Шайыр аманаты
Шежіре айтушы, алдыңғы ғасырларда жасаған ақындардың әдеби мұраларын жеткізуші Мұрат молданың қолымдағы қолжазбаларын болашақта толығымен жарыққа шығарамын. Себебі, түпнұсқалар. Шу өңірінде XIX-XX ғасырларда ғұмыр кешкен ақын-жыраулар мен би-шешендердің өлең жолдарын, қазақтың қисса-дастандарын жатқа білгендіктен өз қолымен хатқа түсірген.
Менің ауылымда өмір сүрген кісілердің әңгімесін, олардың ішінен дара шыққан ақындардың өлеңдерін маған талай рет жатқа айтып берген. Сауытбектің өлеңдерін көп оқитын. «Қазақбайдың Алматыда қамалғандағы айтқан өлеңін», «Бармақ ақынның өлеңін» парақтап отырып, «сенің ауылыңда тұрған, сенің ауылыңдағы сәрүйсін, шымыр аталарың» деген сөздері әлі күнге дейін құлағымда. Мұрат молда атанған шежіреші ауылыма қатысты дүниелерді айтқанда әжептеуір көңілім көтеріліп қалатын. Жасынан Шу бойындағы ақын-жыраулардың әдеби мұраларын жинаған шайыр Жамбыл облысы, Шу ауданы, Еңбек ауылында өмір сүрген. Өмірінің соңына дейін имандылық жолымен ел ішінде уағыз айтып, туған жеріндегі ауыл адамдарын тура жолға бағыттаған.
Сәлімбаев Мұрат Әбдірәшитұлы 1950 жылы 8 шілде күні Қорағаты ауыл советінің Еңбек ауылында дүниеге келген. Онжылдық мектепті «Дружба» совхозының орталығында тәмамдаған. 1968-1971 жылдары Жамбыл малдәрігерлік техникумын бітірген. 1971-1972 жылдары жолдамамен Мойынқұм ауданының Шу қаракөл қой совхозында малдәрігері болып қызмет атқарған. 1973 жылдан бастап «Дружба» совхозында малдәрігері болып еңбек еткен. Одан кейін ветстансада екі жыл жұмыс істеген.
Мұрат ақын – 2023 жылы дүниеден өтті. Өзі жазғандай «әдебиет әуесқойы, халық қазынасын жинақтаушы, шежіреші, шайыр». Көзі тірісінде Оңтүстік пен Жетісуды аралап, қазақтың ең айтулы тұлғаларының тойларында өлең оқып, үлкен астарда арнайы қонақ болған.
Шу өңірі Мұраттың есімін ел ішінде атқарған діни қызметі мен шариғат жолындағы берік ұстанымдары үшін және хат танып, көнекөз қариялардан ауызша үйренген Шу өңіріндегі атақты ақындардың өлең жолдарын жатқа айтып жүргені үшін Мұрат молда деп атап кеткен.
Шежірешінің үйінен Астанадан арнайы келетінмін. Барғанда Қазақбайдың өлеңін қалай қолыңызға түсірдіңіз, кімнен алдыңыз, кімнен үйрендіңіз деп сұраймын ғой. Он бір жылда атамның өлеңінің, тек бір бетін ғана суретке түсіртуге рұқсат берген еді, жарықтық. Өз қолымен жазған «Қазақбайдың Алматыда қамалғандағы айтқан өлеңінің» түпнұсқасының осы бір суреті көңіліме көп жыл медеу болды. Жарықтық, тірі кезінде қолжазбасын маған бермеп еді. Дүниеден өтерінде Шу ауданында көп жыл бас имам болған Аят молдаға аманат етіп «Әлқуатқа бер» деп тапсырған екен. Аят имамды Шу өңірі өте жақсы таниды, ерекше құрметтейді. Мұрат молда дүниеден өтерінде қолжазбаларын, өзі оқыған кітаптарын бір жерге жинап қойыпты. Имамға «қырқым өткен соң Астанадан Әлқуат келеді, аузы бекітілген қорапты өзі ашады» деп айтқан екен. Осы сөзді естігенде көзіме жас келді. Ішім алай-дүлей болып, атамның ғана емес, Шу өңірі ақындарының әдеби мұрасының қолжазбасы қолыма тигені мені есеңгіреткендей халде болдым. Бұл қуаныш сезімі еді.
Еңбек ауылының көз көрген қариялары, өзім жақсы танитын журналист Несіпхан аға және көрші-қолаң Аят молданың сөзіне құлақ салып, осы жылдың наурыз айында Мұрат молданың шаңырағында бәріміз бас қостық. Алтын жеңешем де бала- шағасының алдында аталарының мұрасы жоғалмайтынына көзі жеткендей қуанышты сезімде болды. Мұрат молданың ұлы Мәлік әкесінің мұрасын көтеріп әкеліп алдыма бір-ақ қойды. Содан бері оқитыным осы дәптерлер. Ескі, сарғайып кеткен қағаздар. Телміріп қарап отырып иісі әбден бойына сіңген жасыл, қоңыр, көк дәптерлерге үңілемін.
Алғаш рет Сәкен Сейфуллин туралы Мұрат молданың өз аузынан 2012 жылы жазып алған едім. Бейне таспаға түсіретін арнайы камераның алдына жайғасқан Мұрат молда: «Сауытбекті Сәкен Сейфуллин КГБ-дан құтқарып аман алып қалған. 1931 жылы Сауытбек сал Сәкен Сейфуллинге өлеңдетіп хат жазады. Сауытбектің хатын жеткізген соң осы Сауытбек, басқа да ақындарға Сәкен Сейфуллиннің көмегі боп, қамаудан босатылып, көбісі жер аударылып кетті. Оны (Сауытбектің С.Сейфуллинге жазған өлең хаты – Ә.Қ.) Сауытбектің Балым деген әпкесінен туған жиені Смайыл Қалипанов Сәкенге апарып береді.
«...Бір Құдайға бар шығар,
Айып-қате, мініміз.
Алпыс бірге келгенде
Ел ішінде қуғын жеп,
Осылай болды күніміз» – деп әндете, аса бір екпінмен айтқаны бар еді. Әуені құлағымда. Мен қағазға да жазып алып отырдым. Енді міне, осы тарихи оқиғаның қолжазбасы қолыма тиді. Өлең «Сәкен Сейфуллинге» деп аталады. 1931 жылы сәуір айында жазылған.
1930-31 жылдары ел ішінде Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясаты жүріп, асыра сілтеу дәуірі туғанда Сауытбекті де қуғынға ұшыратып, малы көп байсың деп мазасын алады. Аздаған малдарын алып, жер аударамыз деп әбігерге салады. Осы жағдайды айтып, жиені Смайыл Қалипановты Алматыға аттандырып, Сәкен Сейфуллинге өлеңмен хат жазады.
Қойыпты атымызды алты бек деп,
Алтауында алты тай жоқ мінгенге ерттеп.
Екі кіші бағады елдің малын,
Сонымен күн көреміз ептеп-септеп.
Мал бақтырған байлардың атын мініп,
Ұялып көпшіліктен жүрміз шеттеп.
Бір анадан туылған
Алты бек те тіріміз,
Үшеуі үлкен менімен
Үшеуі кіші ініміз,
Мақұл дейді бесеуі,
Ішінен айтса біріміз.
Аласалау дембелше
Доғалақ қоңыр түріміз.
Пысықтауы мен едім,
Желділеу болды тіліміз.
Бір құдайға бар шығар,
Айып, қате, мініміз.
Алпыс бірге келгенде,
Ел ішінде қуғын жеп,
Осылай болды күніміз.
Үшеуі кіші болғанда,
Үшеуі үлкен ағамыз.
Екеуі егін айдайды,
Сонымен азық табамыз.
Екі үлкен ауыл бағады,
Ынтымақты арамыз.
Екеуміз өлең айтамыз,
Осымен елге жағамыз.
Үй басы бар бір жылқы,
Той-жиынға барамыз.
Жүз он екі уақ мал,
Біріктіріп бағамыз.
Қонақ келсе 4-5 үй
Көрпе жинап үй-үйден,
Мейманға әкеп жабамыз.
Қуғын жедім сол үшін,
Қайтып елге жағамыз.
Тартып алды бар малды,
Шулады қатын-баламыз.
