Сері Серік, сұңқар Серік, өр талант
Сері Серік, сұңқар Серік, өр талант
Іс-шара «Талас» халық театрының Серік Томановтың өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымымен басталды. Жиында аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова таластықтар шығармашылық адамдарына кенде еместігін, оның ішінде Серік ақынның жөні бөлек екенін, өлеңдерінің өміршеңдігін айтты. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов та ақын рухына жақсы лебізін арнады. Мұнан соң жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы өмірден жасындай жарқырап өткен ақынның балалық шағына, сезімталдығына, білімге құштарлығына тоқталды. «Біз әлем әдебиетінің жауһарларын ең алдымен осы Серік ақыннан біліп, Секең оқыған кітаптарды оқып өстік. Серіктің қай кезде оқып, жақсы өлеңді қай кезде жазып үлгеретініне таңданушы едік. «Жылқы артқан машиналар» деген өлеңінің мазмұнын бізге өзі түсіндіріп, жылқы сатып, «Жигули» мінген тоқ көңілді меңзегенін айтушы еді», деді. Еске алу кешіне Алматыдан арнайы келген белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров та көңіліндегі сағынышын толғай келе, өлең болып өмір кешкен рухани інісі жайлы арнау өлеңін оқып берді. Серік Томановтың ұстазы Балтабай Әбітаев та ақынның тамаша қасиеттеріне, табандылығына тоқталды. Ақынның рухани інісі Азамат Есалының естеліктерін де көпшілік елжіреп отырып тыңдады. Сондай-ақ, ол Томановтың бірнеше өлеңін жатқа оқып берді. Айтыс ақыны Асқарбек Айдаров та сағынышқа айналған Серік ақынның жақсы қасиеттері туралы айтты. Танымал композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбек Бәкір Серік Томановтың сөзіне жазылған әндерді де орындап берді. Аудандық мәдениет орталығының әншілері де тамылжытып ән шырқаса, кешті жоғары деңгейде жүргізген ақын Нұржан Манатбектің де шеберлігін айта кеткен жөн. Іс-шара барысында ақынның жары Бибігүл Оразбаева: «Өздеріңіздің талантты ұлдарыңыз Серіктің жазған жырлары халықпен бірге жасай береріне көзім жетті. Қазір қызымыз да, ұлымыз да жетіліп, өмірден өз орындарын тапты. Немере сүйіп отырмыз. Бір ғана өкініш бар. Ол Серіктің ортамызда жоқтығы», деп толғана сөйледі. Іс-шара соңынан ақынның рухына Құран бағышталды.
Суреттерді түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ.
Талас ауданы