Жетпіс алты жылдан соң табылған жауынгер
Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Ұлтымыз ұлы қасіретті, сұрапыл соғыс жылдарының адам жанына салған жарасын әлі жадынан шығара қойған жоқ. Тиісінше, осынау торқалы тойды жақындатқан батырлардың есімі ел жадынан өшкен емес. Солардың бірі – Жүнісқадыр Сарыұлы.
1901 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген Жүнісқадыр Сарыұлы соғыстың қызған шағы 1942 жылы 25 қыркүйекте Меркі аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған. II Украин майданында 133-ші атқыштар дивизиясы, 681-ші атқыштар полкінің атқышы болған Жүнісқадыр Украинаның Клекотно селосын азат ету жолындағы кескілескен ұрыста ерлікпен қаза табады.
Батырдың туыстары жауынгер есімін елге таныту үшін бірнеше жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен. Осы жолда деректерді іздестіру мақсатында мемлекеттік және ресейлік мұрағаттарға қайта-қайта сұрау салғанымен, қос елдің Қорғаныс министрлігіне жолданған хаттар ұзақ уақыт бойы нәтиже бермеген. Тек жауынгердің немересі, отставкадағы полиция полковнигі Талғат Жүнісқадыровтың соңғы 25 жылғы ізденісінің нәтижесінде соғыс қаһарманының жерленген орнын 76 жылдан кейін, яғни, 2021 жылы ғана анықтаған. Деректер Жүнісқадыр Сарыұлы Украинаның Винница облысындағы бауырластар қабіріне Юнус Сарыев деген атпен жерленгенін дәлелдеп отыр.
– Атамызды іздестіру жолында 25 жылда Ресей, Украина, Польша елдерінің елшілігіне сұрау хаттар жолданып, архивтік деректер көтерілді. Меркі және Т.Рысқұлов ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінің мұрағаттарынан сәйкестендіру мақсатында ақпараттар жинастырылды. Сариев деген текпен Польша, Ресей елдерінен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан екі жауынгер анықталғанымен, деректерді сәйкестендіру кезінде басқа сарбаздар болып шықты. Тек 2021 жылы Украинаның Винницкая облысы, Шаргород ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкері Оксана Каролдан компьютерлік деректер қорында туыстық қатынасы анықталмаған жауынгер Сариев Юнус туралы хабарлама түсті. Оның барлық туысқандық белгілері атамыздың деректерімен сай келген еді, – дейді батырдың немересі Талғат Жүнісқадыров.
Кейіннен жауынгердің әскери лауазымы мен туған жылы, өскен жері мен жеке басына қатысты мағлұматтардың бәрі дерлік сәйкес келеді. Тек оның Юнус Сарыев есімімен жерленуі Жүнісқадырдың Жүніс, Сариевтің Сарыев болып өзгеруінен орын алған. Кеңестер Одағына тән мұндай бір ғана грамматикалық қателіктің құны, осылайша, 76 жылмен өтелді.
2022 жылы батырдың ұрпақтары бабасының басына зиярат етіп қайтуға дайындалғанымен, Ресей мен Украина арасындағы саяси қақтығыс салдары бұған мүмкіндік бермеді. Дегенмен, майдан даласына аттанғанда батырдың артында қалған ұлдары – Көшкінбай, Жақсымбай, Рәсіл, Рәсілбек, Келсінбайлардан бүгінде өсіп-өнген ұрпақтары бар. Олардың қатарында батырдың жоқтаушысы, отставкадағы полиция полковнигі Талғат Жүнісқадыров, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер Біржан Жүнісқадыровтар бар. Ер есімін елге танытып, ата-баба аманатын абыроймен арқалап жүрген Жүнісқадыр ұрпақтары аталарының Жеңіс күні қарсаңында туған жерінде ескерткішін тұрғызып, ас беріп, Құран бағыштауда.
Нұрболат АМАНБЕК