таудағы ауыл еңсесін көтеріп келеді
таудағы ауыл еңсесін көтеріп келеді
Қаратау ауылдық округінің әкімі Байдүйсен Кенжеевтің тұрғындар алдындағы есебінде округте өткен жылы атқарылған тірліктер кеңінен сөз болды. Құрамында екі елді мекен кіретін округте 1654 адам тұрып жатыр. Оның 929-ы еңбекке жарамды, 357 адам мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді, 131 адам – зейнеткер. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі біртіндеп шешімін табуда екен. Мәселен, өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында мұнда бірнеше әлеуметтік жоба қолға алынды. Сегіз жұмыссыз азамат мал шаруашылығын дамыту мақсатында «БанкЦентрКредит» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы арқылы 6 пайызбен 12,5 миллион теңге несие алды. Ал жеке кәсіпкер Қайсар Мелдебеков наубайхана ашып, Есейхан мен Қасқабұлақ ауылдары тұрғындарын нанмен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда екі адам жұмыспен қамтылған. Осы бағдарлама бойынша несие алған тағы бір ауыл тұрғыны желден және күннен қуатын алатын электростансасын орнатса, тағы 1 жұмыссызға мал суғаратын құдық қазып берілді.
Ауыл шаруашылығы жерлерін игеру мақсатында 2013 жылы ауылдық округте 678 гектар егістік жер болса, былтыр тағы 500 гектар жер игерілген. Мұның өзі ауыл тұрғындарының егін және мал шаруашылығын дамытуына қолайлы жағдай туғызуда. «Бақытжан» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 500 бас мал бордақылайтын кешен мен мал сою алаңын салып, қазір құжаттарын рәсімдеу үстінде. Ал «Рахманқұл» шаруа қожалығы «КазАгрофинанс» АҚ-нан «МТЗ» тракторын лизингке алды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Есейхан ауылындағы Айбосын, Толыбай, Қарашат көшелері мен Қараой ауылындағы Байжан көшесіне жарық орнатылды. Енді округтегі басты көкейкесті мәселе – ауыз су мәселесі. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін «Ауыз су» бағдарламасына Есейхан ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Осы ауылда 120 балаға арналған мектеп құрылысына 100 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталуда. Өткен жылы ауыл тұрғындары осындай жақсылықтарға қол жеткізді, – деді тұрғындар алдындағы есебінде ауыл әкімі Б.Кенжеев. Жарыссөзге шыққан ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Рақышұлы Қараой ауылының кіреберісіндегі 8 шақырым тас жолын күрделі жөндеуден өткізіп, осы жолды аудандық мәндегі автокөлік жолдар есебіне алуды ұсынды. Ал Талас ауданының Құрметті азаматы Ә.Нұрақанов Қараой ауылындағы Шабақты өзеніне автокөлік көпірі үшін қаражат бөлуді айтса, «Шәңке» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмабеков Шабақты әуітін күрделі жөндеуден өткізуді алға тартты. Ауыл тұрғындары ауыл әкімінің есебіне қанағаттанарлық деп баға берді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Есейхан ауылы, Талас ауданы.