Жаңалықтар

Талай жастың талабын шыңдаған орталық

Технократтық заманда жаңа инновацияның қарыштап дамуы қоғамдық құндылықтардың жаңаша талаптарға бейімделуіне ықпал етеді. Бұл құбылыс, әсіресе, соңғы жылдары еңбек нарығына айтарлықтай әсерін тигізуде. Сондықтан, бүгінде жастар арасында жаңа мамандықтар мен олардың кәсіби бағдарын айқындау, тұлғалық қарым-қабілетін айшықтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы артты. Бұл бағытта өңірде бірқатар жемісті жобалар жүзеге асып келеді. Мәселен, Жамбыл ауданы, Аса ауылында орналасқан техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының жұмысын айтуға болады.

Жалпы, сыйымдылығы бойынша 1400 балаға шақталған орталық 2020 жылдан бастап қолданылуға берілген. Мұнда мамандар техникалық, көркем- эстетикалық және тілдік, био-экологиялық, сәндік қолданбалы және кәсіптік бағдар бойынша жұмыс жасап, қазіргі таңда 21 үйірменің жұмысын жандандырып отыр. Орталықтың негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал етіп, жас түлектерге мамандық таңдау үшін кәсіби бағдар беру.

– Болашақ жастардың қолында демекші, орталыққа келген әр балаға жаңашыл идеяларды ұғындырып, адамгершілік, сыпайылық пен мейірімділік қасиеттерін насихаттау – басты назарда. Бұл бүгінгі дамыған заманда дәстүрлі құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқан жас ұрпақтың рухани иммунитетін нығайтатыны сөзсіз. Осы мақсатта жасөспірімдердің функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Мұнда оқушылар мектептен тыс уақытта кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робото-техника, қызықты математика, тағам дизайны, жас суретші, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты көптеген үйірмелерге қатыса алады. Тиісінше, бұл олардың қандай мамандыққа бейім екендігін анықтап, кәсіби машығын шыңдай түседі, – дейді орталық директорының міндетін атқарушы Дариға Сатылғанова.

 Ашылғанына үш жылдан асқан орталықтың қазіргі т аңда мақт ана айтарлық жетістіктері де жетерлік. Бүгінде мекеменің аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі үш жүзден астам жүлдесі бар. Сондай-ақ, мұнда оқу бағдарламасы бірсарынды форматта емес, қызықты өткізілуі үшін түрлі жобалар қарастырылған. Мәселен, «Инновация және идея шығармашылық алаңы» жобасы бойынша облыстық семинар аясында әуе шоу ұйымдастырылып, түрлі идеялармен макеттер жасалған. Дәл осы макеттермен «Жас өнертапқыштар» облыстық байқауында «Әуе модельдеу» үйірмесінің оқушылары жүлделі алғашқы орындарды еншілеген. Соның бірі–аталған байқауда «Баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану» тақырыбы бойынша бірінші орын иеленген Бинұр Өтеулі. Ол су көздерін үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін қондырғының нобайын жасап шығарған.

– Туған жеріміздің географиялық ерекшеліктерін тиімді игеру қажеттілігі мен бүгінгі заманның баламалы энергия көздерін өндіруге басымдық беріп отырғанын ескерсек, мұндай жобалардың алда сұранысы артатыны анық. Осы мақсатта су көздерінен электр энергиясын өндіретін қондырғының нобайын жасап шығардым. Бұл су қоймасының маңында орнатылып, толқындардың есебінен электр қуатын өндіруге бағытталған. Келешекте жобаны жетілдіріп, өндірісте қолданысқа енгізуді мақсат етудеміз, – дейді жоба авторы.

Мекемеде сәтті жүзеге асқан үйірмелердің қатарында аспазшы кондитер үйірмесі де бар. Мұнда аптасына үш рет, 80 минуттан сабақ өтіледі. Нәзік қиялды, тапқырлықты қажет ететін нағыз мамандыққа тек қыздар ғана емес, сонымен қатар, ұл балалар да қызығушылық таныта бастаған. Ал, үйірме жетекшісі Амангүл Қазбекова қарамағындағы 48 шәкіртке аспаз ісінің тек тағам дайындауда ғана емес, адам психологиясына ықпал етіп, қуаныш сыйлайтын оң әсері мен шығармашылықты талап ететіндігін үйретуден танған емес.

– Өнердің түрі көп. Дегенмен, астың қадірін білу, дәмін сезіну, адамға тағам арқылы қуаныш сыйлай білу – басқа дүние. Тамақты жақсы дайындайтын маман барлық жерде қажет екені даусыз. Бірақ, аспаз жоғары дәрежеде шығармашылықпен айналысатын маман болуы шарт. Бұл істің қиындығы сонда, аспаздықты тек қана оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, оған адамның бойында осы салаға деген бейім, қызығушылық және дарын болуы керек. Сондай-ақ, аспаздықты күнделікті көже пісірумен шатастырмаған жөн. Ас әзірлеу адамзатпен бірге дамып келе жатқан нағыз ғылым, бұған әр халықтың ұлттық тағамдары дәлел бола алады. Кез келген ұлт өзінің ұлттық ас мәзірі арқылы мәдениеті мен салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін танытып отырады, – дейді Алмагүл Болатбекқызы.

Креативті дарынды ұрпақты тәрбиелеп, психологиялық-педагогикалық мәселелерді шешуге бағытталған орталықта бұдан өзге де жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Қуаныш сыйла» қайырымдылық жобасы, кітап оқуға бағытталған «Оқуға құштар мектеп», шет тілін дамытуға арналған «English culture», т абиғатты аялау мақсатында «Экоboom», саналы ұрпақ қалыптастыруды насихаттайтын «Салауатты өмір салты» жобалары қолға алынған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы