Жаңалықтар

«Жас маман» жобасы арқылы тігін цехы іске қосылды

Осыдан 5 жыл бұрын «Жастар – Ел тiрегi» ұлттық жобасының бiр бөлiгi ретінде «Жас маман» жобасы шыққан болатын. Ол Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жастар жылының салтанатты ашылу рәсiмiнде берген тапсырмасына сәйкес әзiрленген. Жоба елімізде 180 колледждi және 20 жоғары оқу орнын 100-ден аса талап етiлетiн мамандықтар бойынша жаңғыртуды, бiлiктi мамандарды даярлаудың халықаралық тәжiрибесiн енгiзуді мақсат етті. Осы жоба аясында оқу орындарында білім алушыларды кәсіпке тәжірибемен де бейімдеу үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жанынан оқу шаруашылықтары мен шағын кәсіпорындар құрып, коммерцияландыру көзделген. Осы мақсатқа қол жеткізген облысымыздағы бірегей оқу орыны – №7 Бетқайнар колледжі. Бұлай деуіміздің дәлелі – колледж жанынан 70 орындық тігін цехы іске қосылды. Онда колледж студенттері теориялық тұрғыда алған білімдерін іс жүзінде толықтырса, түскен тапсырысты орындаған жұмыстарына қарай тиісті ақыларын да алады. ауданы

Колледждің тігін цехы студенттермен қатар, ауыл тұрғындары үшін де пайдалы болып отыр. Егер көлемді тапсырыс түссе, ауылдың жұмыссыз тұрғындарын да еңбекке араластырып, табыс табуына мүмкіндік бар. Расында, шағын ауыл үшін 70 орындық тігін цехы – елеулі олжа.

– Бұл жобаның бағыты – кәсіби білім беретін мекемелерге жаңа құрал-жабдықтар алып, сол арқылы табыс табу. Табыс көзінің түрлі тетіктерін қарастыру керек. Сол үшін алдымен құзыреттілік орталықтары ашылды. Яғни, ол дегеніміз – алынған жаңа жабдықтар арқылы тұрғындарды немесе осы колледжде бұрын оқып кеткен студенттерді кәсібилікке қайта даярлаудан өткізу. Бұл үш айлық курстар. Біз «Жас маман» жобасымен тігін ісіне қажетті заманауи түрлі тігін машиналарын және басқа да керекті құрылғыларды алдық. Осы колледждің бұрын өндірістік оқыту цехы болған. Ол кейін істен шығып, әбден тозығы жеткен еді. Сол ғимаратты жергілікті бюджеттен бөлінген 54 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп, тігін цехын аштық. Пайдалануға қажетті барлық жағдайлары жасалған. Мұндағы мақсатымыз – студенттерімізді еуростандарттарға сәйкес маман етіп дайындау. Екіншіден, қазіргі көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп отырған уақыт ағымына сай құрал-жабдықтарды белгіленген уақытында жаңартып отыру керек. Ол үшін кәсіпорынымыз арқылы табыс тауып, содан жаңартуды уақытылы жүргізіп отыруымыз керек. Мысалы, 2021 жылы алған құрал-жабдықтарымыздың ішінде кейбіреулері қазір жаңартуды талап етеді. Бұл бұрынғысын керексіз етіп лақтырып тастау дегенді білдірмейді, олармен студенттер тәжірибелік білім алады, ал жаңасын табыс табуға қолданамыз. Колледждің тігін цехына өз студентерімізбен қоса жұмыспен қамту орталығы арқылы 14 осы ауылдың жұмыссыз келіншектерін қайта даярлаумен оқыттық. Әр киімнің әрбір бөлшегін тігу тәсілдерін, машиналарды меңгеруі үшін технологтар олармен жұмыс істеді. Қазір сол 14 ауыл тұрғыны осы цехта барлық киімдерді тігуге дайын маман болып отыр. Олар оқу барысында цехқа түскен кішігірім тапсырыстарды орындап, қолын үйретті әрі атқарған жұмыстарына ең төменгі айлық 85 мың теңге жалақыларын алды. Колледждің кәсіпорнына жұмысшы алу тармақтары қамтылған жарғымызды рәсімдегеннен соң, сол ауыл тұрғындарын және өз түлектерімізді жұмыспен қамтимыз деп отырмыз, – дейді колледж директоры Гүлнара Әлімбаева.

Гүлнара Еділбайқызының айтуынша, колледж ұжымы алдымен «Табыс табу көзін неден бастасақ болады?» деген мәселемен біраз дайындық жұмыстарын жасаған. Содан соң, 2021 жылы «Жас маман» жобасымен тиісті қаржы бөлінген. Оны мақсатты жұмсау үшін ауыл шаруашылығы және тігін ісін жүргізуге қолдануды құп көрген. Себебі, қазірде ауылдарда қой жүні іске аспай, рәсуә болып жатқандықтан, осыны қажеттілікке жарату мақсатында қой жүнінен киіз басуды өндіріске айналдыру жоспарланған. Колледждің тігін цехында жүнді тазартып, өңдеп, киіз басу цехы да бар. Өңделген қой жүнінен тек киіз басып қана қоймай, көрпеге салып, төсек жабдықтары да дайындалады.

