Әлеумет

Орман қорын қорғау жайы айтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев мемлекеттік орман қоры жерінде өрт қаупі маусымында атқарылатын өрттен қорғау іс-шаралары туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 414 мың 556 гектар, оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 2 миллион 311 мың гектарды құрайды. Орман қорының жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр және басқармаға бағынысты 15 орман шаруашылығы мен мекемелеріне бекітіліп берілген. Өткен жылы облыстық бюджеттен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толықтыруға 280 миллион теңге қарастырылып, қажетті техникалар мен агрегаттар алынған. Былтырғы өрт қауіпті маусымы кезеңінде орман қоры жерлерінде 7 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 1474,87 гектар учаске өртке шалдыққан. Орман өртінен келген шығын 1360,9 мың теңгені құрады. Орман өртінің екеуі адамдардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауынан орын алған.

– Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «2024 жылы мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қаупі бар маусымды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес, облыста мемлекеттік орман қорының өрт қаупі бар маусым 20 наурыздан басталады. Осыған байланысты, орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, 55 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер ұйымдастырылды. Өрт қаупі маусымы жоғары кезеңінде қосымша тағы 6 бекет қойылатын болады. Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралар жоспары бойынша сәуір-мамыр айларында 11154,5 километр өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жоспарланса, қазіргі таңда оның 4380 километріне күтім жасау жұмыстары жүргізілді. Облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қорында өрт қауіпті маусымында (20 наурыздан 1 қарашаға дейін) «Қазавиаорманкүзеті» РМК-ның ұшағы мен тікұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта орман қорғау қызметкерлерінен өрт сөндіруші топтарда 305 адам және 1-ші, 2-ші орман өртін сөндіру стансаларында 352 өрт жасақшысы құрылған. Биыл өрт қауіпсіздігі кезеңінде орман өртімен және қасақылықпен күресуге облыстық бюджеттен 101,4 миллион теңге бөлініп, орман шаруашылығы мекемелеріне бекітіліп берілді. Жақында облыс аумағында дала және орман өрттерінің алдын алуға, мемлекеттік орман қоры жерлеріне табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қою мақсатында төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және аудандық әкімдіктермен бірлескен өрт сөндіру оқу-тәжірибелік жаттығулары өткізілді. Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қаупі бар маусымда атқарып жатқан жұмыстары басқарманың тұрақты бақылауында, – деген облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев брифингке қатысушы республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тақырып төңірегінде қойылған түрлі сұрақтарына жауап берді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП