Әлеумет

ЕЛУ ПӘТЕРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ

ЕЛУ ПӘТЕРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ

ЖЕҢІС МЕРЕКЕсі қарсаңында ТАРТУ ЕТІЛМЕК

Қордай ауылына Алматы жақтан кіреберісте салынып жатқан 50 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған болатын. Құрылысшылар қыс алдында төбесін жауып үлгерген бұл ғимарат, қазір аудан көлеміндегі ең биік құрылысқа айналып, сонадайдан көз тартады. 

Бас мердігер тараздық «Арқат» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыстың жалпы сметалық құны 466 миллион теңгенің үстінде. Келісім-шарт құны – 400 миллион теңге. Өткен жылы республикалық бюджеттен – 216, облыстық бюджеттен 24 миллион теңге игеріліп, құрылыстың негізгі жұмыстары атқарылды. Бес қабатты ғимараттың қабырғасы қаланып, төбесі жабылып, барлық сыртқы терезелері, төменгі қабаттың кіреберіс есіктері орнына қойылған. Электр желілері, ішкі сылақтары жүргізілген. Енді күн жылына жылыту жүйесі жүргізіліп, әрлеу жұмыстары қолға алынады, еденге линолеум төселеді. Содан кейінгісі – айналаны абаттандыру. Барлық құрылыс материалдары Тараздан, облыс аумағынан жеткізілуде. Соңғы кездері жиілеп кеткен электр жарығын шектеп беруді айтпағанда, басқадай кедергілер жоқ. Қалғаны кестеге сай. Жаңа жыл қарсаңында құрылыс басында болған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс қарқынына ризашылығын білдірді. Қарқынмен қатар сапаны да ұмытпай, құрылысты Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне дейін бітіруді ұсынған болатын. – Көктем туа жұмыс қарқынын еселеп, ішкі, сыртқы әрлеу және айналаны абаттандыру жұмыстарын жақсылап жүргізіп, Жеңіс мерекесі қарсаңында пайдалануға беріп, елу отбасына пәтер кілттерін тапсыратын болсақ, бұл облыс көлеміндегі айтулы оқиға болар еді, – деген Кәрім Нәсбекұлы сонда. Пәтерлердің біразы соғыс ардагерлеріне арналып отырған үйді осы айтулы мерекеге тарту ретінде ұсыну жарасымды-ақ. Пәтерлер демекші, мұнда бір бөлмелі 10, екі бөлмелі 20 және үш бөлмелі 20 пәтер болады. Құрылыс учаскесінің бастығы Марат Күшенбаевтың айтуынша, жұмысты облыс басшысы айтқан мамыр айына дейін аяқтауға толық мүмкіндік бар. – Алдағы үш жарым айда жылыту қазандығын салып, ғимаратқа жылыту жүйесін, су құбырын жүргізуге, әрлеу жұмыстарымен қатар, сыртқы абаттандыруға да күш салынады. Аулада автотұрақ, балалар алаңы, сәкілер, гүлзарлар жасалады. Осының барлығын тез әрі сапалы атқаруға елу құрылысшы жұмылдырылған. Олардың отызы жұмыс басындағы жылытылған вагон үйлерде жатып істейді. Айлық жалақылары еңбек үлесіне қарай 70 мыңнан 100 мың теңге аралығында. Бригадир Абат Сүлейменов, дәнекерлеуші Бауыржан Қарнақбаев, ағаш шебері Сәбит Омаров, әрлеуші Асан Мұхтаров, тас қалаушы Бақыт Сәтбаев сынды құрылысшылар уақытпен санаспай өз міндеттерін тиянақты атқаруы арқылы ортақ іске серпін беруде, – дейді учаске бастығы.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.