Жаңалықтар

Құқықтық сауалдарға жауап берді

Тараз қаласындағы №1 Халыққа қызмет көрсету бөлімінде ұйымдастырылған мобильді қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан құқықтық сауалдарына жауап алды. Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және заңгер мамандармен бірлесіп келушілердің өтініштерін тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі алимент өндіру, тұрғын үй мен жер учаскесін алу, мүгедектік тағайындау, несие мәселесі, мүлікті жекешелендіру бойынша мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, алаяқтарға алданғандарға заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Айжан Аманжолова мұрагерлік құжат рәсімдеуде кедергілерге тап болғанын жеткізді. Айтуынша, оның бүгінде тұрып жатқан үйі осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған әкесінің атына жазылған.

– Осыған дейін мұрагерлік рәсімдеу бойынша бірнеше мекемеге бардым. Бүгінде халыққа қызмет көрсету бөліміне келген болатынмын. Дегенмен, Аmanat партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында заңгерлерден тиісті кеңестер алдым. Жасыратыны жоқ, заңгерлер мұндай кеңеске айтарлықтай қаржы алады. Сондықтан, қала тұрғындарына тегін кеңестер ұйымдастырып отырған Аmanat партиясына алғысым шексіз, – дейді Айжан Аманжолова.

Аmanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов келушілерге тегін кеңес беріп, сауалдарына жауап берді.

– «Құқықтық көмек» партиялық жобасының негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әлсіз тобына құқықтық көмек беру мақсатында азаматтардың арыз-өтініштері бойынша заңгер, адвокат, медиатор мамандар халыққа тегін құқықтық көмек беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Еліміздің барлық өңірінде апта сайын тұрақты түрде аталған жоба аясында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беріледі, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Атап өтейік, жоба аясында 2023 жылы 81 қабылдау өтіп, онда 178 адамға тегін құқықтық кеңестер берілген. Ал, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында 51 қабылдау өткізіліп, онда 163 тұрғынның өтініші қаралып, тиісті заңгерлік көмектер көрсетілді.

 

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Аmanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.