Денсаулық

Көне тарих көмбесі қашанғы көміліп жатады?

Жиырма ғасырдың жауһары – қасиетті қарт Тараз талайғы тарихынан бері өзінің құндылығын жоймай, қайта бары түрленіп, жоғы түгенделіп келе жатқан мәуелі мекен. Десек те, қазақ хандығы құрылмай тұрып жаһанға өркениетімен жар салып, мәдениеті мәшһүр болған, бұл күнде тарихтың темірқазығы атанған Тараз қаласында әлі күнге туризмнің жалауы желбіреп тұр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Неге? Елдегі ешбір шаһарда жоқ қазыналы тарихымен туризмнің туын Таразда көтере алмасақ, онда басқаға сөз шығындап қайтеміз. Оған қоса аймақтағы қазба жұмыстары әлі күнге жалғасын таппай тоқтап, топырағы тозаңға айналып жатқан археологиялық нысандардың жайы тағы бар...

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аймақтың тарихы туралы айтқанда қорымызда сөздің қоқымы да қалмай, алдымызға жан салмайтынымыз жасырын емес. Бірақ, сол құндылықтарымызды бағалауда әлі де құрғақ сөзбен ғана шектелетініміз өкінішті. Себебі, өңірдегі тарихи маңызы терең нысандардың басым көпшілігінде қазба жұмыстары тек кеңестік кезеңде жүргізілген. Яғни, көзқарас та көмескіленіп тұрғаны анық. Ал, еліміз тәуелсіздік алғалы сан ғасырлық тарихтың сандығы әлі ашылмаған қалпы тасада қалып барады. Мемлекет қорғауындағы қалашықтардың жай-күйі де мәз емес. Бірі аң мен құстың панасына, енді бірі жақын елді мекендегі шаруалардың қорасына айналып бара жатқаны да жанға батады. Туризмді түлетуге таптырмайтын тарихи тәсіл біздің аймақта осылайша аянышты халден айналып шыға алмай жүр. Осы тұста дамыған Еуропа елдерінде тарихи нысандарды маңыздылығына қарай жекеменшікке беру мәселесін мықтап қолға алғанын да айта кеткенді жөн көрдік. Бұл істі өзімізде неге қолға алмасқа деген салмақты сауал туындайтыны анық. Салаға инвестор тартып, болмаса жалға беру арқылы туризмді де дамытып, тарихты да жаңғыртып, шағын кәсіпкерлікті де шалқытуға болмас па еді деген сұрақпен жауапты мамандардың пікірін білдік.

Бұл жерде өңірдегі тарихи нысандардың жерге орналастыру құжаттары мәселесін де айта кеткен жөн. Себебі, аймақтағы 3448 тарихи- мәдени ескерткіштің әлі жартысының да толыққанды құжаты рәсімделіп бітпеген. Аталған дирекция мен аудандардың бірлесе жұмылуының нәтижесінде 726 нысанның қорғау аймағы белгіленіпті. Қалғаны алдағы уақыттың еншісінде.

Ал белгілі археолог, тарихшы, өлкетанушы Сауран Қалиев тарихи нысандарды жалға беру құндылықтарымызды талан-таражға салумен бірдей деген пікірде.

Өз сөзінде өлкетанушы Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында ашылған ашық аспан астындағы музейдің де мәселесіне көңілі толмайтынын атап өтті. Айтуынша, өңірдегі мұндай тарихи орындарды талапқа сай сақтай алмасақ, қыруар қаражат шығындап, дәл бүгін қазба жұмыстарын жалғастырудың да қажеті шамалы.

Мемлекет басшысының өзі астын сызып атап өткен нысанның біздегі күйі күйреу алдында тұрғаны шынымен санаға салмақ салатын мәселе. Дамыған елдер жоқтан бар жасап, туризмді дамытудың тетіктерін ойластырып жатқанда, қырық сылтаудың қырынан аса алмай, барымызды батпаққа айналдырып отырғанымыз өте өкінішті. Батпақ деген сөзіміздің астарын аңдып, теңеуін тіміскілейтіндер болса, оларды Жуалыдағы Баркуаб елді мекеніне атбасын бұруға шақырамыз. Еуропа етек-жеңін жия алмаған ерте заманда екі қабатты үйде тұрып, кәріз жүйесін іске қосқан бабалардың Баркуабы бұл күнде жауын суының әсерінен құм астындағы құндылыққа айналып бара жатқаны елге де, жерге де аян. Сондықтан бүгінгі бағытымызды барды бағалауға бұрмасақ, көш жүргеннен түзелмейтінін түсінетін уақыт жеткен сыңайлы. Халықтың өз сөзімен айтқанда «Ат айналып қазығын табар», бірақ қазығымызды жоғалтып алсақ, қайда барамыз?!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