Жаңалықтар

«БОЛАШАҚПЕН» оқуға түсу өте оңай»

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының форсайт зерттеулері бойынша жобалаушы менеджері, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, Arizona State university (АҚШ) түлегі Айгүл Габдуллина жұмыс сапарымен Тараз қаласына келген болатын. Осы орайда біз білікті маманмен сұхбаттасып, тіл үйренудің қыр-сырын және өзге елдердің мәдениеті туралы сұрап білген едік.

Шыны керек, шетелде оқыған десе көз алдымызға түрлі қиындықтар мен ұзақ уақыт дайындықтан өткен немесе жолын тауып, бағы жанған адам елестейді. Ал, сіздің тіл үйренуіңізге не себеп болды?

− Мен «Болашақпен» оқысам деп армандаған емеспін, шыны керек. Бірақ шетелде оқуға, тіл үйренуге деген құштарлығым бала кезден болғаны рас. Оған сонау 5-сыныпта себепкер болған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлбар апай еді.

Мен шағын ғана Орал деген қалада туып-өстім. Менің бағыма орай Гүлбар Амантайқызы деген кісі ағылшын тілінен сабақ берді. Шашы ұзын, шашбау тағып жүретін. Бағым деп білетінім, ол кісі сыртында екі қабатты қызыл автобустың суреті бар «Happy English» деген кітапты алып келіп: «Шетелде адамдар осы автобуспен жүреді. Егер тіл үйренетін болсаңдар, сендер де осы автобуспен жүретін боласыңдар», − деді. Кішкентай бір қыздың қиялына қанат бітіріп, тіл үйренуге деген құлшынысын арттырып, мақсатын айқындап бергенін ол кісі сезді ме екен, ол жағын білмеймін. Бірақ мен сол бір ауыз сөзден кейін 15 елдің 20-шақты қаласын араладым. Ағылшын тілін Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен оқып келіп, Америкада, Лондонда, Парижде және тағы да басқа көптеген қалаларда тұрып, ел мен жер көрдім.

Оған дейін алдымен Орал педагогика колледжін «ағылшын тілі маманы» бойынша бітіріп, Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ағылшын тілі мұғалімі мамандығын алдым. Аталған оқу орнында осы мамандық бойынша магистратураны тәмамдап, бір жыл жұмыс істедім. Кейін «Air Astana» әуекомпаниясына рекрутингпен айналысатын (recruiting) HR-маман болып ауыстым. Яғни, кадр бөлімінде жұмысқа қабылдау үшін жаңадан келген мамандармен сұхбаттасатынмын. Байқасам, оқуды жаңа бітірген мамандардың ешқайсысы ағылшын тілін жетік білмейді.

─ Сонда жоғары оқу орнын бітіріп, маман ат анғандардың көпшілігі тілді жақсы меңгермегені ме? Ол кезде сіз де жассыз және оқуды жаңа бітірген кезіңіз. Өзіңіз ағылшын тілін жетік меңгерген екенсіз. Шет тілін қайда және қалай үйрендіңіз?

− Мен оқуға түсер алдында үйретуші жалдап, өзім үшін үйренгенмін. Қосымша сабақ алып жүрдім. Алты ай бойы күндіз-түні оқып, өзімді әбден тіл үйренуге салғанымның нәтижесінде меңгеріп шықтым. Сол уақыттың ішінде ағылшынша кітаптар оқып, сөйлесуге ден қойып, барынша тырысып-бақтым. Ал, үйренгеннен кейін оны ұмытып қалмау үшін сөйлесу клубтарына (Speaking club) кірген абзал. Ондай клубтар бізде көп. Мен, мысалы, бос уақытымда сондай клубтардың бірін жүргіземін. Қазақстандағы тіл білетін және шетелдегі достарыммен бірге жиі сөйлесіп тұрамыз.

Ал, рекрутингте әлгіндей болашақ ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің деңгейін көргенде, оқушыларды аяп кетіп, тағы бір арманым пайда болды. Сөйтіп, айлығы жоғары жұмысымды қиып тастап, 2019 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Аризонаға аттандым.

─ «Болашақпен» оқуға түсіп, шетелде білім алу расында да қиын ба екен?

