Жаңалықтар

Аудандардың алғашқы әкімдері

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс экономикасының жетекші саласы – ауыл шаруашылығындағы өзгерістер оңай жолмен жүрген жоқ. Ол кез «Ақ жол» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болған мен сол тұста өткен облыстық жиын-кеңестердің, аудандарда, шаруашылықтарда ұйымдастырылған әртүрлі семинарлардың бәріне дерлік қатысушы, мақалалар жазып, басылым беті арқылы елге жеткізуші болдым. Төмендегі естелігім Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі алғашқы жылдағы оңды өзгерістерге бастаған оқиғалар жөнінде.

1992 жылдың 2 қаңтарында Ресейде басталған бағаның ырықтандырылуы республика ауыл шаруашылығындағы дағдарыстың басты себебі болды. Өйткені, ұжымшарлар мен кеңшарлардың басшылары саланы материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі байланыстар үзілген жағдайда жұмыс істеуге әзір болмай шықты. Мұндай ахуалдың салдары біздің облыста да айқын байқалып, қалыптасып отырған күрделі жағдай, 30 қаңтарда өткен қаланың, аудандардың, ұжымшарлар мен кеңшарлардың, облыстық мекемелер мен ұйымдардың басшыларының кеңесінде кеңінен талқыланды. Кеңесті халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы Өмірбек Байгелдінің өзі жүргізіп отырды. Ардагерлер болмаса, қазіргі жас буынның біле бермеуі мүмкін, содан да түсіндіре кетелік. 1991 жылдың 7 қыркүйегінде өткен Қазақстан Компартиясының төтенше және кезектен тыс съезінде Компартияны тарату жөнінде шешім қабылданып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы деген лауазым да жойылған. Осы қызметті 1990 жылдың шілде айынан бері атқарып келе жатқан Өмірбек Байгелді облыстық кеңестің төрағасы, ал, Кеңес Әубәкіров оның бірінші орынбасары болып сайланған болатын. Баяндаманы да осы Кеңес Аманұлы жасады.Облыстың аграрлық секторындағы жағдай өте алаңдатарлық екені, басшылардың жаңа жағдайға бейімделе алмай жатқаны қатаң сын тезіне алынды. Басқосуда Луговой (қазіргі Т. Рысқұлов) ауданындағы Жамбыл атындағы ұжымшардың төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жигули Дайрабаев, Свердлов (ол кез әлі Байзақ атын ала қоймаған) ауданындағы Жамбыл атындағы кеңшардың директоры Сәлке Ахтанбердиев, осы аудандағы «Трудовой пахарь» ұжымшарының төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Александр Львович Нахманович, Талас аудандық кеңесінің төрағасы Ералы Дадабаев, Жамбыл ауданындағы XXII партсъезд атындағы ұжымшардың төрағасы Арнольд Лазаревич Костянкин және басқалар сөз сөйлеп, қиындықтарды еңсеру бойынша өздерінде қандай шаралар қолға алынып жатқанын баяндады, ойларын, жоспарларын ортаға салды, ауыл шаруашылығын қатты күйзеліске әкеп соқтырып, шаруашылықтарға шыр бітірмей отырған өнеркәсіп салалары өнімдері бағасының өсуі екенін атап айтып, ұқсатушы кәсіпорындармен қарым-қатынас проблемаларын қозғады.

Үлкен пікірталас өрбіген жиналыстан жазылған есеп «Ақ жолдың» 1992 жылғы 1 ақпандағы санында бірінші бетке «Ауылдағы өзгерістердің бағдарлары» деген тақырыппен жарияланды. Оны аудандарды басқаруға жігерлі, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адамдар келмей жұмыс жүрмейтіні жайлы тілші түйінімен аяқтаған едім. Мен ғана емес, кеңеске қатысушылардың қай-қайсы да көп ұзамай-ақ үлкен кадрлық өзгерістер болатынына сенді және қателескен жоқ.

Арада аз уақыт өткенде, 7 ақпанда сол кездегі ҚР Президентінің «Экономикалық реформа жағдайында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару органдарының ұйымдастырылуы мен қызметін жетілдіру туралы» Жарлығымен елімізде әкімдік басқару институты енгізілді. Ал, 12 ақпандағы Жарлығымен Өмірбек Байгелді Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.

Өзі туып-өскен Әулиеата өңірінде ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған, адамдарды жақсы білетін Өмірбек Байгелді өз кезегінде аудан әкімдерін тағайындауға үлкен жауапкершілікпен қарады. Бірқатар аудандарда іргелі шаруашылықтарды басқарып, өздерін елге таныта білген басшылар аудан әкімі болды. Олар кімдер еді?

Қала іргесіндегі Свердлов ауданына көрші Жамбыл ауданының Крупская атындағы ұжымшарын көп жыл жақсы басқарған Смағұл Әбілековті әкім етіп тағайындады. Экономикасының негізгі саласы ауыл шаруашылығы болып келетін ауданды Смағұл Беспайұлы жаман басқарған жоқ. Артына жақсы атын, жарқын ізін қалдырды.Осының айғағындай көзі тірісінде «Ауданның Құрметті азаматы» атағын алса, қайтыс болғаннан кейін Сарыкемер ауылындағы А.Матросов көшесіне есімі берілді.

Қордай ауданына осы өңірдің тумасы, «Алмалы» кеңшарының директоры болып істеп, шаруашылықтың экономикасын көтеріп танылған Құрманғали Уәлиев алғашқы әкім болды. 1995 жылға дейін ауданды табысты басқарды. Сол жылы көршілес Шу ауданына әкім болып ауысты. 1998 жылы қайтадан Қордай ауданына әкім болды. Қызметіне берілген жоғары баға – Құрманғали Уәлиев 2007 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланды.

Аудан әкімінің орынтағына отырған тағы бір директор – Бағлан Жиеналыұлы Қарашолақов өзі туып-өскен Мойынқұм ауданының тізгінін қолға ұстар алдында Фурманов (кейін Жазылбек Қуанышбаев атын алған) кеңшарының директоры болып істеді. Мойынқұмды басқарған жылдары жақсы істерімен танылған Бағлан Жиеналыұлы кейін Меркі, Шу, Жуалы аудандарының да әкімі болды. Өзі басқарған осы төрт ауданның да Құрметті азаматы Бағлан Жиеналыұлы облыстық тәртіптік кеңесті де басқарды, облыстық мәслихат хатшысы да болып істеді. Қазір де Жамбыл облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Шалғай өңір – Сарысу ауданының алғашқы әкімі болған тағы бір директор Әбдіманап Бапанұлы Көпбергеновтің мамандығы зоотехник, «Сарысу» кеңшарын алты жыл басқарған. Аудан әкімі болып істеп жүргенінде баламалы сайлауға түсіп, 1994 жылы XIII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңеске, ол таратылғаннан кейін Парламент Мәжілісінің алғашқы шақырылымына депутат болып сайланды. Депутаттық мерзімі біткен соң 1999 жылдың желтоқсан айынан ҚР Парламенті Мәжілісінің аппаратында ауыл шаруашылығы хатшылығының сектор меңгерушісі, меңгерушінің орынбасары болып істеп, 2010 жылы зейнеткерлікке шыққан.

Астықты Луговой ауданының тұңғыш әкімі болып тағайындалған Сәбит Сұлтанұлы Садықов бұған дейін даңқы дүрілдеп тұрған «Подгорный» астық кеңшарын басқарған болатын. Мамандығы бойынша ғалым-агроном, экономист. Ауданды 1996 жылға дейін басқарды.

Облыстың қалған төрт ауданының әкімдері аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары, партия тарағаннан кейін аудандық кеңес төрағасы болып істеп келе жатқандардан тағайындалды. Бұлар да шаруашылықтарды, облыстық мекемелерді басқарып, мол тәжірибе жинақтаған басшы-мамандар болатын. Өзі туып-өскен Меркі ауданының алғашқы әкімі Өмен Қырғызбаевтың мамандығы агроном, экономика ғылымдарының кандидаты еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын алты жыл басқарған. Жамбыл ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының директорлығынан Меркі аудандық атқару комитетінін төрағасы қызметіне ауысып, істеп жүрген кезінде әкім болып тағайындалып, 1995 жылға дейін істеді, денсаулығы болмай, науқастанып, қайтыс болып кетті.

«Ойық» кеңшарына директорлық етіп, 1990 жылы Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін аудандық кеңес төрағасы болып істеген Ералы Дадабаев та алғашқы әкімдердің бірі еді. Бұл қызметте екі жыл болып, 1994 жылы зейнет демалысына шықты. Осы аз уақыт ішінде көп іс тындырды. Соған сай құрмет те осал болған жоқ. Бұл жайында газетімізде кеңінен жаздық. Үкімет дербес зейнетақы тағайындады. Орнына осы ауданның тумасы, «Бөлтірік» агробірлестігінің директоры Балтабай Бекежанов тағайындалды.

Қалаға жақын орналасқан Жамбыл ауданының әкімі болып тағайындалған Юрий Николаевич Морозов 1989 жылдан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін аудандық кеңестің төрағасы болып істеген. Әкімдік қызметі небәрі бір жылға ғана созылды. Өмірі қайғылы жағдайда үзілді. Оқиға былай болған еді. Ю.Н.Морозов пен орынбасары Талас Әбдіқұлов екеуі жұмыстан кейін аудандағы іргелі шаруашылық «Ақкөл» ұжымшарының төрағасы Виктор Кимнің үйіне келген. Кешкі тамақ үстінде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған сәттерінде бетперде таққан, мылтық пен қанжарлармен қаруланған қарақшылар үстерінен баса көктеп кірген. Қылмыскерлермен айқас кезінде қатты қарсылық көрсеткен Ю.Н.Морозовқа оқ тиіп, сол жерде қаза тапқан. Ал, Әбдіқұлов қолынан жараланған. Сол тоқсаныншы жылдары қазіргі Таразда жеті бірдей ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етіп, елдегі ең криминальный қала атандырған. Аудан әкіміне қастандық жасаған қылмыскерлер, әрине, жазасыз қалған жоқ. Басшылары ұсталып, ату жазасына кесілді, үкім орындалды. Қалғандарының бірі қашып жүргенінде ұстау кезінде жанталаса қарсылық көрсетіп оққа ұшты. Өзгелері құрықталып лайықты жазаларын алды.

Жамбыл ауданының әкімі болып Ю.Морозовтан кейін Владимир Иванович Синельников тағайындалды, бірақ ұзақ отырмай, қызмет ауыстырып, орнына аудан тумасы Досжан Тоқбергенов келді.

Табиғаты бөлек Жуалы ауданының тұңғыш әкімі осы өңірдің тумасы Еркінбек Солтыбаев бұл қызметке келер алдында 1986 жылдан Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы, кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген. Жуалы ауданында 1995 жылға дейін әкім болған ол Жамбыл облыстық әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы, екінші, үшінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихат депутаты, тексеру комиссиясының төрағасы болып істеді. 2016 жылдан облыстық ардагерлер кеңесін басқарып келеді.

Шежірелі Шу ауданының әкімі болған Аманкелді Карентаев алдында осы ауданда бірінші хатшы, аудандық кеңес төрағасы қызметін атқарды. Экономикасы сан салалы болып келетін, басқару аса қиынға түсетін аудан 1992 жылы дәнді дақылдар тұқымын 110 мың гектарға дейін себуді қамтамасыз етіп, нәтижесінде астық мол алынды. Сол мол астықтан алынған 4000 тонна ұнды нан тапшылығын көрген Монголияның негізінен қазақтар тұратын Баян Өлгий аймағына жөнелтіп, орнына 76 мың бас қой алынды.

