Әлеумет

Майдан даласында да көзге түскен Айтбай

«Ер есімі – ел есінде», дейді халқымыз. Кешегі соғыс сызы солқылдатқан сұрапыл жылдарда Отан қорғауға аттанған азаматтарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда: «Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту аса маңызды», деп атап өткен болатын. Демек, ерлердің ісі есімізде жүруі тиіс. Ұлы Жеңісті жақындатқан батырлардың қатарында Айтбай Назарбеков те бар. Біз бүгін ол кісінің аудан басқарған іскерлігін емес, қару асынып, Отан қорғаған сәттерін әңгімелегелі отырмыз.

Майдангер 1941-1945 жылдары Отан соғысына қатысып, Сталинград түбіндегі шайқастарға, Белоруссия мен Польшаны азат етуге белсене қатысқан. Ол кісінің сабырлы мінезі сарбаз кезінде де байқалған. 1941 жылдың сары күзінде 35 жігіт әскерге алынып, Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №105 атты әскерлер дивизиясының пулеметшілер полкінде қызмет етеді. Сарбаз болу үшін де сауат керек. Полк жанынан кіші командирлер әзірлейтін үш айлық курс ашылыпты. Айтбай Назарбеков аталған курсты оқып алып, бөлімше командирі болады. Атты әскерлер дивизиясының негізгі міндеті – әскер үшін жасақталған аттарға қарау. Сарышұнақ аязда ерте тұрып, аттарды тазалап күту, үш мезгіл жем-шөбін беру айтуға ғана жеңіл іс. Толассыз тірліктен талай сардарлар мен сарбаздар әбден қалжырап шаршайтын кез. Қасындағы майдандастарынан жеткен ақпарат бойынша сол ауыр кездерде де Айтбай бір рет те ренжіп, қабақ шытпаған екен. Отаншылдық деген осындай болса керек.

1942 жылы маусым айында майданға аттанып, Ресейдің сол кездегі Горький облысының қалың ормандары ішіндегі Горховед лагерінен бір-ақ шығады. Мұнда зеңбіректі қабылдап алып, зеңбіректің көздеушісі міндетіне кіріседі. Сол уақытта майдан даласында Айтбаймен бірге болған журналист Төлен Аймағанбетов бір естелігінде «Айтбайдың соғыс даласындағы төзімділігі мен байсалдылығын, әдептілігін, жанашырлығын айтпай кетуге болмайды. Бұл лагерьде де бізге тыным жоқ. Ертеден кешке дейін сабақ өтеді. Зеңбіректің бөлшектерін үйренеміз. Күндіз бөлшектеп, кешке жинаймыз, тазалап, майлаймыз. Одан бөлек, күнделікті әскери жаттығуымыз бар. Мезгіл күздің суығы болып қалса да, үстімізде жаздық киім. Тамағымыз мандырымды емес. Қырыққабат пен картопты тамақсынбаймыз. Төзбеске лаж жоқ. Қолымыз сәл босаса, Айтбай екеуміз бір-бірімізге сәлемдесеміз. Бірде үйде жалғыз қалған анамды ойлап, тұнжырап, қажып отыр едім. Қасыма Айтбай жайраңдап келіп құшақтап амандасты да: «Ой, Төке, өңің солғын, ауырып қалдың ба?» деп жағдай сұрады. «Анамның хабарын біле алмай, уайымдап отырмын» деп едім. «Ой, уайымдама. Анаң әлі талай хат жазады. Осындай сұрапыл кезде жазған хаты кешігіп жатқан шығар» деп қуантып, көңілдендіріп кетті.

Айтбай үнемі солай, өзін емес, өзгені ойлап жүретін. Ұрыс даласында талай бірге болдық. Әуелде жаудың күші басым болды. Бізді ілгері жылжытпай, қарсы шабуылды үдете түсті. Бас көтертпейді, қынадай қырып салады. Баспақ болған қойдай дөңкиіп, қимылсыз қалған сарбаздар. Шығынымыз тіпті көбейіп кетті. Жау жағы күндіз-түні тынымсыз мазалап, граната лақтырып, оқ жаудырып, бомба тастайды. Ол аздай, алдыңғы шептегілері жер бауырлап төніп келіп, окоптың және траншеяның үстіне гранатаны себеді. Ол төбеңде тұрып жарылады. Жердің тесігі табылса, кіріп кете жаздайсың. Ол аздай қарайған адам көрсе, қуалап жүріп оқ атады. Сондай өлім мен өмір арпалысқан сәтте де Айтбай екеуміз кездесіп, тілдесіп қаламыз. Мен: «Мынау қырғын соғыстан адам аман қалар деймісің» десем, ол: «Әсте қобалжымаңыз. Сіз бен біз тірі қаламыз. Елге аман-сау барамыз. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», деген бар деп жұбатады. Сол ұрыс сәттерінен де Айтбай табандылығымен, ақылдылығымен бірнеше сарбаздармен бірге аман шықты. Майданнан екеуміз де аман оралып, кейіннен ұзақ жыл бірге қызмет еттік», деп жазады.

Ел басқаруда ерекше еңбегі қалған Айтбай Назарбековтің майдандағы ерлік істері де ұрпаққа үлгі.

 

Есет ДОСАЛЫ