− Негізі жастарға айтайын, «Болашақпен» оқуға түсу өте оңай. Ағылшын тілін меңгеріп, IELTS тапсырса болды, басқа емтихандар қиын емес. Ал, ол жақтағы оқу туралы айтар болсам, негізінен зерттеу жұмыстарына басымдық береді екен. Мамандығым білім саласындағы саясат болғандықтан, жергілікті әкімдіктердегі, мектептердегі жиналыстарға қатысып, сол туралы зерттеу жұмыстарын дайындайтынмын. Штаттардың әкімдерінен сұхбат алатынбыз. Осылайша, тәжірибеге басымдық беріп, бізді оқу процесіне белсенді түрде араластырды. Ол жақта мектеп қабырғасынан бастап статистиканы үйретеді екен. Сондықтан олар жоғары оқу орнына келгенде зерттеу жүргізуге дайын болып тұрады. Оқу бітіргеннен кейін елге оралдым. Қазір Астанада жұмыс істеймін. Атқаратын қызметім, шетелде алған біліміммен, яғни білім саласындағы саясатпен тығыз байланысты.

Жалпы, шетелде оқудың, әрине, өз қиындықтары бар. Алайда, кез келген елде шетелдік студенттерге қамқорлық танытатынын, түсіністікпен қарауға тырысатынын, сол арқылы көп жеңіл болатынын ескеру керек. Өзге елде жалғыз жүрудің оңай емес екенін білгендіктен ол жақта да оқытушылар мен кураторлар ерекше көмектесіп жүреді. Сондықтан, басқа елге барғанда мен қиналып қалам, ешкімді танымаймын, оқудан шығарып жіберсе қайтем деген қорқыныш болмауы керек.

─ Ілгеріде көптеген елдерде болғаныңызды және кейбірінде тұрып та көргеніңізді айттыңыз. Ол ағылшын тілін білгеніңіздің арқасында ма, әлде басқа тілдерді де меңгергенсіз бе?

− Мен басқа елдерге өз жұмыстарыммен жиі баратынмын. Шағын бизнесімді дөңгелету үшін біраз елде болдым. Сол кезде маған қиын болған жоқ. Себебі, мен бес тіл білетінмін. Ол – қазақ, ағылшын, түрік, корей, орыс. Мысалы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ағылшын, түрік тілі мұғалімі білім бағдарламасын оқыдым. Орыс тілі мен өзімнің қазақ тілімді қосыңыз. Корей тілін мен таза қызығушылықтың жетегімен меңгердім. Алматыда студент кезімізде корей халқының K-pop деген жанры шықты. Соған қызығып, кәріс тілін үйрене бастадым. Әбден кіріскендіктен нәтиже де көп күттірген жоқ. Бүгінде Корея менің екінші отаным десем де болады. Өте көп барамын, жарты жылдай тұрдым, тамағы да ұнайды.

─ Расында да, кәрістердің биі, тамағы, кинолары жастардың арасында кең танымал. Оның жастарды баурап алатын қандай құдіреті бар? Жастардың сол елдің тілін меңгеріп, еліне баруға құмартуының ар жағында ешқандай қауіп жоқ па? Жалпы, барғаннан кейін не көрдіңіз? Халқы несімен ерекшеленеді?

− Ол адамның өз сана-сезімі мен ақыл-ойына байланысты. Мысалы, мен тілін үйрендім, еліне бардым. Одан өз елімді жақтырмай қалған жоқпын немесе сол жақта қалып қалу да ойымда болған жоқ. Бұл тек менің өрісімді кеңейтті, қосымша білім мен дағдыларды берді. Яғни, ұтпасам, ұтылған жоқпын. Ал, халқына келер болсақ, кәрістердің тамағы ғана емес, адамдардың бір-біріне деген қарым- қатынасы да ерекше көзге түсті. Олар сенің көңіліңе келіп қалмасын деп, ұсақ-түйекке де ерекше мән береді. Адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырмауға тырысады. Көңіліне қарап, ұялтып қойса қылмыс жасағандай қатты қысылатынын байқадым. Олардың бір-біріне деген құрмет көрсететіні соншалық, «карточка» берсе де бір қолмен емес, екінші қолымен демеп барып, ілтипатпен ұсынады. Оларда рақмет айтқанда иілетіні де ізеттілігінде. Біз кинолардан оларды қалай көрсек, өмірде де тура солай екен. Олар өз салт-дәстүріне қатты берік және мейлінше ұстанатын, соның жетегімен жүретін халық. Өздерінің мәдениетіне көп елдерді қызықтырып қана қоймай, елтіп кете алады. Олардың мәдениетін жақсы көрмейтін ел аз шығар деп ойлаймын.

