Көршілердің татулығы
Көршімен тату тұру сауапты әрі жауапты міндеттің бірі. Ауылы аралас, қойы қоралас адамдардың кейде алыс ағайыннан да артық екені ақиқат. Өйткені, отбасыңда қуаныш бола қалса, шаттығыңа ортақтасып әуелі шаңырағыңнан табылатындар да көршілер.
Көршің қашықтағы туғаның тойыңа көлігін сайлап, көйлегін дайындап келемін дегенше, қазаныңды қайнатып, бауырсағыңды пісіріп қояды. Сол себепті, халқымыз «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деген. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деген тағы бар. Барыңды көре алмай күндейтін ағайыннан гөрі жоғыңды түгендейтін, тілеулес көршің жақсы екенін өмір көрсетіп келеді.
Түтінің қатар шығып, түлігі тең жайылатын бір көше тұрғындарымен ылғи да ынтымағың жарасуға тиісті. Олармен кейде болмашыға немесе өзге де мәселеңмен араздасып қалатын кездер де орын алады. Бірақ, сол өкпе- ренішті ұмытып, сіз-біздесіп сыйласқан жөн. Өйткені, күнде көрісетін адамыңмен көпке дейін бір мәмілеге келе алмау адами асыл қасиетіңе сын. Бұл ретте қос көршінің бір-бірімен араласпай, ұзақ дауласып жүруіне ауылдың үлкендері жол бермеуге тиісті.
Бүгінде тауығы шоқысып, иті ырылдасса да ынтымағын бұзатындар бар. Баласы төбелессе соттасып, соңында бет көріспей кететіндер де аз емес. Әсіресе, мұндай келеңсіз жайттар қалалық жерде көптеп кездеседі. Ал, ауылдағы ағайындардың басым бөлігі мұндай араздыққа бара бермейді. Олар дау-дамайды өзара шешуге тырысады. Қай кезде де көршімен тату болғанның төрт құбыласы тең болатыны шындық.
Нұржан ӘЛІШ