– Ертедегі ата-әжелеріміз қазіргідей арнайы мекемелерден білім алмаса да дала мектебінен өткен, өмір өзі оқытып, үйреткен ғой. Бабаларымыз қыстау мен жайлауға көшіп-қонуға ыңғайлы етіп киіз үйді қолданғанын білесіздер. Ал, неліктен үйді киізбен жауып, ішіндегі төсектерге де қой жүнін қолданды деп ойлайсыздар? Себебі, қой жүнінен жаслаған жабдық бар жерге құрт-құмырсқа, жылан, шаян секілді зиянды жәндіктер жоламайды. Міне, сондықтан біздің халық дархан даланы емін-еркін, жайлап, кезкелген жеріне қоныстанғанда үйінің сыртын түгелдей киізбен қымтап, ішіне де керегесіне түскиіз ұстап, жерге киіз төсеп, оның үстіне ішіне қой жүні салынған көрпе-жастықты қолданған. Бұл зиянкестерден қорғаса, екіншіден суық өткізбейтін жылы болады. Сондай-ақ, қой жүнінен жасалған төсек буын, бел ауруларына да ем, – дейді Гүлнара Еділбайқызы.

Тігін цехындағы құрал-жабдықтармен және ондағы жұмыс барысымен таныстырған колледждің аға шебері Роза Масадыкова бір киімнің өзі бірнеше бөлімдерден өтіп барып, дайындалатынын көрсетті.

– Тігін шеберханамыз киімді сызып, жобасын арнайы қағазға түсіріп, қиып алудан басталады. Бұл жерде киімнің сұлбасын өте жоғары дәлдікпен арнайы қағазға автоматты түрде түсіретін құрылғы плоттер орналасқан. Керекті үлгі осы эксперименталды бөлімнен дайындалып шығады. Содан соң, пішу бөліміне апарылып, пішімі қиылып, дайын болғаннан соң тігін бөліміне жіберіледі. Пиджаг, пальто, плащ секілді киімдерді жаға, жеңі, иықтарын және өңірін, қалталарын тік, қатты етіп тігу үшін желімдік маталарды орнықтыратын бөлек машина бар. Сол секілді түймелерін қадап, түймеліктерін тесіп, шеттерін біртегіс етіп тігетін машина да бөлек болады. Цехымыз осындай әр бөлікті тігетін машиналармен түгел қамтамасыз етілген. Мұндағы әр машина 10-20 адам тігетін бұйымдарды бір өзі бірдей етіп тігіп шығады. Сондай-ақ, көптеген киімдерді үтіктеуге арналған құрылғы да бар. Әр құрылғыда бір маманнан отырады, – дейді Роза Құралбайқызы.

Арнайы үлгі жасаушы Айгүл Жошиева тапсырыс берушінің сұранысына қарай киімнің дизайнын жасайды. Үлгісін әзірлеп, тапсырыс берушіге көрсетіп, олардың көңілінен шықса, пішімін тиісті өлшемімен шығарады. Айгүл Болатжанқызының айтуынша, бұл цехта киім жуғанда тарылып немесе қысқарып қалмауы үшін, сапалылығын сақтау мақсатында матаны алдын ала дайындайтын машина да бар. Яғни, мата қиылмай тұрып ылғалды жылулықпен пішуге әзірленеді.

– Осы колледжде тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығы бойынша ІІІ курста оқып жүрмін. Қазір тігін цехында мемлекеттік іс тәжірибеден өте жүріп, дипломдық жұмысыма күздік пальто тігіп жатырмын. Мұнда мен тегін оқумен қатар, шәкіртақы аламын. Айта кетейін, студенттер жатақханамен, тегін тамақпен де қамтамасыз етілген. Біздің оқығанымызды іс барысында үйрету үшін осы тігін цехының ашылғаны үлкен қуаныш болды. Бұл жерде қажетті құрылғылармен, машиналармен түгел жабдықталған, кәсіби деңгейде білім алуымызға барлық мүмкіндік жасалған. Цехта іс тәжірибеден өтіп, тігіншіліктің қыр-сырын үйренгенде тапсырыс түссе, ұстаздарымызбен бірге жұмыс істеп, атқарған еңбегімізге қарай ақымызды да аламыз, бұл да студент үшін үлкен көмек. Бұйыртса, болашақта өз брендіммен түрлі киімдер өндіретін кәсіпкер боламын деген мақсатым бар, – дейді цехта іс тәжірибеден өтіп жүрген студент Мадина Эсагали.

Колледж басшысының айтуынша, «Жас маман» жобасымен оқу орнының жанынан кәсіпорын ашылғаннан кейін Бизнес-инкубатор ашу керек. Бұл қазір Бетқайнар колледжінде жоспарлануда. Негізінен ауыл адамдары, колледжді бітірген түлектер бизнеске икемделемін десе, арнайы мамандарды тартып, тиісті кеңестер беріледі. Жеке іс бастауда қандай кедергілер кездеседі, неге дайын болу керек, қандай салықтар төлейді және қарызға кіріп кетпеу үшін нені білу керек, осылардың бәрін қамтып, қаржылық сауаттылық бойынша Бизнес-инкубаторда білім беріледі. Сонымен қатар, Бизнес-инкубаторда білім алушы осы цехта да жұмыс жасай береді. Өзінің жеке ісін ашқанда қиналмай бірден бастап кетуі үшін барлығын осы жерден үйреніп кетеді.

Айта кетейік, облысымызда «Жас маман» жобасына 11 колледж кірген. Сол колледждердің барлығында осындай кәсіпорын немесе шағын шаруашылық ашылып, дәл осылай кәсібилік үйретіліп, мамандық алғандарды жұмыспен қамтыса, елдің әлеуетін көтеріп, экономиканы дамытуға серпін берер еді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай ауданы