─ Түрік, кәріс тілдерін де жақсы білем дедіңіз, оның қандай шарапаты болды? Түркияда болдыңыз ба?

− Иә, Стамбұлда, Анкарада тұрып көрдім. Біздің салтымыз да, тіліміз де ұқсас. Түрік тілін 3-4 айда жетік меңгеріп алуға болады. Ол ағылшын тіліне қарағанда әлдеқайда жеңіл. Ал, кәріс тілі одан да оңай. Оның әріптері аз, тек дифтонг дегені болмаса, басқасы қиын емес. Бірақ, қазақ тілін білген адамға кәрістің дыбыстары оңай түседі екен. Біздің қазақша әріптеріміз ол тілді үйренуге көп көмектеседі. Бастапқыда кәріс тілін сол елдің елшілігінде үйрене бастадым. Аз уақыттан кейін- ақ Кореяда адаспай жүріп, жол сұрай алатындай, тамақ алып жейтін жағдайға жеттім. Алты айда жұмасына бір рет елшіліктен алған дәрісімнің нәтижесі білінді.

Студент кезімде менің ақылы курстарға баруға, репетитор жалдауға мүмкіндігім болған жоқ. Сондықтан іздеп жүріп, елшіліктегі тегін курсты таптым. Яғни, қаражаттың жоқтығын сылтауратуға болмайды. Үйренем деген адамға көптеген мүмкіндіктер бар дегім келеді. Тек уақытты бөлуге дайын болу керек. Одан кейін сол тілге деген қызығушылық болуы керек. Маған ешкім кәріс тілін үйрен деген жоқ, сол кездері жастар арасында танымал болған кәріс кинолары да менің қызығушылығымды оятты деп ойлаймын. Және менің түсінгенім, не нәрсені де түпнұсқадан алған дұрыс. Мысалы, киноны сол тілде көрсең, әсері бөлек болады. Кітапты да түпнұсқадан оқығанның артықшылығы басым. Егер, «Абай жолын» қазақша оқысаңыз тереңіне бойлай аласыз, ал орысшасы басқаша, екеуі екі түрлі әсер береді.

─ Негізі «Абай жолын» оқымаған қазақ, қазақ емес» деп жатамыз ғой. Десек те, әдебиет туралы айтқанда оқитындар мен оқымайтындар болып бөлініп, кейінгісі басым түсіп жатады ғой. Сіз қайсысына жатасыз? Әдеби кітаптарды жиі оқисыз ба?

− Менің анам мектепте отыз жыл кітапханашы болған. Сондықтан, біздің отбасымызда кітап қанымызға әбден сіңген, әдетке айналған, таңертең де, түсте де, кешке де қолымыздан түспейтін құнды дүние. Оны оқымаған күніміз болмайтын. Әдебиеттің барлық жанрын, прозаны, поэзияны қазақша да, шет тілінде де оқи беремін. Бірақ шыны керек, ағылшын тілінде поэзия оқыған қиын. Шекспирдің тілі көне болғандықтан түсіну оңай емес. Сондықтан, оның қазіргі ағылшын тіліндегі нұсқасынан оқыған жақсы. Негізі ағылшын тілі көне және жаңа болып бөлінеді. Ескі әдебиеттерді түсіну қиынға соғатыны сондықтан. Бізде қазір қолданыста жоқ көне сөздер бар ғой, сол сияқты ағылшында да ескі тіл бар. Алайда, ағылшыннан сөздік қорды молайту үшін оны да оқыған артықтық етпейді, әрине. Ол енді әркімнің өз деңгейіне байланысты.

Кәрісше де, түрікше де кітаптарды оқып тұрамын. Әсіресе, түрікше және ағылшынша газеттерді оқып тұрудың көмегі көп. Ол бір лайфхак десем де болады. Ал, кәрісше газеттердің тілі күрделілеу келеді, оның қысқа әңгімелерін оқуға болады. Жалпы, заманның өзі бізден жаңалықтардан хабардар болып отыруды талап етеді. Сондықтан әдебиетпен бірге газетті де оқу керек қой. Әрі жаңалықтарды біліп отырасыз, әрі сөздік қорыңыз молаяды.

─ Басқа қандай да бір қызығушылықтарыңыз бар ма? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

− Адам ерінбесе болды, қызығушылықтың сан алуан түрі бар. Тек сергек болу керек. Мысалы, мен 33 жастамын. Екі жоғары оқу орнын, екі магистратураны бітірдім. Көптеген курстардан өтіп, бірнеше жерлерде жұмыс істедім. Тілдерді үйреніп, 15 шақты мемлекетте болдым. Алайда, мұнымен толдым, болдым деп айта алмаймын. Менің үйренетін, білетін нәрсем әлі көп. Әлі ізденіс, білім мен тәжірибе керек. Жаңа дүниелерді үйренгім келеді. Сондықтан бос уақытымды тиімді жұмсауға тырысамын. Егер бір адамның қандай да бір шаруаға кірісуге уақыты жетпесе, ол өміріне спортты кіргізу керек. Сол кезде ол бәріне үлгереді. Себебі, спорт қосымша 5-6 сағатты ұзартатын күш береді екен. Мысалы, мен 23 жасыма дейін жүзу білмегем. «Осы күнге дейін жүзу білмегенім қалай?» деп, өзімді қамшылап, тренер жалдап, үйреніп алдым. Жай суда әрлі-берлі малтуды ғана емес, спорттық, кәсіби жүзуді үйрендім. Одан кейін арнайы кикбоксингпен айналысамын. Оны үйренуіме шетелге шыға бастауым себепші болды. Қалай десек те, жалғыз өзім шыққандықтан қорқыныш болғаны рас. Әрі қыз баламын, қорғана алуым керек деген ой тұрды. Өзгелерден жаман нәрсе күтпейсің, әрине. Бірақ өзіңе сенген дұрыс. Сол үшін Құдай сақтасын, бірақ жоқ дегенде өзіңді- өзің қорғай алуың керек деген мақсатпен үйрендім. Бұдан бөлек, аптасына үш рет спорт залына барып, жаттығып тұрамын. Таңертең иогаға барып, кешкі уақытта жүгіремін.

Мектеп кезінде бес жыл суретке барғанмын. Сондай-ақ, дұрыс тамақтануға да мән беремін. Нутрициология туралы кітаптарды да көп оқығам. Адамға шыны керек, үш рет тамақтанудың керегі де жоқ екен. Интуитивтік тамақтану режимін ұстану керек. Ол дегеніміз, қарнымыз ашқанда ғана жеу керек деген сөз. Яғни, егер тоқ болсақ елмен бірге ұят болады деп жей беруге болмайды. Өйткені, асқазанды толтыра беруге болмайды. Мен күніне бір рет қана тамақтанамын. Басқа уақытта шай, көкөніс, жеміс-жидек жеп жүре беремін. Бірақ күні бойы жұмсаған энергияны да ескеру қажет. Мысалы, бір күнде көп қимылдап, жұмыс істеген болсаңыз, онда диета деп шектеп тастауға болмайды, қажетінше тамақтану керек. Меніңше, ең бастысы − адамның денсаулығы мықты болуы керек.

─ Әлі де ізденіс керек деп қалдыңыз бір сөзіңізде. Ағылшын тілін жетік білмейтін мамандар шығып жатқанына алаңдап, тағы бір арманым пайда болды дедіңіз. Ол қандай арман? Әлгі ізденіс сол арманды орындау үшін қажет болғаны ма?

