Жаңалықтар

Қазақстандықтардың зейнетақы шотына алғашқы жарна түсті

«Азаматтарға арналған үкімет» 2024 жылдың төрт айында 59 млрд теңге мөлшерінде 1,7 млн төлем өңдеді. Бұл сома биыл алғаш рет енгізілген жаңа төлемнің – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының сомасы.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туылған әр қызметкер үшін табысының 1,5% мөлшерінде төленеді. Жарна алдымен «Азаматтарға арналған үкіметтің» шотына түседі. Мемлекеттік корпорация Әлеуметтік Кодекстің 17-бабына сәйкес әр салымшының барлық зейнетақы жарналарының есебін жүргізеді. Содан кейін ЖБМЗЖ сомасы үш жұмыс күннің ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шартты зейнетақы шоттарына аударылады.

ЖБМЗЖ-ның он пайыздық зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) айырмашылығы - бұл сома қызметкердің меншігі болып есептелмейді, капиталдандырылмайды және мұра ретінде қалдырылмайды.

Шартты жинақтар - зейнетақы жүйесіндегі қосымша деңгей. Зейнетақының бір бөлігін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарынан алу үшін жүйеге қатысу өтілі 5 жылдан кем болмау керек. Бұл ретте жинақталған ЖБМЗЖ-ның біржолғы төлем сомасы 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен аспауы тиіс.