Асыра сілтеу мына тұр,
Қырылып қалса аштықтан,
Адамды қайдан табамыз.
Барлық байлық өлеңім,
Алдыңа барсын өнерім,
Бар болса кешір жазамыз.
Үкіметтің заңы ғой,
Бұйырсақ та атуға,
Жоғары жаққа жағамыз.
Бір атадан он жеті үй,
Естілсе егер жиын-той,
Домбыра ала шабамыз,
Өлең сауық тамаша,
Ән менен күй қызыққа,
Басынан құмар бабамыз» – деп, жиен Смайылға арнап айтқаны:
Ұлдан туған мен едім,
Қыздан туған жиенсің.
Ажалым жетсе тоғайда,
Көметұғын иемсің.
Өлеңім жазған арызым,
Айтарсың істің жүйесін.
Байлар болса жұмсайды,
Түйесі мен биесін.
Зергер білер зер жайын,
Ініме Сәкен сәлемде,
Басымды біраз сүйесін.
Смайыл хатты алып Алматыға келеді. Сұрай жүріп Сәкеннің мекемесін тауып кеңсесіне кірейін десе, алдыңғы бөлмеде отырған хатшы қыз: «Не жұмысыңыз бар еді, мен кіріп айтайын» деп кіргізбейді. Сонда Смайыл отыра қалып мына төмендегі өлеңді жазып қыздың қолына ұстатып «Осы қағазды беріңіз» – дейді. Сонда Смайылдың жазғаны:
Уа, Сәке, әдейі, іздеп келдім Шудан,
Адамбыз малды бағып, дүние қуған.
Әкелдім аманат сөз арнап сізге,
Болған соң негізіміз бірге туған.
Әкелдім нағашымның тапсырмасын,
Тоқтаттым сізге келіп аттың басын.
Өлеңді өлеңменен сізге өткіздім,
Құрбымның жақтырарын, жақтырмасын.
Бұл күнде заготскот қызыметім,
Атқарып өкіметтің бір міндетін.
Бір жауап тілдесуге сізге келдім,
Уақытым жоқ, ұзақ мерзім кідіретін.
Сәкен Сейфуллин Смайыл Қалипановты қабылдап, арызды оқып, әңгімелесіпті. Тиісті орындарға айтып көмегін тигізген екен.
Сауытбек ақынды зерттеген ғалым, филология ғылымының докторы Сейсекүл Исматованың Жамбыл облыстық «Аq jol» газетінде «Ақбөпемен аты шыққан Сауытбек ақын» мақаласында, ақын Сауытбек Ұсаұлы туралы шығармалар мен зерттеулер қамтылған «Сауытбек сал» кітабында бұл тарихи оқиғаны бұрын баяндаған.
Ғалым Сейсекүл Исматовадан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал журналист Қошан Мұстафаұлымен бірге барып сұхбат алғанымызда, Аша бойының ақындары жайлы құнды мағлұматтар алған болатынбыз. Кейінірек ғалымның өзімен хабарласып, Әулиеата өңіріндегі ақындар туралы жұмысымды үзбей жалғастырып отырдым. Сейсекүл Исматова соңғы жазған мақалаларының бірін маған жолдаған еді. Онда: «Қазақбай замандасы, өзімен қатар Шөңгербайға арнап:
Шөңгербай болдың құрбы қатар туып,
Кездескен замананың түрі суық.
Айтамын базыналық деген сөзбен,
Болса да ауыл алыс, көңіл жуық.
Қарашы, қатарыңның қайсысы қалды,
Қырғи тиген шілдей ғып кетті қуып.
Қайратың қатарыңнан кейін емес,
Айтып қой Әдепбайға ақыл қылып.., – деп ауылдағы бала-шағаны тапсырып, заманның өзгешелігін айтып, бақталастықты ұмытып, қатарыңның азайғанына көңіл бөл дейді. Қазақбайдай ақынды ұстар кезде КГБ-ның: «Қазақбай, Шөңгербай мен Берікті ұстасаңдар, қалған халық тырп етпейді» – дегені осы Шөңгербай. Мұны Қазақбайдың өлеңдерін жатқа айтатын Мұрат молда айтып кеткен. Қуғын-сүргін жылдары шарасыз болған Сауытбек ақын әуре-сарсаңға түскенін баяндап, 1931 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Сәкен Сейфуллинге жиені Смайыл Қалипанов арқылы хат жолдайды. Осы хаттың арқасында Сәкен Сейфуллиннің ықпалымен Сауытбек, Қазақбай ақындар қамаудан босатылып, жер аударылады», – деп жазылған.