− Иә, өте дұрыс байқағансыз. Біз отбасымызбен Мұқағали Мақатаевты, Мұхтар Шахановты және тағы да басқа көптеген ақындарды жақсы көреміз, өлеңдерін жатқа оқимыз. «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, Үлкен бақыт табу үшін ғаламда, Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға», деген Мұхтар Шахановтың өлеңі бар. Баланы кішкентайынан дұрыс қалыптастыру үшін оны бағыттап, мүмкін емес, қиын нәрсе жоқ екеніне сендірсе, ол үмітпен алға жылжиды екен. Егер балаға «сенің қолыңнан не келеді» десе, ол сөз кері әсер етуі мүмкін. Менің ата-анам соны білген болуы керек, мені армандатып, соның жетегімен жүргізе алды. Ал менің арманым – кішкентай балаларды тіл үйренуге жетелеу. Ол үшін тілді үйренуді оңайлататын жоба немесе бағдарлама жасауды жоспарлап жүрмін. Себебі, қазіргі кейбір ата-аналардың өзі де «Болашақпен» оқуды қол жетпейтін арман» сияқты көргендіктен балаларын оған бағыттамайды. Әрі түсу оңай емес, әрі шетелде оқу қорқынышты деген сияқты сылтауларды көп айтады. Егер ата-аналардың өзі осылай ойласа, ол балаға басқа кім бағыт-бағдар бермек? Осыны ойлағандықтан және балаларға көмектескім келгендіктен мен бір жоба жасағым келеді. Оның негізгі мақсаты – ағылшын тілін ауылдың балаларына оңай жолмен үйрету. Әйтпесе, шыны керек, 4 жыл жоғары оқу орнын бітірген ағылшын тілі мамандарының өзі жетік біліп шықпайтынын көз көріп жүр. Сондықтан балаларға ұстазсыз- ақ үйретудің жолдарын қарастырғым келеді. Ол роботты қосымша бола ма, әлде чат-бот немесе бағдарлама жасау керек пе, әлі ол жағын айта алмаймын. Бірақ оны жасап шығу менің арманым және алға қойған мақсатым. Балалар сол арқылы ағылшынды үйреніп, IELTS тапсырса болды, ары қарай жол өзі-ақ ашылады. Менің диссертациямның тақырыбы да «Білім саласындағы үй тапсырмасын үйретуге арналған чат-боттар» болатын. Америкада сонымен айналысқанмын. Таныстарым, достарым да балаларының үй тапсырмасын орындауға көмектесуімді сұрап, көп хабарласатын. Бесінші сыныптың баласына ағылшын тілінен берілген үй тапсырмасын ата-анасы түсінбей отырады. Сондай кездерде «танысы жоқ балаларға кім көмектеседі?» деп ойлайтынмын. Ол да бір жағынан менің қазіргі арманыма қанат бітірді. Егер үй жұмысы енгізілген, онлайн-репетитор сияқты программалар ойлап шығарсам, балаларға сол көмекші болар еді. Ол қолдан келетін шаруа, тек білек сыбана кірісу қажет.

─ Шетелде жұмыс істеп көрдіңіз бе?

− Шетелде жұмыс іздегенде сенің дипломыңа емес, құзыреттілігіңе қарайтынын байқадым. Дипломға тіпті мүлде мән бермейтін жерлер де бар. Ал, түйіндеме өткізетін кезде жасыңды, суретіңді көрсетпейсің. Яғни, олар жасыңа да, бет-әлпетіңе де мән бермейді. Зейнет жасына жақындаса да жұмысқа ала береді, қабілеті болса болды. Түйіндемеден кейін сұхбаттасуға шақырып, «қолыңыздан не келеді, қандай тәжірибеңіз бар» деп сұрайды. Мен жобалаушы менеджер ретінде жұмысқа орналасуға барған едім. «Проектный менеджментті» мен Америкада оқыдым. Мамандығым «Білім саласындағы саясат» болса да, қосымша Google-дің жобалаушы менеджерлігінің 6 айлық курсын тәмамдап, білім саласындағы жобалар туралы іздене бастадым. Сөйтіп, Америкада жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтап алдым.

Google-дің курсы өте арзан болатын, оған да мүмкіндік болмаса «маған қиын түсіп жатыр» деп хат жазса, қаржылық көмек деген бөлімі қарастырып, оқуды тегін етуі мүмкін. Оны Google- да істейтін адамдар жасаған. Оны шетелдің адамдары да көп оқиды. Себебі, зерттеуге қатысты көп нәрсе үйретеді. Ол жақта негізінен қара мен ақ нәсілді адамдарды қосу мәселесі өзекті екен. Қара нәсілді балалар мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түспейді. Оларда оқытушылар да көбінесе ақ нәсілділер. Жоба жасап жүргенде осы мәселені зерттеп, тәжірибе жинақтадым. Яғни, менің бір мамандығым зерттеумен, анализ жасап, нәтижесін көрсетумен байланысты. Бүгінде осындай жобалар бойынша шетелден тапсырыс қабылдап, қосымша табыс көзіне айналдырдым.

