Сөзге тоқтаған халықпыз
«Тіл – ұлттың жаны, жан дүниесі» деген көрнекті жазушымыз Ғабит Мүсірепов. «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» депті Дағыстан халқының ақыны Расул Ғамзатов. Сол айтпақшы, тілімізді сақтау, оны ұлықтау, мәңгілік ету – бүгінгі ұрпаққа сын.
Ежелден-ақ сөздің қадірін ұғынған халқымыз оны барынша қадірлеген. Оған «сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» деген тәмсіл сөз куә. Небір шаршы топта сөз бастаған ділмарларды, шешендерді халық сыйлаған, ханның сөзін емес, бидің бітіміне тоқтаған. Өкінішке қарай, жаһандануды желеу етіп, өз халқының өзінің асыл тілін менсінбейтіндер, оның құнарын жоғалтатындар, бұрмалап сөйлейтіндер кездесіп қалады. Тауып сөйлегенді емес, біреудің арына тиіп, «қауып» сөйлейтіндерді шешен санайтындар шықты. Мемлекет басшысы ұлттық тілді, ұлттық сананы жаңғырту керектігін үнемі айтып келеді. Бірақ, өкінішке қарай тілді ұлықтауда көпшілік құлықты емес. Отбасында орыс тілде сөйлейтіндер бар. Көркем фильмдерде қазақтың әртістері қазақша, орысша араластырып сөйлеп, тіл мәртебесін көтеру жөнінде зиялы қауымға, ақсақалдарға артылар жүк зор. Осы мақсатта Талас аудандық билер кеңесі аудандық орталық кітапханада «Шешендік өнер – асыл қазына» деген тақырыпта билердің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Оған қаладағы арнаулы оқу орындарының білімгерлері де қатысты. Қызықты өткен кездесуде Жамбыл облысының үздік биі С.Әбсадықұлы «Қазақ ұлттық шешендік өнерінің ерекшеліктері», Қараой ауылы билер кеңесінің төрағасы Қ. Жолмұханбетұлы «Бөлтірік Әлменұлы – қазақтың көрнекті шешені, биі, батыры», Үшарал ауылының биі Қ.Әбдімәліков «Сапақ би – шешен», аудандық билер кеңесінің мүшесі Қ.Қалжанов «Қалымбет сері мен Ақмаңдай сұлудың сөз қағысуы», Талас ауданының үздік батагөйі С.Әбдібеков «Бата беру де шешендік өнерге жатады» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Дөңгелек үстелге қатысушылар білімгерлердің сауалдарына жауап берді. Жиынды қорытындылаған аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлы тілді сақтау мен тіл мәдениетін қалыптастыруда алдағы уақытта да мектептерде іс-шаралар және күз айларында Ойық, Үшарал ауылдарында Бөлтірік шешен мен Сапақ бидің мұралары жөнінде шешендік өнер сайысы өтетіндігін атап көрсетті.
Қонақбай ҚАЛЖАНОВ,
аудандық билер кеңесінің мүшесі.