Өмір үшін күрес
Әңгіменің басы әжемнің «Адамның дегені емес, Алланың дегені болады» деген сөзінен басталды. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі еді. Айнала жым-жырт мүлгіген тыныштық. Тек токтың сымына қонып отырған шымшықтардың әсем даусы ғана естіледі. Осындай бір мүлгіген тыныштықты көрші Асқардың күңіренген ащы даусы бұзды.
Асқар жасы отыздан асқан, ұзын бойлы, қараторы, қара мұртты кісі еді. Асқармен көрші болғанымызға біраз жылдың төңірегі болып қалыпты. Әжемнің айтуынша, Асқардың әкесі Жұмаш ата ерте дүние салған екен. Анасы Ажар күйеуінен қалған жалғыз тұяқты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеген еді. Осылай мәпелеп өсірген баланың анасы Ажардың кетер алдындағы соңғы тілегі көзі тірісінде ұлының үйленгені, шаңырағының оты сөнбегені болып еді. Амал не, бетінен қақпай өсірген баласы Асқардың есірткінің құрбанына айналғаны соншалық, анасының дүниеден өтердегі соңғы тілегін де орындауға жарамағаны Ажар әженің жүрегіне қара тікендей қадалды. Арада біраз жыл өтті. Ажар әже дүние салғаннан кейін де Асқар есірткіге тәуелділігін қойған жоқ, қайта керісінше, есінен адасып, жынынан айырылған бақсыдай айқайлап, жұрттың мазасын қашыратын еді. Бұл оқиға бәрінен де әжеме қатты әсер етті. Әжем көз алдында өскен кішкентай ғана Асқардың осындай халге түскенін көріп жүрегі ауырып, «Адамның дегені емес, Алланың дегені болады, қарағым. Пешенесіне жазылған тағдыры осы ғой» деп іштей тынушы еді.
Күн ұясына бата бастаған кез. Малымызды жайғап болғаннан кейін үйге кірдік. Бір уақытта шай үстінде әжем маған қарап: «Балам, қораның аузын құлыптадың ба? – деді. Мен ол кезде кішкентай ғана есі кіресілі-шығасылы аңғал, ақкөңіл баламын. Әжемнің тосыннан қойған сұрағына «Иә, әже, жаптым» деп жауап бердім. Бірақ, шын мәнінде, қораның аузы жабылмаған еді. Кеш қарая жатуға ыңғайландық. Мен әжемнің баласы едім. Әжем екеуміз пеш орналасқан түкпір бөлмеге жататынбыз. Ол заманда көгілдір отын деген атымен жоқ. От жағып, күл шығаратын кез. Анам әжем екеуміздің төсегімізді түкпір бөлмедегі пештің жанына салатын. Мен әжемнің қолынан демеп көмектесетінмін. Не керек, қалың көрпеге оранып, тәтті ұйқыға кеттім. Бұл оқиға түнде мен шырт ұйқыда жатқанымда болған екен.
Түн ортасы. Әжем далада шыққан у-шудан селк етіп оянып кетіпті. Далада ит тоқтаусыз үріп жатыр. Темір-терсек сықырлап, мал мөңіреп, жылқылар кісінеп, берекесі қашыпты, құдды бір қораға ұры түскендей. Әжем бір уақытта орнынан тұрып, әкеме барып: «Балам, далаға шықшы, қораға біреу түскен секілді?» деп даусы дірілдеп үрейлене үн қатты. Әкем орнынан атып тұрып, сыртқа шығып, білдіртпей қора жаққа беттепті. Әжем мен анам осы уақытта жанын шүберекке түйіп отыр. Не керек, әкем қораға кірген кезде біреу байлаулы тұрған сиырымызды жетектеп қорадан шығып бара жатыр екен. Оны көрген әкем әлгі адамды тарпа бас салды. Сиырымызды жетектеп алып кетіп бара жатқан көршіміз Асқар болып шықты. Әкем Асқарды сабасына түсіргеннен кейін әжем мен анам да далаға шықты. Не керек, арада біраз әңгімелер болып, Асқар істеген ісі үшін әжемнен кешірім сұрап, етегіне жығылыпты. Асқардан неге мұндай іске барғанын сұрағанда, әлгі есірткіге ақша таппай, көзі қарайып, біздің қораға түскенін айтып, істеген ісіне өкінетінін жеткізген.
Ертесіне таң ағарысымен-ақ, әкем мен әжем екеуі таңғы шайын ішер-ішпестен киініп, көлікті оталдырып, Асқарды қоса мінгізіп алып, қалада орналасқан арнайы есірткімен күрес орталығына емдетуге алып барды. Өзінің осы күйінен өзі шошынған Асқар да ем алуға мойынсұнды.
Не керек, арада біраз уақыт өтті. Мен де ер жетіп қалғам. Асқар бес жыл орталықта ем-шаралардың ұзақ та қиын жолынан өтіп, жағдайы тұрақталып, сауығып шықты. Жағдайы жақсарды. Үйленіп, балалы-шағалы болды. Өзінің ашқан кәсібі бар.
Менің бұл әңгімені жазудағы мақсатым, кейіпкерім Асқардың аянышты бейнесін көрсету арқылы жастарды есірткіден аулақ болуға, есірткінің құрбаны болмауға шақыру. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар. Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 18,5 мыңнан астам нашақор тіркеуде тұр, оның ішінде 1,5 мыңы әйел, сондай-ақ 94 жасөспірім тізімге енген. Бірақ бұл нақты тіркеуде тұрғандардың саны, ал, шын ахуалға келетін болсақ, науқастар саны бұдан бірнеше есеге асып түсері анық. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.19 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткіге елітудің көрсеткіштері ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Сондықтан, кеш болмай тұрғанда жастар ойланса, есірткіні қабылдамай тұрып, бас тартса деген ой ғана.
Нұрсұлтан НҰРҒОЖАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология білім бағдарламасының 2-курс студенті.