Саясат

Қазақстан Өзбекстаннан 922 миллион текше метр су алады

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың қатысуымен өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 86-шы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Үлкен жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің салаға жауапты өкілдері қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша министр «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су беру туралы келісімге келді.

Бұл ретте Түркістан облысының Шардара су қоймасына 4,8 млрд текше метр су жиналғанын айта кеткен жөн. Ал, Қазақстанның оңтүстігіндегі егіс алқаптарын суару үшін су алынатын Тоқтоғұл (Қырғызстан) су қоймасына 8 млрд. текше метр су жиналды.

Сондай-ақ, отырыста осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі бекітілді.

Отырысқа қатысушылар жыл басынан бері еліміз төрағалық ететін Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты жеке талқылады. Бүгінгі күнге Қазақстан тарапы барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтады.

Сондай-ақ, «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісім жобасы әзірленіп жатыр.