Жаңалықтар

Жұқпалы аурудан абай болыңыз!

Адамның паразиттік ауруларының көпшілігі жануарлардан жанама немесе тікелей жолмен жұғады. Ал, бұл адамдарда әртүрлі ауруларды тудырып жатады. Әсіресе, жануарлар мен адам баласына ортақ паразиттік аурулар жаз айларында өршитіндіктен, осы мезгілде сақтық шараларын қатаң ұстану аса маңызды.

Адамда паразиттік жолмен таралатын аурудың бірі – токсокароз. Ол иттер арқылы ауызша жолмен, дөңгелек токсокара құрты арқылы беріледі. Адам ағзасындағы «Toxocara сanis» личинкалары ересек түріне дейін дамымағандықтан, көп жағдайда ауру асимптоматикалық болып табылады. Бірақ, таспа құрты органдар мен тіндердің арасында қозғалу арқылы ағзаның қалыпты жұмысына кедергі келтіреді. Нәтижесінде, адам тыныс алу жүйесінде өнімсіз жөтел мен ентігуді, мидың зақымдануындағы неврологиялық бұзылулар байқалып, аллергиялық реакцияларға және анемияға шалдығу қаупі бар. Ауыр жағдайларда инфекция көру қабілетінің нашарлауына немесе толық жоғалуына әкелуі мүмкін.

Үй жануарлары арқылы берілетін аурудың келесі түрі – эхинококкоз. Инфекцияны кейбір жануарлардың денесінде, негізінен иттерде кейде сирек жағдайда мысықтарда өмір сүретін «Echinococcus» таспа құрты тудырады. Адам ағзасындағы құрт личинкалары бауырда, бүйректе, өкпеде, тіпті, мида кисталар түзеді. Дерттің асқынған түрінде анафилактикалық шок, интракраниальды қысымның жоғарылауы, абсцесс дамуы, органдар мен тіндердегі патологиялық өзгерістер орын алып, бұл мезгілсіз өлімге себепкер болуы мүмкін.

Жазғы маусымда балық түрлерінен де жаныңызға дерт жұқтыру қаупі бар. Мәселен, описторхоз тұқымдасының жалпақ құртын жиі жұқтыратын сазанның нашар қуырылған түрі немесе аздап тұздалған өзге де балықтар саналады. Бұл жағдайда паразиттер бауыр мен ұйқы безіндегі өт жолдарын, өт қабын зақымдайды. Ауру терлеудің жоғарылауымен, аллергиялық бөртпелермен, безгек арқылы, іштің ауырсынуымен, жүрек айнуымен және құсумен, жоғарғы тыныс жолдарындағы қабыну процестерімен көрінеді.

Осы секілді паразитоз ауруы іс жүзінде ішек инфекциясы мен улануға тән белгілермен көрінеді. Паразиттерді жұқтырған адамның тәбеті нашарлайды, іші ауыра бастайды, мезгіл-мезгіл жүрек айнуы мен құсу пайда болады. Бұл жағдайда адам салмағы себепсіз төмендеп, әл-ауқатының нашарлауы мен әлсіздік сезіледі. Сондай-ақ, паразитоз қызба, бөртпе және басқа аллергиялық реакциялар, темір тапшылығы анемиясы, жүйке жүйесінің шамалы бұзылулары түрінде көрінеді.

Ал, аталған паразит түрлерінен қорғану жолдары қандай? Паразиттердің көпшілігі ластанған сумен және тамақпен бірге лас қолдар арқылы адам ағзасына енеді. Инфекциялардың дамуын болдырмау үшін гигиена ережелерін сақтау қажет: қолыңызды үнемі жуыңыз, үйді дымқыл тазалаңыз, жемістер мен көкөністерді мұқият өңдеңіз, бақшада қорғаныш қолғаппен жұмыс жасаңыз. Үй жағдайында ет пен балықты толық дайын болғанға дейін пісіріп, қуыру немесе пісіру керек. Жартылай шикі тағамдар, шикі ысталған немесе аздап тұздалған тағамдар паразиттердің көзі болып табылады.

Эхинококкоз мен токсокароздың алдын алу үшін аула иттері тоқсан сайын арнайы тексерістен өтуі керек. Сонымен қатар, союға арналған ауыл шаруашылығы жануарлары ішкі органдарды міндетті ветеринариялық тексеруден өткізе отырып, арнайы сойылуы қажет. Ал, үй жануарларынан аталған ауру түрлері анықталған жағдайда оларды талапқа сай жою жұмыстарын жүргізген жөн.

 

Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының

бөлім басшысы.