Жаңалықтар

Майдангерді құттықтады

Халқымыз үшін Жеңіс мерекесінің маңызы жоғары. Себебі, Отанымыз жеңіске жеткен сәтке барша аталарымыз бен әжелеріміз, әлі бұғанасы бекімеген балалар үлес қосты. Жеңісті жақындатқан азаматтың бірі – майдангер Геннадий Иванов.

Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Тараз қаласы, Сәтбаев көшесі, 7-үйде тұратын соғыс және еңбек ардагері Геннадий Ивановичтің шаңырағына арнайы барып, облыс әкімінің құттықтау хатын тапсырып, тәтті себеттер ұсынды.

Мұнан соң майдангер өмір жолынан, майдан күндерінен сыр шертті. Ол Кемеров педагогикалық училищесін бітірген соң, 1943 жылы қараша айында, 17 жасында әскерге кеткен. 1944 жылдың қараша айынан бірінші Украин майданы, 13-армиясы, 350-атқыштар дивизиясы, 917-артиллериялық полкінің құрамында шайқастарға қатысқан. Миномет рассетының командирі болған. Өз полкінің құрамымен аға сержант шенінде фашистік Германияның астанасына дейін барған. Соғыстан кейін Боровичск әскери училищесін бітіріп, лейтенант шенінде 1956 жылдың қыркүйегіне дейін әскери қызметте болды. Ротада саяси бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарды. Запасқа шыққаннан кейін Тараз қаласына келіп, педагогикалық институтты бітіріп, қаладағы бірқатар мектепте математика пәнінің мұғалімі болды. 1986 жылы зейнетке шықты. Екі ұл, бір қызынан 3 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.

 

Есет ДОСАЛЫ