Одан бөлек ІТ саласындағы веб-әзірлеушінің алты айлық курсын оқып шықтым. Себебі, қазіргі кезеңде ІТ-дің қажеттілігі артып отыр. Бұл курстан алған біліміммен де сайт әзірлеу, оны тексеру бойынша жеке тапсырыс алып тұрам. Кейбір компаниялар өздерінің сайты қаншалықты жақсы істейтінін немесе мобильді қосымшасының оңтайлы екенін тексертуі мүмкін. Тест-драйв жасап берем.

─ Яғни, ізденген жанға табыс көзі де көп дейсіз ғой?

− Иә, ерінбеген адамға барлық мүмкіндік бар. Қазақстанда тегін оқуға мүмкіндік бар. Қосымша дағдыларды да тегін игеруге болады. Ал ол, өз кезегінде, табыс көзіне айналады. Мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Бәріне өз күшіммен жеттім. Жастарға да тек алға жылжуға, тіл үйренуге кеңес берер едім. Алда қандай жағдай күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Ал, үйренген кезекті тілдің пайдасы міндетті түрде көмектеседі. Мысалы, мен кәрістің киносы мен мәдениетіне қызыққаным рас, сол үшін тілін меңгердім. Алайда, ол Оңтүстік Кореяға баруыма себепші болады деп ойламаппын. Тіл білгеннің арқасында ел аралауға ынта артады. Себебі, ол жақта қалай жол табам, іздегенімді сұрай алмасам ше, адасып кетсем, ауырып қалсам, дүкеннен сауда жасау керек болса және тағы сол сияқты қорқыныш сезімі болмайды. Отбасыңды да емін-еркін аралатып, сол елдің мәдениетімен танысасың. Тіл білген адамның алдынан түрлі есіктер ашылады.

Тіл үйренудің тағы бір қызық жағы бар. Ол – бір шет тілін үйренген адамға екінші тіл екі есе оңай түседі. Себебі, бірінші тілді меңгерген кезде ойда тіл үйрену тактикасы калады.

─ Замандастарыңызға, жастарға тіл үйренуге, бос уақытты тиімді пайдалануға қатысты қандай кеңес берер едіңіз?

− Әрине, өзім жас болғандықтан, кеңес айтуға ерте шығар. Бірақ уақытты тиімді жұмсау жөнінде айтар бір-екі жастар тілімен айтқанда «лайфхак» бар. Ол, біріншіден, күн тәртібіне міндетті түрде спорт енгізу. Ол күнделікті тіс жуатынымыз сияқты әдетке айналуы керек. Сол кезде адам да «Мистер пропер»-ге айналып, бұрын бір күн істейтін шаруаны бір-екі сағатта тындырып тастайды. Шаршамайды, энергиясы тасып, күш-қуаты арта түседі.

Екіншіден, жоспарлау. Кешке жатар алдында ертеңгі күнді жоспарлау керек. Ми түнімен сол ақпаратты қорытып, келесі күні шаруалар өздігінен рет-ретімен орындалады. Оның үстіне бұл ерте тұра алмай жүргендерге жақсы лайфхак. Себебі, күнді жоспарлау әдетке айналса, таңертеңді асығып күтетін болады. Ал, жоспарлаған жұмыстар орындалса, ол адамды бақытқа кенелтеді.

Бүгінде жастар көп уақытын әлеуметтік желіге шығындайды дегенді көп естиміз. Менің кезімде тик-ток болмағандықтан оны жатырқайтыным рас. Ал, өзге әлеуметтік желілерді үнемі қолданамын. Себебі, әлемде болып жатқан жаңалықтарды газеттерден ғана емес, сайттар мен әлеуметтік желілерден де көруге болады. Сондықтан, мен Қазақстандағы және әлемдегі жаңалықтарды үнемі қарап отырамын және жастарға да оның тек пайдалы тұсын пайдалануға кеңес берер едім.

Ал, ағылшын тілінен деңгейін көтергісі келетіндерге бала оқытқанның пайдасы зор. Мысалы, ағылшын тілінің маманы оқушыларға үйрету арқылы өзі де ұмытып қалмай, дами түседі. Өзі ізденеді, үйрете жүріп үйренеді. Ал, ұмытып қалмау үшін сөйлеу клубтарына қосылуы керек.

Егер «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсуді армандап, бірақ жолын білмей жүргендер болса тегін кеңес беруге дайынмын.

─ Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ,

журналист, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы.