен байлағандай болып байланып қалған. Базбір мәліметтер бойынша, елімізде мына егемендік алғаннан бергі 30 жылда 600-ден астам ауыл қожырап, иесіз қалып, жер бетінен мүлдем жоғалып кетіпті. Ол үрдіс, әсіресе шекараларға жақын өңірлерде көп кездесуде екен. Соны біліп отырып, кейде «Бұл әлемдік урбанизация ғой, оны тоқтату мүмкін емес» деп өзімізді жұбататынымыз бар. Бірақ, шындыққа келгенде, ауылдардың жоғалып бара жатқаны өзіміздің Үкіметіміздің, жоғарыда отырған атқамінерлердің дұрыс, жөнді саясат жүргізбей отырғандарының кесірі емес пе? Осы жерде «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген қазақтың ата сөзі еріксіз еске түседі.
Шыны керек, игі жақсының басым көпшілігі ауыл дейтін ұлы даладан шықты емес пе? Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын-жазушыларымыз да, ән өрнегін айшықтаған сазгер, күйшілеріміз де, аты аңызға айналған даналарымыз да сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққанын білеміз. Талай танымал тұлғалар түлеп ұшқан Көкжон – көне кесенелер мен құнды жәдігерлер сақталған киелі мекен. Қойнауынан құт дарыған, шатқалынан шаттығы тасыған бұл өңір – ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағы. Сол Түркістан ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің оныншы сыныбын 1969 жылы 18 оқушы бітірген едік. Одан әрі әркімнің өз сүрлеуі басталды. Содан бері де елу жылға таяп қалыпты. Сол түлектердің барлығы да мектеп қабырғасынан қанат қағып ұшып шыққаннан кейін қалауларынша білім алып, еңбекке араласып, ауылда қалғаны бар, қалмағаны бар, еліміздің шартарабында абыройлы жұмыс істеп, жалынды жастық шақтарын Отанына жұмсады. Бүгінде олардың барлығы зейнет жасында, бала-шағаларын өсіріп, шүкіршілік етіп, немере сүйіп отыр. Уақыт өз айдауына еріксіз көндіріп жатыр...
Өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары Кеңес дәуірі келмеске кетіп, КСРО құрамындағы әр мемлекет егемендік алып, жеке өз шаңырақтарын көтерді. «Үкімет өлтірмейді» деген принциппен өмір сүрген халық ойламаған жерден қиындықтарға ұшырады. Завод-фабрикалар мен өнеркәсіп орындары тоқтап, жұмыссыздық етек алды. Жұмыс таппаған ел-жұрт дағдарысқа ұшырап, сеңдей соғылып, күн көрудің жолын іздеп кетті. Басқа ұлт өкілдері үдере көшіп, үйреншікті мекендерін тастап, шекара асып жатты. Совхоз-шаруашылықтардың автомашиналары, трактор, комбайндары, ғимараттар, егістік далалар, шабындықтар «саудаға» түсіп, талан-тараж болды. Әрине, олардың негізгі бөлігі – «жіліктің майлы басы» сол кездегі билік иелеріне бұйырды. Өкінішке қарай, қарапайым қара халыққа шашылған «сынған астаулар» ғана қалды. Уақыт келе ел есін жиып, өз шаруашылықтарын реттеуге кірісті. Бірақ, ауыл жастары жұмыссыздықтың ащы дәмін татып, «екі қолға – бір күрек» таппай, еріксізден басқа жұмыс бар, табыс бар өңірлерге, Алматы, Астана қалаларына жол тартты. Ауыл ахуалы бірте-бірте төмендеп, халық саны азайып, берекесіздік жайлады. Тіпті, базбір ауылдарда мектеп жасындағы балалар саны азайып, мектептердің жабылу алдында тұрғаны жайлы сөз көбейді. Кейбір ауылдардағы даңғарадай көпқабатты мектептер соның салдарынан жабылып қалғаны жасырын емес.
...Міне, осындай терең ойда, толғаныста келе жатып ауа райының қаталдығымен ерекшеленетін Көсегенің Көкжонындағы «Аққырқа» асуына да келіп қалыппыз. Көзжетер жерде менің туып-өскен Үшбас ауылым көлбеңдейді. Төменде, кезінде совхоз орталығы болған, Түркістан, кейінірек Әшір Бүркітбаев ауылы атанған ақ мекен жатыр. Жоғарыда айтылған сол біздің Түркістан шаруашылығы да уақыт талабына сай 90-шы жылдары ыдырап, бөлшектеніп, жеке-жеке шағын кеңшарларға айналды. Бүгіндері әркім өз шама-шарқына, жағдайларына қарай тіршілік етуде. Бірақ, бір байқағанымыз, дала өмірі жастарды қызықтырмайды, реті келсе қалаға барып, нәпақама жарайтын жұмыс тапсам жақсы болар еді, әлгі «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын...» деп баяу әндетіп, арман-қиял үстінде жүр. Ертелі-кеш ол ойы базбірінің іске асатынына сенеді. Оның басты себебі, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, табыстың аздығы, ауыл мәдениетінің дамуының төмендігі, медициналық қызмет көрсетудің сапасының нашарлығы, жеке тұрғын үйдің болмауы, үй салуға мүмкіншілігі жоғы және тағы да басқа. Біздің пайымдауымызша, жастар болашағын өз ауылымен байланыстыру үшін алдымен тұрақты жұмыс, лайықты еңбекақы, өмір сүруге қолайлы инфрақұрылымның болғанын қалайды. Бұл мемлекетті әлеуметтік-экономикалық бағытта дамытуда ескерілетін ерекше салалар екені анық. Ал, жастардың күші болмай, ауылды көркейту – күрделі шаруа екенін білеміз. Әйтеуір, «Ауылым – алтын бесігім», «Ауылым – алтын тұғырым», «Ауылым – өлең төсегім», «Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы», «Ауыл – адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері» деген қанатты сөздеріміз көзден бұл-бұл ұшып, жылдар өте ауылдар бірте-бірте болашағы жоқ ауылға айналып кетуден Құдай сақтасын.
Шынын айтқанда, дәл қазіргі уақытта жастарды ауылға тартатын бір-ақ нәрсе. Ол – мемлекеттік бағдарлама. Барлық жағдай жасалып жатыр десек те, ауыл мен қалалық жерді салыстыруға болмайды. Өйткені, қалада орта басқаша, өмір де басқаша. Сондықтан да жастарды қазіргі ауыл өмірі қызықтырмайды. «Ауыл, ауыл» деп еміреніп тұрған жастар тым саяқ. Осы мәселе көпшілікті толғандыратыны рас. Ауыл тіршілігімен, оның қазіргі ахуалымен жақынырақ таныспақ болып бірнеше ауыл тұрғындарымен ой бөлістік.
– Қазір ауылда жастар азайып барады. Себебі, жұмыс жоқ. Ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орны аурухана мен мектеп қана. Ауыл жастарының көзiмен қарағанда, ауылда басқа баратын нысан жоқ. Сондықтан олар қалаға кетiп қалады. Дегенмен, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жетерлік. «Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi», «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл аманаты», «Жасыл ел» сынды бағдарламалар мен жобалар бар. Ауылда мәдени, спорт, медицина, бiлiм беру салаларын дамытуға үлес қосатын, бос уақытты мағыналы өткiзетiн нысандардың қатарын көбейту керек. Ауыл жастарының шешiлмеген мәселелерi де жоқ емес. Ауылда жастардың серуендейтiн, кешкi уақыттарда демалатын орындары жоқтың қасы. Мәдениет үйi бар, дегенмен, онда өтіп жатқан мәдени кештер жастарды қызықтырмайды. Ал, аудан орталығынан шалғай ауылдарда жастарға арналған орталар жоқ деуге болады. Сондықтан да жастар ауылда тұрақтамайды, – деген уәжін алға тартады Үшбас ауылдық мектебінің оқытушысы Құрманғали Ілесбекұлы.
