Әлеумет

Шылымқорлық...

Шылымқорлық...

ер-азаматты былай қойып, нәзік жандыларды да иектеп алды

Мекемедегі еден жуушы келіншек бір жәшік бос темекі қорабын қоқысқа төгуге алып бара жатты. Бір жеті ішінде жиналып қалғаны осындай. Орташа есеппен 10 500 теңгеге келген «дүние». Қорабының сыртына қандай қатерлі дерттерге ұшырататыны жазылып, қанша жерден құбыжық етіліп көрсетілгенімен, одан бас тарта алмай жүрміз. Бағасы былтыр біртіндеп екі есеге дейін өсірілсе де. Қанша жерден құны өссе де, халықтың оған «құштарлығы» кемімейтін секілді. 

Ұжымдағы «шылымқорлар» он шақты-ақпыз. Сол онымыздың апта ішінде жусатып салғанымыз анандай болыпты. Бұл құрғырыңызға әрқайсымыз жетісіне мың, айына бес-алты мың, бәріміз жиылып шамамен 50-60 мың теңге жұмсайды екенбіз. Ат төбеліндей ғана ұжымымыздағы жағдай осындай. Ал қалада бірнеше жүздеген мекеме бар ғой. Бір ғана қала халқының өзі темекіге бірнеше миллиондап қаржы жұмсап, осы өнімді өндіретін компанияларды байытып жатырмыз. Ал сол компаниялардың үстеме табыстары есебінен темекі өнімдерінің зияндылығын темекі қорабының сыртында ғана емес, қоғамдық көпшілік орындарда да насихаттап, жапырлата жарнамалар іліп, жастарды темекісіз өмір сүруге үндеп жатқан қайсысы бар? Бізді қойшы... ең болмаса бұл індеттің жастарымыз арасында кең таралуына жол бермейік те. Әйтпеген күнде, саябақтарда, сәл оңашалау жер болса да, «дем басып» темекілерін бұрқыратып тұрған әп-әдемі қыз-келіншектерді жиі кездестіріп те жүрміз. «Темекішілдік» ер-азаматты былай қойып, нәзік жандыларымызды да әбден иектеп алды... Әлгі бір жәшікке жүк болған темекінің бос қораптары адам ағзаларын сырқатты ету «миссиясын» табыспен орындаған «жанкештілер» секілді. Оны еден жуушы әйел қоқысқа төгуге әкетіп барады. Ендігі жерде оны отқа жақ, өрте – одан іс түзелмейді. Тек... олар «жұғысты» еткен никотин уытынан денсаулығымыздың түзелмес жаққа беті қарап қалған жоқ па екен?!

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол». Тараз қаласы.