Тараз гарнизонында сарбаздарға құрмет көрсетілді
Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан 20 сарбаз әскери қызметі аяқталып, запасқа шығуына байланысты Тараз гарнизонына оралды. Табиғи апатпен бір ай бойы күрескен бейбіт күннің батырларына ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Бір ай бұрын бұл жауынгерлер Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригаданың біріккен жасағы құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Тараздан Атырау облысына келген болатын. Аталған бригаданың үш жүз әскери қызметшісі тәулік бойы Жайық өзенінің жағасын нығайтып, бөгеттер тұрғызды.
Әскери бөлім сарбаздарды салтанатты жағдайда қарсы алды. Келесі күні оларға әскери билеттер мен жоғары оқу орындарына түсу сертификаттары табысталып, алғашқы лек үйлеріне қайта бастайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері мен әскери қызметшілері Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуды жалғастыруда. Әскерлерден өңірге барлығы мыңға жуық әскери қызметші жіберілген