Қызыларық қарқынды дамып келеді
Биыл Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылында құны 115 миллион теңге тұратын бес адамға арналған медициналық пункт салынды. Бұдан бөлек, 60 үйге орталықтандырылған ауыз су кіргізіліп, ауыл халқы толықтай таза су ішіп отыр. Бұл туралы ауылдық округтің әкімі Марат Қасымбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Қызыларық ауылдық округі бойынша 5 елді мекенде жалпы 415 аула, 2 275 тұрғын бар. Округте 8 өзге ұлт өкілдері тұрады. 5 елді мекенде 3 орта мектеп, 1 бастауыш мектеп, 2 балабақша, 1 өрт сөндіру бекеті, 5 медициналық пункт, 2 ауылдық клуб, 2 кітапхана, 1 ветеринариялық пункт халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.
Елді мекенде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған. Мәселен, округтің жалпы жер көлемі 16 010 гектар болса, ауыл шаруашылығы алқабы 11487 гектарды құрайды, оның 6 163 гектары егістік, 5324 гектары жайылым жерлер, 2841 гектары елді мекен жерлері, 1682 гектар басқа мақсаттарға арналған.
Ауыл әкімінің баяндауынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 6163 гектар егістік жерге егін егіліп, жоспар 100 пайызға орындалған.
– 2023 жылдың өнімі үшін 2022 жылы 740 га күздік бидай, 2023 жылы 1790 гектар жаздық арпа, 820 гектар мақсары, 195 гектар күнбағыс, 476 гектар картоп, 110 гектар сүрлемдік жүгері, 230 гектар таза жоңышқа егілді. Жалпы егістік жерлердің 1602 гектарын мал азығы дақылдары құрайды, егін орағы жұмыстары толығымен 100 пайыз орылды. 2024 жылдың өнімі үшін бүгінгі күнге 675 гектар күздік бидай егіліп жоспар толық орындалған. Округте 2627 бас мүйізді ірі қара тіркелген. Оның ішінде, сауынды сиыр 1346 бас, қой-ешкі 15973 бас, жылқы 1602 бас және 4800 құсты құрайды, – дейді Марат Сайлауұлы.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында 2023 жылы округтің шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг жүйесімен және жеке қаражаттары есебінен жалпы құны 126 миллион теңгеге 18 ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Мемлекет тарапынан 205 тонна жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлініп, округтің 120 шаруа қожалықтары қажеттіліктеріне жұмсапты. 2023 жылы мемлекеттік субсидия бойынша округтегі шаруа қожалықтар 91 009 271 теңге алған. Осылайша, ауылдағы шаруалар мемлекет тарапынан жұмыстарын алға бастырып отыр. Сондай-ақ, ауылда «Ауыл аманаты» жобасы да сәтті жүзеге асып, ілкімді істер атқарылған.
Кәсіпкерлік саласы бойынша да ауылда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілген. Қазіргі таңда округте 260 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2023 жылы округтегі Алатау ауылының жоғарғы бөлігінен туризмді дамыту мақсатында «Көксай» этно-туристік кешені ашылып, онда жаздық және қыстық туризм дамып келеді. Туристер Жамбыл облысы және көршілес Түркістан өңірінен де келіп жатыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша салықтық түсімдердің жылдық жоспары 105,3 пайызға орындалды. Сондай-ақ, қаржы игеру жұмыстары да 100 пайыз атқарылған. Бұдан бөлек, 2 806,9 мың теңге атаулы әлеуметтік көмекке жұмсалған.
– Округте жастар саясаты бойынша да тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні округте 14 пен 35 жасқа дейінгі 593 жастар бар. Олардың 39-ы жоғары оқу орнында оқыса, 42-сі арнаулы оқу орындарында білім алуда. 2023 жылы 85-ке жуық іс-шара өткізілді. Ауылдың ерікті жастарының ұйымдастыруымен аз қамтылған 6 отбасына азық-түлікпен қайырымдылық көрсетілді, – деп атап өтті ауыл әкімі.
Ауылдың жандануына «Жомарт түлек» жобасы арқылы қолдау көрсетіп жатқандар да баршылық. Мысалы, былтыр меценаттар №23 Алатау мектебіне кітапханаға қажетті құрал-жабдықтарын сатып әперген. №25 Ақтөбе тірек мектебінің кітапханасына қажетті кітап сөрелері сатып алынған. Ал, №17 Ы.Алтынсарин мектебінің түлегі Жомарт Нұрғазиев 2023 жылы «Оқуға құштар» жобасында жеңімпаз атанған 25 оқушыны Шымкент қаласына өз қаражатымен экскурсияға апарған. Сонымен қатар, басқа да түлектердің атынан жобаға қатысушыларға 2 велосипед, 50 түп алма ағашы және абаттандыру жұмыстарына қаржылай көмек берілген.
Марат Сайлауұлының баяндауынша, биылға жоспарланған жобалар сәтті жүзеге асып жатыр. Биыл бірнеше көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ақтөбе ауылын толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету, осы ауылда кіші футбол алаңшасын салу, өрт сөндіру бекетін әкімшілік теңгеріміне алу сынды жұмыстар атқарылмақ. Сонымен қатар, Алатау ауылындағы ескі мектеп ғимарат әкімшілік теңгеріміне алынып, жарық және газ жүйесі жүргізілмек. Бұдан бөлек, Көксай каналына мемлекеттік сараптама қорытындысынан соң лоток қою жұмыстары жүргізілмек. Округтегі 5 елді мекеннің түнгі жарықтандыру шамдары жөнделеді.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы