Отбасылық тіршілік
Қай адам болсын ұрпағының өсіп-өнгенін, өмірден өз орындарын тапқанын, тірліктің сан қатпарлы белдерінде қиналмағанын қалайды. Кейде өздері шөптің басын сындырмай, балаларынан шексіз жақсылық күтетін ата-аналар да бар. Бірақ, балаңа өзің үлгі болмасаң, ол іскерлік пен кісілікті қайдан үйренсін. Осыны ерте түсінген Ақкөл ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Сайлау Орманов пен Есенкүл Қожамсейітова болса, ұл-қыздарына тірліктің көзін қалай табу керектігін өз істерімен көрсетіп, үйретіп жүр.
Әуелі Сайлау ақсақал отбасымен бірге ұзақ жыл «Кеңес» кеңшарында қой бақты. Онан соң, Ақкөлге қоныс аударды. Ақкөл ауылына келгендеріне де 35 жылдың төңірегі болған. Ал, қазіргі қоныстары «Тауықбазға» көшіп келгелі де отыз жылдан асып кеткен. Әуелі кеңшардың бар кезінде бордақы мал бағып, базға күзетші болып еңбек етті. Кеңшарлар жаппай тарап жекешелендіру науқаны жүрген кезде, ұзақ жылғы пайларына «Тауықбаз» қонысын иеленді. Бұл өзі Ақкөл ауылынан 3-4 шақырым ғана шалғай жатқан жайлы мекен. Қысы-жазы малмен отыруға қолайлы. Оларға нарықтық заман көшіне ілесу керек болды. Себебі, 8 ұл-қызы бар. Есенкүл – «Алтын алқалы» ана. Жаратушы нәсіп еткен перзенттер бар. Оларды жеткізу қайдан жеңіл болсын. «Үкімет өлтірмейді» деп бір жалақыны тосып отырудан пайда шамалы екенін екеуі де ерте түсінді. Әуелі бұрыннан жеке меншіктеріндегі және пайларына алған 10 жылқы, 10 сиыр, 35 қой-ешкісімен «Мақсат» шаруа қожалығын ашты. Шаруа қожалық тізгінін Есенкүл Қожамсейітова өз қолына алды. Бұл 1997 жыл. «Мал баққанға бітеді» дегендей, бұлардың бейнетіне қарай төрт түліктері төлінен көбейе бастады. Қолындағы сауылатын 3 биенің қымызы ішкеннен артылып, сатылып жатты. Осы жылдардан бастап үлкен қыздары Майра, Мария және Жариза кәсіпкерлік жолға түсті. Қаратау қаласының орталық көшесіне тігілген қазақы киіз үйде қыздары Майра Ақкөл ауылындағы «Тауықбаздан» әкеліп қымыз сатты. Үлкен ұлы Мұхтар көрші Ойық ауылының Арайлым Қуантаева деген қызына үйленіп, тіршілігін «Тауықбазбен» байланыстырды. Мұхтардан кейінгі қызы Мадина – мұғалім. Одан кейінгі інісі Мақсат та осы өркендеген тірліктің бір жағында жүр. Бір қызығы, қазіргі таңда Мұхтар да, Мақсатта да алты ұл-қыздан бар. Осы шаңырақтың қос келіні Арайлым мен Диананың мойынында «Күміс алқа» медалі жарқырайды. Бұл әулеттің Ақмарал мен Ақдидар атты қыздары да тұрмысқа шыққан, олар да – жеке кәсіпкер. Сайлау атаның немерелері де есейіп, қолқабысқа жарап қалды.
Біз айтып отырған Есенкүл Қожамсейітова басқаратын «Мақсат» шаруа қожалығы 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5 миллион 700 мың теңге несие алып, оған асыл тұқымды екі қазақтың ақ бас сиырын, 35 бас мүйізді ірі қарасын сатып алады. Мал басы осылай көбейді, әрі оны асылдандыру мақсатында ангус тұқымды 4 бұқа мен сиыр сатып алды. Қазір ангус тұқымды сиырының саны жүзге жетті. Ангустың бір жасар танасының өзі 350 мың теңге тұрады екен. Одан бөлек, бұл шаруа қожалықта 15 түйе, 50 жылқы, 500 уақ мал өсіп жатыр. Баздың аты «Тауықбаз» болғанмен, мұндағы жасалып жатқан тірлік ірі. Осыдан 10 жыл бұрын бұл әулет «Тауықбаздан» дүркіретіп, 8 бөлмелі зәулім үй салды. Бұл дегеніңіз – Ормановтар атамекеннен алыстамайды деген сөз. Бұл әулет төрт түлікті өз төлінен өсіріп жатыр. Оның барлығы отбасы құндылығын дамыту, балалары мен немерелерін еңбекке баулу, елдің экономикасына үлес қосу мақсатында жасалып отыр. Бұл туралы «Алтын алқа» иесі, «Мақсат» шаруа қожалығының төрайымы Есенкүл Қожамсейітова:
– Әр әулет үшін – отбасы құндылығы жоғары. Әр отбасы дамуы үшін экономикалық жағынан мықты болуы тиіс. Қатардағы көпшіліктің бірі болып күн кешуге де болады. Бірақ, Сайлау отағасы екеуміз ұл-қыздарымыздың болашағын ойлағанда күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмедік. Еңбекпен табысқа жетуге болатынына көзіміз жетті. Перзенттерімізді де еңбекке үйреттік. Қазір немерелеріміз де жұмсауға жарап қалды. Олар жаздай уақыттарын босқа өткізбей, еңбекке үйреніп жатыр. Құдай сәтін салып, келіндеріміз де байсалды, еңбекқор, жаны ізгі болып кездесті. Қазір біздің шаруа қожалық құрт, сары май, ірімшік, қымыз, шұбат сатып, саудаға да бейімделе бастадық. Қаржың болса барлық мақсатқа жете аласың. Алдағы жылдары шет мемлекетке өзіміз де барып, қыдырып, ұл-қыз, немерелерімізді де қыдыртуды жоспарлап отырмыз. Еңбектің бейнеті болуы қажет қой, – дейді.
Талас ауданы