Экономика

Дүниемізді долларсыз-ақ түгендей аламыз ба?Немесе ұлттық валютаның рөлі

Дүниемізді долларсыз-ақ түгендей аламыз ба?Немесе ұлттық валютаның рөлі

Әлемдік қаржы нарығындағы кейбір сын-қатерлер қазір көптеген елді тәуекелдерге итермелеп жатыр. Естеріңізде болса, Елбасымыз өткен жылғы Тәуелсіздік күніне орай Астанада өткен алқалы жиында алда аумалы-төкпелі заман келе жатқанын және әлемдік саясаттағы дағдарыс пен санкциялар жаһандық экономика үшін тәуекелдерді күшейтуге мәжбүрлеп жатқанын ескертіп, ел алдында екі мәселенің шетін шығарған еді. Оның бірі – ұлттық валютамыз теңгемізге басымдық бере отырып, экономиканы долларсыздандыру. Екіншісі – инфляциялық шектеуге өту. Елбасының мұндай мәлімдемелері бұған дейін де болған. Былтыр өткен Астана экономикалық форумында да жаһан елдерін жалғыз доллардың жетегінде кетпей, әркім өзіне ыңғайлы әрі әділ валютаға көшуді ұсынған. 

Дәл қазір біздің де Үкімет пен Ұлттық банк алдында жаһандық қаржылық операцияларды жетпіс жылға таяу уақыт бойы «билеп-төстеп» келген АҚШ-тың көк қағазын ұлттық экономикадан алшақтату міндеті маңызды болып тұр. Президент тапсырмасы бойынша оның алғашқы негізгі тетіктері де дайындалды. Жалпы, қаржы саласындағы дедолларизация (долларсыздандыру) тетігінің анықтамасы қарапайым ғана. Ол – доллар арқылы жүзеге асатын барлық қаржылық операциялар мен депозиттік салымдардың үлесін азайту. Орта есеппен алғанда экономикамыздың шамамен 40 пайызға жуығы осы көк қағазға тәуелді болып қалғаны жасырын емес. Себебі, біздің еліміздің негізгі кірісі болып отырған мұнайымыз тек қана доллармен саудалануда. Ал отандық экономистердің зерттеулеріне жүгінсек, біздегі банктегі салымшылардың 45 пайызы қаражатын доллармен ұстап жүр. Сондықтан, АҚШ-тың ұлттық валютасына Қазақстан да қарап отырғаны ақиқат. Әлемдік экономиканы валютасымен-ақ уысында ұстап отырған АҚШ ауадан ақша жасау арқылы өзін «асырап-ақ» келеді. Бүкіл халықаралық қаржылық операциялар тек Нью-Йорк қаржы орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Тіпті, ол ол ма, біздің түсінігіміздің өзі долларланып кеткен. Көлік не үй сатсақ та, жер алсақ та осы бір көк қағазсыз есептей алмайтындаймыз. Біреу жаны үшін, біреу наны үшін жанталасқан жаһанда тап қазір саясаттың сахнасы да аласапыран күйде. Қысқа ғана уақытта бағасы қырық құбылған «қара алтынның» кесірінен әлем елдері экономикасы есеңгірей бастады. Салдарынан, санкциялар соғысы басталып та кетті. Оның салқыны бізге де тимесін деген қауіппен Қазақстан да қам-қарекетке көшіп үлгерді. Күні осы көмірсутегіге қараған елдердің көңілдерінің күпті болуы да содан. Ал осы тұста доллардың да салтанат құрып тұруы күдікті одан сайын маздатып тұрған сияқты. Сондықтан, Президент тапсырмасы бойынша Үкімет пен Ұлттық банк отандық экономиканы долларсыздандыру жөнінде барынша ықпалды қадамдарға баруы шарт. Себебі, Қазақстан экономикасы 30-дан 80 пайызға дейін долларға тәуелді. Депозиттердің 70 пайызы басқа валютамен сақталса, 30 пайызы ғана төл теңгеге тиесілі. Әрине, бұлай кете берсе теңгеміз ұтылмаса, ұтпасы белгілі. Шетелдік валюталарды ығыстырып, ұлттық валютаға басымдық беріп, оның мәртебесін сақтап қалу – әлемдік тәжірибеде