Жаңалықтар

Мамыр айы

Күләш АХМЕТОВА, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Мамырда махаббатпен қырға шықтым,
Қырыма, қырмызыма шын ғашықпын.
Көзімді дүниеге ашқанымда
Сезімді сұлулыққа бірге ашыппын.
Өнерден өшпейтұғын із қалмақ бір,
Жақсы өлең жазсам деп ем түзге арнап бір.
Еш ақын баламасын таба алмайтын
Тастапты дастан жазып қызғалдақ қыр.
Мен үшін табиғатты тану – арман,
қызарып, батарда Күн-ару алдан.
Жүруші ем жүрегіме шаттық толып,
гүл кешіп, шалғын кешіп белуардан.
Тазарып, таңда терсем мекен гүлін,
Көрмеуші ем бір бұтаның бөтендігін,
Қуанбау мүмкін бе еді,
сезінгенде
кең далаң өзіңдікі екендігін!
Сыйғызып жүрегіме бәрін бүгін,
Сәл ғана бұрынғыдан сабырлымын.
Бір жылғы тозған жүйкең жазылады –
бір рет кешіп өтсең мамыр гүлін.