Министрлік соңғы қоңырау кешіне қатысты Үндеу жасады
Бүгін Ішкі істер министрлігі 25 мамыр – Соңғы қоңырау іс-шарасының өткізілу тәртібіне қатысты мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына үндеу жасады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Ресми мәлімдемеде еліміздің барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаттары өткізілетіндігі, салтанатты іс-шаралар барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдайтыны айтылған.
Сондай-ақ Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша әрбір оқу орнына жауапты полиция қызметкері бекітілгені де ескертілген.
Департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтың айтуынша, соңғы жылдары мектептердегі «соңғы қоңыраулар» аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлектер іс-шараларды өз бетінше жалғастырады. Өкінішке қарай, жасөспірімдердің көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады. Өткен жылы мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында орын алған.