Қант қызылшасын өсіруде шетелдік технологияларды енгізу мақсатында Францияның «Сюкдден Кери» фирмасымен әріптестік байланыс орнатылды. Ауданның экономикалық дамуынан бөлек, рухани және мәдени саласында жақсы өзгерістер болды. Кіндігі осы ауданның Жайсаң жайлауында кесілген ұлы би – Төле бидің 330 жылдық мерейтойы өткізіліп, тұңғыш еңселі ескерткіші тұрғызылды. Аудан орталығының Новотроицкі деген аты өзгертіліп Төле би ауылы атанды. Шу ауданын бес жыл табысты басқарғаннан кейін Аманкелді Карентайұлы қала іргесіндегі Свердлов ауданына әкім болды. Келісімен ел тілегімен ауданға Байзақ ауданы деген ат берілуіне қол жеткізді. Ауданның экономикасы ғана емес, әлеуметтік-рухани өмірінде де көптеген игі шаралар атқарылды. Ауданнан кейін он жылдан астам облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Еңбегінің, батыл ізденістерге барғанының бағасы Шу, Байзақ, өзі туып-өскен Мойынқұм аудандарының, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағын алды.

Көрініп тұрғандай, ауыл шаруашылығын терең дағдарыс орын алған 1992 жылы атқа қонған аудан әкімдерінің осал еңбек еткендері болған жоқ. Ең бастысы, өткен кезеңде өздері басқарған өңірлерде тұрақтылық сақталуын қамтамасыз ете білді.

Аудан әкімдерінің өз міндеттеріне жаупкершілікпен қарағандықтарының, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың таңдап алынған бағыттарының дұрыстығын әрі табандылықпен жүзеге асырылғандығының дәлеліндей, 1993 жылы облыс дағдарысты жағдайда ірі табысқа қол жеткізе алды. Баспасөзде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қой шаруашылығында жоғары нәтижелерге жеткен Жамбыл облысына жолдаған құттықтауы жарияланды. Облыс өз тарихында тұңғыш рет бір миллион бес жүз қырық жеті мың қозы алып, республикада бірінші орынға шыққан болатын.

Әр жүз саулыққа 103-тен төл ерді. Бұл облыс тарихында бірінші рет қол жеткізіліп отырған ең жоғары көрсеткіш еді.

Осы еңбек жеңісіне байланысты 16 маусымда Тараз қаласындағы орталық стадионда үлкен шара – озаттарды құрметтеу шеру-тойы ұйымдастырылды. «Қойы көптің – тойы көп» дегендей тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары өткен шараның ұлттық мазмұнға бай болғаны ерекше есте қалған еді.

Сол кезгі астанамыз – Алматыдан келген Нұрғиса Тілендиев оркестрі, Алтынбек Қоразбаев, Құдайберген Сұлтанбаев және басқалар сахна төрінен күй төгілдіріп, ән шалқытып, күлкіге қандырды.

Осы шеру-тойдан жазған «Дала ерлері қалада қауышқан күн майталмандар марапатталып, ардагерлер құрметтелген мерекемен айшықталды» деген тақырып қойылған репортажымды «Ақ жол» газетінің 18 маусымда шыққан санында бірінші бетіне берді.

Бұл жылы облыс мал шаруашылығында түліктің барлық түрінің санын өз төлі есебінен өсіру жоспарлары артығымен орындалды. Екі жыл бойы дәнді дақылдардың түсімі жоғары болды. Сол 1993 жылдың өзінде 724 мың тонна орнына 781200 тонна астық бастырылды.

Аудандардың алғашқы әкімдері атқа қонған 1992 жыл – ауыл шаруашылығы саласындағылар дағдарысты жағдайда да еңселері түспей еселі еңбек еткен кезең ретінде облыс тарихында қалды.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.