– Кезінде мына ауылымыз жұмақтың ұясындай берекелі, көз тартымды мекен еді. Уақыт үрдісіне сай ол, басқа ауылдар сияқты, өзгерістерге ұшырады. Ауыл жастарының біразы тіршілік қамын ойлап басқа өңірлерге, қалаларға қоныс аударды. Біраз үйлер қаңырап бос қалды. Олардың арасында мемлекеттік тапсырыспен салынған бірнеше үйлер де бар. Ол үдеріс жалғаса берсе ауыл мектебі төртжылдық бастауыш мектебі болып қала ма деген күдік бар. Егер, олай бола қалған күнде ауыл одан әрі «жүдей түсіп», ел-жұрт саны азайып, халіміз мүшкіл болмай ма? Қазірдің өзінде бала саны азайып кетті. Мектепте еңбек ететін мұғалімдердің 5-6-ы жиырма шақырымнан Жаңатас қаласынан келіп-кетіп, қатынап істеп жүр. Мемлекеттік қолдау болса жаңағы бос тұрған үйлерге күрделі жөндеу жүргізіп, сол мұғалімдердің отбасын орналастыруға болмас па еді? Жергілікті билік иелерінен бұл ұсынымыз қолдау тапса жөн болар еді. Ауылдың болашағына қамқоршы болып жүрген аудан басшылары асфальт жол салып, табиғи газ желісін тартып, ауызсу мәселесін, интернет байланысын шешіп берді. Ауыл орталығында балалар үшін шағын спорт алаңы да жасақталды. Ауыл орталығынан алдағы кезде саябақ салу да жоспарда тұр. Сол игілікті істер біздерді жігерлендіреді, үмітімізді үздірмейді. Бірақ, жастардың ауылға тұрақтамай жатқаны ойландырады. Оған не амал бар? – деп толғанады Ардақ Нұралыұлы.
Ауыл үшін жаны ауырып, оны қалай сақтап қаламыз деп ой толғап жүрген жерлестерімнің ой-пікірлерімен келіспеуге болмас. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өнім көлемін арттыру, мал шаруашылығын дамыту, мүмкіндік болса өнеркәсіп саласын ілгерілету бағытындағы ойлары тұнық азаматтардың ісіне риза боласың. Қазіргі ауыл жастарының бойында немқұрайлық, тоғышарлық, жалқаулық сияқты теріс мінездер пайда болғаны өкінішті-ақ. Олардың қазіргі ой пайымдауларымен, сезімдерімен, түйсіктерімен жақын таныса отырып кешегі ауыл тұрғындарының – әкелеріміз бен шешелеріміздің даладай дархан, баладай аңғал, жайдары, шыншыл мінездерін, еселі еңбектерін, туған жеріне деген ыстық махаббатын, аса еңбексүйгіштіктерін еріксіз еске аласың. Ауылдағы қым-қуыт тірлік әрине, апа-жеңгелеріміздің таңмен бірге таласып оянуымен басталатын.
Ауылдың беделін арттырып, абыройын сақтап тұратын солардың сүйкімді де жағымды мінездері емес пе еді?
Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Туған жерден қаншалықты алыстасаң, жаныңмен соншалықты жақындай түсесің» деген қанатты сөзі ойға келеді. Рас, туған жердің тауы да, тасы да – алтын, ауасы мен суы да – дәрумен. Себебі, онда балалық шағыңның елесі, жастық шағыңның сәулесі қалған. Адамды магнитше тартып тұратын да осы құбылыс болу керек, сірә. «Ауылсыз адам өссе де, адамсыз ауыл өспейді. Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген осы болса керек. Солай деп туған ауылын жырға қосқан қазақ тұрғанда, ауыл шіркін қадірін жоғалта қоймас.
Ауыл адамдарының адал, әрі мейірімді, ашық мінезімен біздің алдымызға жайып салған, өздерін мазалап жүрген түйткілді мәселелерін тыңдап, санамызды сергітіп, ауылдан біраз ой арқалап қайттық.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Сарысу ауданы