Жұртшылықты алаңдататын жағдай көп
Өкінішке қарай, өңірде жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр. Мәселен, өткен жылы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны 26 болса, биыл нақ осы санаттағы заң бұзушылықтар 3,8 пайызға өскен. Атап өтерлігі, бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың басым бөлігі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу секілді фактілерден құралған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен алқа отырысында қоғамды алаңдатқан осынау мәселе кеңінен талқыланды.
Жиынға облыс әкімдігіне қарасты басқарма басшылары, аудан әкімдері, колледж, мектеп директорлары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев балалар мен жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – баршаның міндеті екенін баса айтты.
Аймақ басшысы оқушылар арасындағы буллинг, кибербуллинг, құқықбұзушылық пен өз-өзіне қол салу деректері жұртшылықты алаңдататынын жеткізді.
–Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың күрт артуына ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы, жасөспірімдердің компьютерлік ойындарға әуестенуі, құқықтық сауаттың төмендігі және олар үшін бос уақыттың тиімді ұйымдастырылмауы себеп болып отыр. Соның салдарынан, өңірімізде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен оқушыларға қатысты қылмыстар саны арта түскен. Оның ішінде, ауыр санаттағы қылмыстар да бар. Осы жылдың өзінде бірнеше отбасы қайғылы жағдайға душар болды. Мұның бәрі ата-ана, мектеп ұжымы мен құзырлы органдардың дер кезінде тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізбегендігінің белгісі. Осы ретте барлық мүдделі органдарға қатаң талап қойылуы қажет. Бұл мақсатта ең әуелі жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Жалпы, мектеп оқушылары мен құқық қорғау органдары өкілдерінің арасында кері байланыс орнатылуы – түрлі деңгейдегі қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Білім басқармасы облыстық прокуратурамен бірлесіп, ұлттық құндылықтарға толы тәрбиелік мәндегі бейнероликтерді әзірлеп, оның көпшілік назарына ұсынылуын ұтымды ұйымдастыруы тиіс, – деген Ербол Шырақпайұлы білім нысандарындағы бейнебақылау камералары оқу ошағындағы әрбір бұрышты қамту қажет екенін еске салды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста кәмелетке толмаған 245 бала тәрбиеленіп отырған 120 жайсыз отбасы бар. Ең сорақысы, мектеп жасындағы балалар тұратын дәл осы жайсыз отбасыларға қатысты істер тек қағаз жүзінде жүргізіліп келеді. Мәселен, қолданыстағы заңда көрсетілген медициналық әлеуметтік есепке алу қызметінің арнайы базасы жоқ. Осыған орай, облыс әкімі білім басқармасына жаңа оқу жылына дейін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, арнайы база бойынша ұсыныстар беруді жүктеді.
Сондай-ақ, жиында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы жас өскіннің бүршік жармай жатып қылмысқа баруы жиілегенін жеткізді. Ведомство өкілі Т.Рысқұлов, Сарысу, Байзақ және Меркі аудандарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен ауыр және аса ауыр қылмыстардың болуы, орны толмас қайғылы жағдайларға алып келгенін ашық айтып, екі ай бұрын өткен облыс прокуратурасының алқа мәжілісінің шешімімен құрылған арнайы топ, кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлқына қатысты бірқатар бұзушылықтарды анықтағанын атап өтті.
– Бұл күнде аумақтық комиссиялардың қызметі формалды сипатқа ие. Мысалы, комиссия жұмысы Т.Рысқұлов, Сарысу мен Байзақ аудандарында еңбек өтілдері бір жылға да толмаған аудан әкімі аппаратының мамандарына қосымша жүктеме ретінде бекітілген. Аталған мән-жайлар осы аудандарда кәмелетке толмағандармен жұмыс екінші жоспарда екенін растайды. Сонымен қатар, комиссиялардың шешімі өз деңгейінде орындалмайды. Комиссия төрағаларының тарапынан қандай да бір бақылау жоқ. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция қызметінің талдау нәтижелері комиссия жұмысының тиімділігі шамалы екенін көрсетті. Нәтижесінде, осы жылдан бастап жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейінің күрт өсуі байқалды. Профилактикалық жұмыстардың әлсіз жүргізілуіне мектептерде инспекторлардың жоқтығы да кері әсерін тигізуде. Бірнеше мектепке бекітілген инспектор барлық оқу ошағындағы жағдайдан бейхабар күйде болады. Бұған Байзақ ауданы, Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орын алған қайғылы оқиға дәлел, – деген Н.Ұласбекұлы аталған жағдайға қанық мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамағанына тоқталды.
Естеріңізге салсақ, өңірімізде былтырдан бері «Бестерек» жобасы іске қосылды. Мақсат – жеткіншектер арасындағы жанжалдарды жою. Бүгінде осынау жоба шеңберінде құзырлы органдар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуде тың тәсілдерді қолдануда. Соның нәтижесінде, аудандарда еш себепсіз сабаққа бармауды әдетке айналдырған оқушылар анықталған.
Жиын соңында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев бірқатар аудан әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, білім ошақтарында орын алған құқықбұзушылықтарды жасыруға әрекеттенетін мектеп басшылығы жазасыз қалмайтынын қатаң ескертті. Сондай-ақ, облыс әкімі жауаптыларға қылмыс жасауға бейім жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру негізінде олардың ата-аналарының келісімімен түзеу мекемелеріне экскурция ұйымдастыруды тапсырды.
Есен ӨТЕУЛІ