Мәдениет

Облыс әкімі үздік мәдениет қызметкерлерін марапаттады

Бүгін аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев өңірдің үздік деп танылған бірқатар мәдениет және өнер қызметкерлерін салтанатты түрде қабылдады, деп хабарлайды aqjolgazet

Облыс әкімі әуелі сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдің мәдениет саласындағы жеткен толағай жетістіктеріне кеңірек тоқталды.

Сонымен қатар Ербол Шырақбайұлы биыл 17 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге жергілікті және республикалық бюджеттен 3,1 миллиард теңге қарастырылғанын атап өтті. Мұнымен қоса жыл басынан бері республикалық маңызы бар бірқатар мәдени-көпшіліктік іс-шаралардың жоғарғы деңгейде өткендігін айтып, олардың басы-қасында жүрген мамандарға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ облыс басшысы өңірдің үздік деп танылған мәдениет майталмандарын арнайы төсбелгілер мен Құрмет грамотасымен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады.  Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері Ербол Қамбатыров, Мойынқұм ауданы мәдениет саласының ардагері Раушан Жетібаева, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы Ләззат Алдабергенова марапатталды. Сондай-ақ әр ауданның жалпы саны 13 мәдениет қызметкері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Мұнымен қоса 26 маман облыс әкімінің Алғыс хаты мен арнайы грамотасына ие болып, қомақты қаржылай сыйақы алды.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарынан бері біздің өңірдің 130-ға жуық мәдениет қызметкерлері – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, «Мәдениет қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен наградталған.