Жаңалықтар

Қылмыс хроникасы

800-ГЕ ЖУЫҚ ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ 10 мамырдан бастап елімізде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған шара барысында үй-жайлар, саяжай алаптары, құрылыс нысандары, шаруа қожалықтары, базарлар, жалдамалы пәтерлер мен өзге де күмәнді орындар тексерілуде. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды анықтау мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді полиция бекеттері қойылған. Осылайша, тәртіп сақшылары профилактикалық іс-шараның алғашқы төрт күнінде 780 қылмыс пен бұрын жасалған 236 қылмыстың бетін ашқан. Сонымен қатар бұл күндері іздеуде жүрген 71 қылмыскер құрықталған. Ал тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны немесе алып жүргені үшін бас-аяғы 152 азамат қамауға алынған. Бұдан бөлек, 52 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Профилактикалық іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзу деректері де тіркелген. Нәтижесінде 690 шетелдік ел аумағынан шығарылса, 37 шетелдіктің оларға қатысты соттың тиісті шешімін орындамағаны белгілі болған. Бұл күндері есепте тұрған тұлғалар да тексеріліп, 478 азаматтың белгіленген шектеулерді бұзғандығы анықталған. Ал, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 2133 адам жіберілген.