бар қадам. Сондықтан, Қазақстан да долларсыздандыру ісін қолға алуына барлық жағынан құқылы. – Долларсыздандыру мәселесі бір немесе екі жылдың ішінде ғана бітіре салатын шаруа емес. Оған үлкен күш, үлкен дайындық керек. Себебі, АҚШ доллары қай елдің болсын экономикасына әбден тамыр жайып алған. Елдегі барлық қаржылық операцияларды, экспорт-импорт саудасындағы есеп айырысуды доллардан өзге валюталармен жасасу алғашында қиынға соғары анық. Өйткені, жұрт осыған үйреніп қалған. Бірақ, біз осы доллардың ғана жетегінде кете берсек, онда теңгеміздің рөлін жоғалтып аламыз. Сондықтан, Елбасының нақты шаралар бойынша Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырмалар беріп, тәуекелге баруы құптарлық қадам, – дейді Тараз инновациялық гуманитарлық университеті «Қаржы» кафедрасының доценті Бейбіт Жақаш. Экономистер доллардың айналымдағы ықпалын 40 пайызға дейін түсірсе, нарықта тепе-теңдік орнайтынын айтады. Дегенмен, бұл межені еңсеру үшін біраз уақыт жұмсалатыны және бар. Долларсыздандыру – біздің облыс үшін де маңызды шаруа. Себебі, жамбылдықтар да көк қағазды аз ұстап жүрген жоқ. Біздегі қаржы айналымы да көш соңында емес. Долларлану үдерісінің Жамбылдағы қазіргі ахуалы жайлы білу үшін біз Ұлттық банктің облыстағы филиалы басшыларына хабарластық. – Экономикамыздағы долларлану құбылысы жергілікті халықтың шетел валютасына деген ерекше қызығушылығынан, халықтың теңгедегі салымына қарағанда шетел валютасындағы салымының артуынан, тауарлар мен қызметтің төлемі шетел валютасы бағамы арқылы жүргізілуінен көрініс табуда. Осы тұрғыда облыс бойынша халық салымдарының қалдығы 2014 жылғы 1 ақпанға шетел валютасымен 16 997,7 миллион теңгені құраған (бұл халық салымдарының жалпы көлемінің 35 пайызы). Ал 2014 жылғы 1 желтоқсанға бұл көрсеткіш 26 909,6 миллион теңгеге дейін өскен (халық салымдарының жалпы көлемінің 50,4 пайызы). Сонымен, 2014 жылдың 10 айының ішінде халық салымдарының жалпы көлемі 15,4 пайызға артқан, – дейді ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры Айдайбек Халимбетов. Филиал берген келесі мәліметке сүйенсек, 2014 жылдың аяғына қарай облыстың шетел валютасындағы депозит сомасы 27 712,9 миллион теңгені құраған (депозиттің жалпы көлемінің 47,5 пайызы), ал ұлттық валютада ол 30 572,6 миллион теңге болды. Бұл депозиттің жалпы көлемінің 52,5 пайыз ғана орнын алып тұрған төл теңгемізге басымдық берудің уақыты жеткенін анық көрсетеді. – 2014 жылдың соңына таяу облыста несие бойынша қарыз қалдығы шетел валютасында 6 312,2 миллион теңгені (жалпы көлемнің 4 пайызы) құраса, ұлттық валютада ол 152 703 миллион теңгені (жалпы көлемнің 96 пайызы) құраған. Бұдан көретініміз, жыл бойында шетел валютасындағы несие көлемі ай сайын төмендеп отырған. Ұлттық валютада керісінше өсіп отырғаны байқалады. 2014 жылдың басында шетел валютасындағы орташа сыйақы мөлшерлеме көлемі 11,8 пайыз және ұлттық валютада 16,7 пайыз болса, жыл соңында аталмыш көрсеткіштер 12,5 және 16,4 пайызды құраған, – дейді А.Халимбетов. Долларсыздану құбылысы несие жүйесінде басымдау екен. 2014 жылы облыста шетел валютасында берілген несиелер көлемі бар болғаны 65,6 миллион теңгені құрапты. Бұл берілген несиелердің жалпы көлемінің 0,1 пайызын ғана алып отыр. Есесіне, теңгемен берілгені 104 190,7 миллион теңгені, яғни берілген несиелердің жалпы көлемінің 99,9 пайызын құраған. – 2014 жылдың 15 желтоқсанында Президент Н.Назарбаевтың Үкімет пен Ұлттық Банк алдына Қазақстан экономикасын долларсыздандыру жайлы қойған талабы бойынша былтыр 25 желтоқсанда Үкімет пен Ұлттық Банк 2015 жылға арналған экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы Ортақ мәлімдеме жариялады. Сол Мәлімдемеге сай экономикамыздағы ұлттық валютаның рөлін арттыру мақсатында мынандай іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Біріншіден, теңгедегі жинақтарды ынталандыру мақсатында «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ салымшыларға кепілдік беретін соманы, теңгедегі депозиттер бойынша, оның капиталдануын ұлғайта отырып, 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтылатын болады; екіншіден, халықтың доллардағы кепілдік берілетін депозиттері бойынша ұсынылған сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшері жылдық 4 пайыздан 3 пайызға дейін төмендетіледі; үшіншіден, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын шартты бірліктермен белгілеуге тыйым салынады. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде біз халықтың тарапынан ұлттық валютаға деген қызығушылығының жоғарылауын, халықтың теңгедегі салымдары көлемінің әрі қарай ұлғаюын, қызметтер мен тауарларға есеп-айырысуларды шетел валютасы бағамдарымен байланыстырмай жүзеге асыруын күтеміз, – деді филиал директоры Айдайбек Халимбетов. Айта кетерлігі, Үкімет пен Ұлттық Банк елімізде долларсыздандырудың өзге де шаралары мен тиімді тетіктерін дайындау үстінде. Ең бастысы депозиттік салымдардағы өзгерістер арқылы долларды қыспаққа алғаны көңілге қонымды. Өйткені, қазір теңгедегі депозиттердің сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары жылдық ставкасы екінші деңгейлі банктерде шамамен 9,3-10,6 пайыз аралығында болып тұр. Біз жоғарыда тізіп шыққан долларсыздандыру іс-шараларының екінші пункті халықтың депозиттерді енді тек теңгемен ғана жинауына жол ашып тұр. Бұл әрине, теңгеміздің депозиттегі үлес салмағының одан әрі арта түсуінен үміттендіреді. Қалай десек те, ұлттық экономиканы долларсыздандыру, 2015-2017 жылдарға арналған бюджет қаражаттарын қайта есептеу елді алдағы қаржылық қауіптерден аман қалудың қамы екені сөзсіз. Кезінде үш жылдық бюджет мұнайдың «Brent» маркасы құнының тұрақты тұсында есептеліп, бекітілген еді. Енді «Brent» бағасының 50 доллардан түсіп кетуінен Үкімет қазына қаржысын қайта есептеуге мәжбүр. Қытай даналығы дағдарысты «қауіп-қатер әрі мүмкіндік» деп түсіндіреді екен. Сондықтан, оның мәңгілік емес екенін үнемі ел есіне салып отыратын Елбасы да мұның салдарынан сабақ алу керектігін үнемі айтып келеді. «Тәуелсіздік толғауында»: «Дағдарыстар ұзаққа созылмайды. Бұл дағдарыс та өтеді. Әлемдік экономикадағы қиындықтарды еңсеруімізге, әлемдік нарықтардағы бағалардың тұрақтануына, экономикалық жобаларымыздың жүзеге асырылуына орай, біз міндетті түрде өсім қарқынын қайта оралтамыз», – деген сөздері елді ширата түспек.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».