Жүз жастағы жауынгер
9 Мамыр – Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков бастаған ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері және сарбаздар Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Іс-шара барысында Жорабек Нұрмергенұлы көпшілікті Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, майданда кеудесін оққа тосқандардың ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев та сөз сөйлеп, жұртшылыққа жылы лебізін жолдады.
Содан соң көпшілік Ұлы Отан соғысының ардагері Әзім Жармұхамбетов ақсақалдың үйіне барды. Бүгінде Меркідегі көзі тірі жалғыз жауынгер 100 жаста. Ғасыр жасаған қариямызға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекелік құттықтау хаты табысталды. Қарияға ерекше құрмет көрсету кезінде оның иығына шапан жауып, сый-сияпаттар тарту етті.
Сондай-ақ, Әзім Жармұхамбетов тұратын Ақарал ауылында мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Нұржан ӘЛІШ