Аймақ

Қордайда ауыз суды зарыға күткен ауылдар бар

Су – тіршіліктің көзі, ал оның тазалығы денсаулық кепілі екені бесенеден белгілі. Алайда, облысымызда әлі де кеңестік кезеңде салынған ауыз су жүйесінен су ішіп отырған ауылдар бар. Соншама жылдардан бері су жеткізіп тұрған құбырлардың тозатыны да белгілі. Оларды жаңартып салу ісі қолға алынған, бірақ бірқатарының құрылысы түрлі себептермен межеленген уақытта аяқталмаған. Мысалы, Қордай ауданындағы Қайнар, Степное және Сарыбұлақ ауылдарында ауыз су құрылыстары 2022 жылы басталып, 2023 жылы аяқталуы керек болған. Алайда, уақытында бітпеген жұмыс биылғы жылға жалғасқан. Жауаптылардың айтуынша, Қайнар мен Степное ауылдарына осы мамыр айында сапалы ауыз су беріледі. Ал, сарыбұлақтықтарға маусымға дейін тағы күте тұруларына тура келеді екен.

Басталған іс неліктен жоспардан кешікті, ондағы жұрт суды қайдан ішіп отыр, қазіргі жағдайлары қандай? Көкейдегі сауалдарға жауап іздеп, аталған ауылдардағы жұрттың жайын көзбен көрмекке арнайы бардық. Біз кездесіп, жағдайларын сұраған сарыбұлақтықтар бұрын ауылдың әкімшілігінің қасында жалғыз кран болғанын, бәрі содан су тасып ішкендерін айтты. Кейін ауылдың белсенді азаматы тұрғындардың атынан жоғарыдағы билікке хат жазып, екіқабатты үйлердің жанынан тағы бір кранды іске қостырған екен. Бірақ, ауыл тұрғындарының ауыз суға қатысты мұңын жеткізуге бастамашы болған азаматтың кәсібін жүргізуге біраз қыспақ көрсетіліпті. Сондықтан, мұндағы жұрт іштегі шерін бізге бүкпесіз айтқандарымен аты-жөндерін атағылары келмеді.

Тек осындағы екіқабатты үйде тұратын бір азамат қана есімін айтып, ауыз судан басқа жағдайдың да мәз еместігін жеткізді.

Бұл мәселенің мәнін ауыл әкімінен сұрағанымызда ол былайша жауап берді.

– Екіқабатты үйлер «Сарыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде, 4000 теңге пәтерақы есебіне төленеді. Ондағы тұрғындардың өздерінің коменданты бар. Аталған үйлер негізі «Сарыбұлақ» серіктестігінің жұмысшыларына арналған болатын. Бірақ, қазіргі таңда жұмысшы азайып, көп пәтерлер бос тұрған соң серіктестік ауыл тұрғындарына жалға беріп отыр. Ондағы 40 пайызға жуық пәтерлер жекешеде, көбісі коммерциялық нысан ретінде пайдалануда, – дейді Сарыбұлақ ауылының әкімі Бақтияр Абенов.

Қайткенде де бұл үйлерде адамдар өмір сүретіндіктен, қазіргі уақыт талабына лайық жағдай жасалса деген тілектестігімізді білдірдік. Қайтадан ауыз су мәселесіне ойыссақ, мұндағы жұрттың біразы өз аулаларындағы құдық арқылы жерасты суын тартып, ішіп отыр екен. Таза су ішу үшін жағдайы келгендер сүзгі аппаратын орнатып, қолданып келеді. Ол аппараттың бағасы 100 мың теңгеден төмен еместігін ескерсек, ауыл тұрғындары түгел орната алмайтыны тағы белгілі.

Степное ауылында да тұрғындар кеңестік кезеңнен қалған ескі ауыз су жүйесінен тіршілік нәрін ішіп отыр. Ескі дүниенің жиі сыр беретіні тағы бар. Мұны ауыл әкімі де жасырмады.

Ал, аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов жобаға енбей қалған Степное ауылындағы әлеуметтік нысандарға ауыз суды қызмет көрсететін «Қордай су» мекемесі келісімшартпен кіргізіп беретінін айтты. Бірақ, жобаға енбеген тұрғын үйлерге ауыл әкімі айтқандай, жаңа жоба жасалса, ол қашан толық аяқталары белгісіз.

Бастапқыдағы жоспар уақытында орындалмағанымен, ендігі межеленген уақытта халық сапалы ауыз суға қол жеткізіп, қуанса екен деп тілейміз. Биліктегілер қарапайым халықтың тілегін тыңдап, үмітін ақтаса, Президент айтқан халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының жүзеге асқанына көз жеткізер едік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай ауданы