Саясат

Орталық Азияның қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар басқосты

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап

Қасым-Жомарт Тоқаев делегация басшыларына ілтипат білдіре отырып, Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының алғашқы кездесуі сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сондай-ақ оған қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналуы керек екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі саналады

Аталған жиын 9 тамызда Астанада өтеді. Сондай-ақ Қазақстан ұйымның биылғы төрағасы ретінде алдағы саммиттің әлеуетін нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларды аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоюға және оларды араздастыруға тырысушы бөгде күштерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесудің қорытындысы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.