Мұрат молда тарихи деректерді нақты, шатастырмай айтушы еді. Әсіресе, қуғын- сүргін кезіндегі ел ішіндегі атақты ақындардың тағдырына байланысты айтқандары архив құжаттарымен сәйкес келетін. Осы дәлдігі үшін де мен Мұрат молдаға тәнті болдым. Сондай деректің бірі, қолжазба ретінде ғылым академиясында сақталған тарихи дастанға байланысты.
Халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлы 1924 жылы Шу өңіріне барады. Сол жолы ол менің туып-өскен жерімнен біраз әдеби мұраларды жазып алып қайтады. Ол Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында «Ақбөпе мен Сауытбек» деп сақтаулы тұр. Алпыс алты беттен тұратын бұл қолжазбаны Белгібай 1945- 1952 жылдары аралығында қағазға түсіріп, 1952 жылы 13 қазан күні қолын қойып тәмамдаған. Соңғы парағында өзінің мекен-жайын: «ЮЖ. Каз.обл., Ст. Тюлькубас., к-з. Алгабас. От. Бектурганов Белгибай. 16/I-53.г. деп көрсеткен. Ең соңында «Сауытбектің үйінде жатып жазып алдым. Сауытбек 1936-жылы 66 жасында өлді, ақын болған адам еді» – деп жазған.
Ал, осы тарихи қолжазбаны, дастанды жазып алу үшін Белгібайдың атақты Сауытбек, Қазақбай, Жидебай ақындардың қамаудан шығып, Әулиеатадағы ағайындарының үйінде таңға ән салып, жыр жырлаған 1922 жылдағы кездесуінен басталғанын жұртшылық біле бермейді. Сауытбек салмен үзеңгілес дос болған Шу өңірінің беделді өнерпаздары шешен Жидебай, ақын Қазақбай Жетісу мен Оңтүстікке аты шыққан тұлғалар болған. Көп жыл бойы бірнеше рет қамауға алынып, қудаланған. Ол туралы тарихи деректер жеткілікті.
Осы Сауытбектің «Ақбөпе» дастанын Мұрат молда мүдірмей толығымен жатқа айтатын. Оның айтуында дастан 2015 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын. Оқиғаның да жылдарын дөп айтушы еді.
Естен кетпес қилы заманның зарын хатқа түсіріп, әдеби мұрамызды барынша сақтап бізге жеткізген Мұрат молданың халық ақындарының шығармашылығы мен өмір деректері жайындағы қолжазбаларында Сауытбектің Сәкен Сейфуллинге жазған өлең хаты, Қазақбай, Кенжеқожа, Қылышбай ақындардың өлеңдері, мен туып өскен Абай ауылынан Доспанбет ақынның Оспанәліге айтқан кеуілнәмәсі, Жеті қожа мен Шөкейқыздың айтысы, Жидебай шешеннің қырғыздан тұлпар алып қайтуы жайлы әңгімесі, Бүйенбай мен Әбиірдің айтысы, Қырғыз Қатаған мен Сүйінбайдың айтысы, Сауытбектің Шу бойына ат басын тіреген Тұрар Рысқұловпен амандасуы, Сәдуақас ақынның Доспанбетке жазғандары, Жомарт ақынның Ысмайылға жазғаны, Бапаның Кенже қызбен айтысы, Садыр бидің «Бес кісіге» өлеңі, Смайыл Қалипановтың Қалметке айтқаны, Молла Өзбектің Үсібәлі молламен айтысқаны бар. Барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Әдебиетші қауымға аса бір құндылығы болмауы да мүмкін, бірақ Шу өңіріне, әсіресе мен үшін баға жетпес аса құнды дүниелер. Әрқайсысын оқып шықсаң тарихпен сырласқандай боласың.
Әлқуат ҚАЗАҚБАЕВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан композиторлар
Одағының мүшесі, өнертанушы, қобызшы,
композитор.