Жаңалықтар

Интернет алаяқтықтың құрбаны болмаңыз

Бүгінгі таңда ең көп таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер, әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Жалпы, ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар. Айта кетейік, интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.

Өзгенің мал-мүлкін еш қысымсыз, бопсалаусыз, асқан қулықпен иемденіп алуды көздейтін қылмыс әлемінің элитасы – кибералаяқтар. Қудың қақпанына түскен адам өзінің мүлкін алаяқтарға өз еркімен қалай бергенін аңдамай қалады. Қылмыскерлердің бұл санатын өзінің қулығы, тапқырлығынан басқа, жәбірленушіге қатысты ешқандай зорлық-зомбылық танытпауына қарап, ең «әділетті» фигура деуге болар. Иә, интернеттің пайдасы орасан, алайда, зияны да шаш-етектен екені белгілі.

Интернет-алаяқтық – бұл желі пайда болғанға дейін болған алаяқтық схемалардың кезекті нұсқасы. Ол онлайн-шопинг және электрондық коммерцияның өзге түрлерінің танымалдылығымен бірге дамыды. Пайдаланушыларды алдау үшін интернет-алаяқтар электрондық поштаны, түрлі чаттарды, форумдарды және жалған веб-сайттарды пайдаланады. Жалпы, кибералаяқтық деген қайдан шыққан? Одан сақтанудың жолы бар ма? Қазақстандағы интернет арқылы жасалатын қылмыстың көрсеткіші қандай?

6 миллиардтың 189 миллионы ғана қайтарылған

Жалпы, интернет алаяқтық фактілері COVID-19 пандемиясы кезінде қатты күшейген. Сол кездері бір жылда 7 733 қылмыстық іс тіркеліпті. Ал былтыр елімізде интернет алаяқтық бойынша 4 мыңға жуық қылмыстық іс ашылып, 2 мыңға тарта адам жазаланған. Сондай-ақ осы жылдың алғашқы тоқсанында республика көлемінде алаяқтық фактісі бойынша 11613 қылмыстық іс тіркелсе, оның ішінде, 4 984-і интернет алаяқтығына қатысты. Осылайша, қазақстандықтар есепті кезеңде интернет алаяқтарға 6,2 миллиард теңгесін берген. Құқық қорғау органдары келтірілген шығынның 189 миллион теңгесін ғана қайтарған, тағы 3,5 миллион теңге бұғатталғалы жатыр. Алаяқтардың айласы туралы айтқан Ішкі істер министрлігіне қарасты криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Қаныш Ашжанов арамниеттілердің құрығына түскендердің басым бөлігі полицияға арыздануға құлық танытпайтынын жеткізді.

– Алаяқтарға кішісі де, үлкені де алданып қалады. Бірақ, шыны керек, егде жастағы адамдар көп алданады. Өйткені олар көбіне үйде жалғыз, ешкіммен араласпайды, оның үстіне сенгіш келеді. Оқыған-тоқыған, білімді деген адамдардың өздері де алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Сосын жәбірленушілер полицияға бірден шағымданбайды. Кейбірі тіпті алданып қалғанына ұялып, арыз жазуға да келмейді. Мұндай сәттер өте көп. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетеді, алаяқтар ақшаның ізін жасырып үлгереді, – дейді департаменттің аға жедел уәкілі.

Алаяқтардың айласы қандай?

Жасыратыны жоқ, интернет алаяқтарының айла-шарғысы таусылар емес. Дәл қазір алаяқтықтың ең көп таралған түрі – «полициядан» немесе «банктен» қоңырау шалу. Қаскөйлер өздерін тәртіп сақшысы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні қорқытуға көшеді. Мәселен, жуырда ғана осындай оқиғаның бірі тіркелген. Алаяқ зейнеткерге телефон соғып, өзін полицеймін деп таныстырған. Қарт әйелге «немереңіз жол апатына түсті, тез арада ақша тауып бермесеңіз, қылмыстық іс қозғалады» деп айтқан. Ақшаны курьер арқылы жіберуді сұраған. Немересінің тағдырына алаңдаған апа бәрін бұлжытпай орындаған. Алайда «сәлемдемені» алып кетуге келген курьер зейнеткердің қобалжып тұрғанын байқап, жарты жолда пакетті ашып қараған. Ақшаны көргеннен кейін дереу полиция шақырған. Осылайша, алаяқтардың арам пиғылы іске аспай қалды.

Алаяқтар үшін оңай жолмен пайда табудың тағы бір жолы – қолма-қол ақшаны көбейту. Мысалы, еліміздің бір азаматы осылай ай ішінде 100 миллион теңгесінен айырылған. Шетелден әрекет еткен алаяқтар оны «ақшаңды еселеп береміз» деп сендірген. Зардап шегуші де үшінші тұлғалар, мультикасса, басқа шоттар арқылы ақша аударып тұрған. Отыз күннен кейін алданғанын түсініп, полицияға арызданған. Алайда ақшасын сол күйі қайтара алмады, алаяқтар блокчейн арқылы шығарып үлгерген. Сондай-ақ бүгінде онлайн сауда да алаяқтардың табыс көзіне айналып отыр. Тұрғындар көбіне алдын ала төлем жасау арқылы сан соғып қалады. Айта кетейік, «Дауыс беріңіз» деп келетін күмәнді сілтемелер де алаяқтардың айласы болуы мүмкін.

3 айда 1 600 парақша бұғатталды

Еліміздің Ішкі істер министрлігі былтыр 23 228 парақшаны анықтап, бұғаттауға жіберген. Оның ішінде, экстремизм бойынша – 15 444, есірткі – 2 332, порнография – 3 239, қаржы пирамидасы және қолма-қол ақшаны көбейту – 1 542, интернет казино бойынша 268 парақша бар. Ал, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында 1 600 парақша анықталып, бұғаттауға жіберілді.

Полиция майоры Қаныш Ашжановтың айтуынша, қазір жалған парақшаларды Мәдениет және ақпарат министрлігі бұғаттайды. Болашақта Ішкі істер министрлігі осы функцияны өздеріне алғысы келеді. Сондай-ақ, аталған ведомство үшінші тұлғалардың, яғни «дропперлердің» жазасын қатаңдатуды ұсынған. «Интернет кеңістігінде шекара жоқ. Әлеуметтік желілерден жалған парақша ашатындар Қазақстанның ішінен де, шетелден де болуы мүмкін. Мысалы, Ресей, Украина, ТМД елдерінен әрекет ететіндер бар», – дейді жедел уәкіл.

11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Ал өңірімізде құзырлы органдар тарапынан қабылданған іс-шаралар нәтижесінде осы жылдың 4 айында жалпы алаяқтың саны 2,5 пайызға төмендеген. Нақтылай түссек, дәл осы қылмыс түрі 284-тен 277-ге кеміген. Сонымен қатар қылмыстың барлық түрлерінің құрылымында алаяқтықтың үлесі 20,9 пайызды құрайды. Есепті кезеңде интернет алаяқтықтың 50 дерегі тіркеліпті. Жыл басынан бері жамбылдық тәртіп сақшылары интернет алаяқтықпен кәсіби түрде айналысқан 11 адамды қолға түсірген. Атап өтерлігі, құрықталғандардың 8-і өзге өңірлердің азаматтары.

– Алаяқтарды құрықтау мақсатында екі негізгі бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Біріншіден, халық арасында жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету. Түпкі мақсат – өңірдің әрбір тұрғынына интернет-алаяқтықтың тәсілдері мен түрлері туралы хабарлау қажет. Ал, екінші бағыт – әрбір қылмыстық іс шеңберінде жедел-тергеу іс-шараларының толықтығын қамтамасыз ету. Бұл банктік транзакциялар, телефон арқылы келіссөздер және оларды талдау туралы мәліметтерді санкциялау және алу, сондай-ақ, жекелеген тапсырмаларды басқа аймақтарға жіберу және әріптестерімізбен өзара іс-қимыл жасасу. Қаскөйлердің тәсілдеріне тоқталатын болсақ, көбінесе банк немесе ұялы байланыс, құқық қорғау қызметкері ретінде, инвестиция, күдікті жобаларға немесе ақша көбейту арқылы жасалуда, – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шохан Альжанов.

P.S.

Қорыта айтқанда, соңғы жылдары ұялы қосымшадағы «мобильді банк» қызметін пайдалану арқылы алаяқтық фактілері айтарлықтай жиілеп кетті. Бұл қызмет адамдардың банк шотын және карта нөмірін білу арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, сіз пәтерді немесе машинаны сату туралы хабарландыру бердіңіз, біраз уақыттан кейін сізге сатып алушы қоңырау шалып, алдын ала төлем жіберу үшін банкомат карточкасының нөмірін жіберуді сұрайды. Қылмыскерлер сіздің банкомат карточкаңыз туралы ақпаратты иеленгеннен кейін шоттан ақша жымқырады. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын арзан бағамен және тиімді ұсыныстармен тартады және қаражатын электрондық әмиянға аудару арқылы алдын ала төлем жасауды талап етеді. Көптеген адамдар ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпайтын белгісіз адамдарға төлем терминалдары арқылы аударады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындарға кеңес береді:

– Сіздің картаңыздың жай-күйі туралы сізге хабарлай алатын жалғыз ұйым – қызмет көрсететін банк екенін есте сақтау қажет. Егер сіздің картаңызбен бірдеңе дұрыс емес деген күдік болса, егер сіз оны бұғаттау туралы смс–хабарлама алған болсаңыз, дереу банкке хабарласыңыз.

– смс-хабарламада көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз және хабарлама жібермеңіз, бұл үшін қосымша ақы алынуы мүмкін.

– банк картасы туралы деректерді, бір реттік жасырын сөздерді, смс-кодты айтпаңыз, бұл ақпарат құпия және сіздің картаңызды жеке кабинет арқылы басқарады.

– ақшаны белгісіз шоттарға және телефон нөмірлеріне аудармаңыз.

– хабарландыруды мұқият оқып, оны орналастырған адам туралы ақпаратты қараңыз. Ұқсас тауарлардың орташа құнын қараңыз. Тым төмен құны сізге күдік тудырады.

Егер сатушы сатып алынатын тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға қаншалықты сенуге дайын екеніңізді ойланыңыз. Бейтаныс адамдарға анонимді төлем жүйелері арқылы ақша аудара отырып, егер мәміле жасалмаса, оларды қайтару кепілдігі жоқ екенін есте сақтаңыз.

 

 

Бетті дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.