Жаңалықтар

ҰБТ: Әзірлік қандай? Он бір жылдық білімді саралайтын сәт жақын

Мектепте 11 жыл алған білімді саралап, сынға салар сәт таяп қалды. Жас түлектердің жаңа белеске басар қадамына бағыт берер Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі – талапкер үшін ғана емес, мектеп, тіпті аймақ үшін де білім деңгейі бағаланар көрсеткіш. Биылғы тестілеу талаптарында алдыңғы жылдардағыдан нендей өзгеріс бар, облыста дайындық қалай жүріп жатыр? Осы сауалдар төңірегінде тақырыпты тарқатпақ ниетпен Ұлттық тестілеу орталығының Тараз қаласындағы филиалына бардық.

Филиал басшысы Жамбыл Ізтұяқтың айтуынша, тестілеу форматында айтарлықтай өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. Міндетті пән саналатын «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» бойынша тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарған.

– Негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау 6-14 мамыр аралығында қабылданды. Екі мүмкіндікті қоса есептегенде Тараз қаласындағы пунктке 16350, Шу ауданында 4326 өтініш түскен. Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешіміне сәйкес, 2024 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркеле алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді, – дейді Жамбыл Алпысбайұлы.

Айта кетейік, елімізде төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде, яғни Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелу уақыты ұзартылған. Ол облыстарда өтініштер 6-20 мамыр аралығында қабылданып, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі.

Тест тапсырушы түлектерге білім сынағына дайындалуға да барынша мүмкіндіктер жасалған. Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында әрбір тест тапсырғаннан кейін сынақ тапсырушының жеке кабинетіне әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізіліп отырады. Яғни, оқушы сол арқылы өзінің қай пәннен білімі қандай екенін анықтап, соған қарай дайындығын күшейтеді.

– Өздеріңіз де білесіздер, талапкер алғашқы тест тапсырғанында жоғары оқу орнына өту ұпайын ала алмаса, тағы тапсыруға мүмкіндік беріледі. Келесі тапсырғанына дайындығын пысықтау үшін алдыңғы сынақтағы көрсеткішіне қарай әр пән бойынша талдап, қайсысына әзірлігі жеткіліксіз екенін көрсетіп береді. Яғни, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Білім беру орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылған тегін онлайн сабақтар жүргізіледі. Ал, оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі, «Информатика» пәнінен терминдер тізімі, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10, «Математикалық сауаттылықтан» 10 және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма беріледі. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат, яғни 240 минут. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор және химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді етіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы беріледі. Егер тест тапсырушылар бағалаудың әділдігіне көңілі толмаса, тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруіне болады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Шекті балл бұрынғысынан өзгерген жоқ, «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл (ұлттық жоғары оқу орны үшін), ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек, – дейді Жамбыл Ізтұяқ.

Сынақ тапсыру сәтінің әділетті жүргізілуі үшін түлектерге де қулық әрекеттерге баруға жол берілмейді. Ұлттық тестілеу орталығының Тараз қаласындағы филиал басшысының айтуынша, тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Осылайша, талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ережелерді бұзу мен тыйым салынған заттарды, яғни ұялы телефон, шпаргалка және сол секілділерді алып өтудің алдын алады. Тестілеу барысында аудиторияның және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады. ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің тест нәтижелері жойылады.

Облысымызда тестілеу Тараз және Төле би ауылындағы екі пунктте өткізіледі. Түлектер қайсысына барып тапсырса да өз еріктерінде. Барлық талапкерлерге сынақтан сүрінбей өтулеріне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА