Бабалардың рухына мың тағзым
Жеңіс күні мерекесі еліміздің барлық аймақтарында секілді Жамбыл облысында да өз деңгейінде аталып өтті. Бұл күні қала халқы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына көптеп жиналды. Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы ескерткішінің алдындағы мәңгілік алау маңында, іс-шара басталғанға дейін соғыс тақырыбында радиоконцерт тыңдалды. Тараз тұрғындары ардагерлердің аты жазылған тақталарға назар салып, онда есімі тасқа басылған туыстарының рухына тағзым етті.
Сонымен қатар, биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 79 жыл толып отыр. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз сол соғыста қан кешкен аталарымыздың ерлігінің жемісі. Жеңісті сәттің жыл өткен сайын құны артып келеді. Аталған іс-шарада да жұртшылық батыр ескерткішінің маңына көп жиналды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған көпшілік Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етіп, гүл қою рәсімі өткізілді. Бұдан кейін Ербол Шырақпайұлы «Даңқ» музейін аралап көрді.
«Данқ» залы 2019 жылы қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда 1000 шаршы метрге барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежірелер топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдыңа алып келеді. Атап айтсақ, 1941-жылға арналған қабырғада «Барбароса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған. Ал, залдың 1942-жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943-жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-1945 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ, залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған. Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының балалық шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілген. Орталық ішінде батырдың шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Сонымен қатар, деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория қарастырылған. Кездесу барысында Ербол Қарашөкеевке «Данқ» залының бүгінгі жай-күйі туралы толық мәлімет берілді.
Нұржан ӘЛІШ