Үздік мұғалімдерге «көшбасшы-басқарушы» біліктілігі беріледі
Бұл жаңашылдық «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Биыл жаңа көшбасшы-басқарушы болуға 13 796 адам өтініш берген. Оның ішінде 4 950 педагог іріктеуден өтті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізуде. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар республикалық кадр резервіне бір жылға қосылады, содан кейін олар алған білімдерін еліміздің білім беру мекемелерін басқаруда қолдана алады.
Білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіледі және бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Нәтижесінде басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылады.
Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі, соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне енгізіледі. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі. Бұл жобаны жүзеге асыру «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерді даярланған басшылармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге, ең бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етеді.