Жайқалған жауқазындар – шеберлер көзімен
Жайқалған жауқазындар – шеберлер көзімен
Дала төсін көмкерген сан алуан қызғалдақтардың шеберлер қолымен ақ қағазға көшірілген бейнесі – фестиваль төрінде көрермен көзайымына айналды. Жер-Ананың құшағында қауыз жарған қызғалдақтар қылқалам ұшынан бүршік атып, ақ қағаз бетінде құлпыра түсті. Бірі гүлді балауса қыздың бейнесінде елестетсе, енді бірі қазақтың оюлы, әсем көйлегіне айналдырыпты. Жайқалған жауқазындардың қоңыр күйіне бөленген қала тұрғындары бар әсемдікті бойына жиған нәзік гүлдің авторына үңіліп, бірінен бірі озған шеберлердің туындысына таңдай қақты. Байқауға облыс пен Тараз қаласының барлық аудандарынан 10-13 және 14-тен 16 жасқа дейін 6, сондай-ақ педагогтер өзара 3 номинация бойынша 100-ден астам адам қатысты. Балалар «Көктемнің шабыты» суреті мен графикасында, «Қызғалдақ мотивтері» көйлегінің эскиздерінде, кәдесыйлар мен «Көктемгі інжу-қызғалдақ» сәндік-қолданбалы өнерінің түрлі қолөнерін жасап, шығыс гүлі туралы өз көзқарастарын көрсетті. Сондай-ақ «Қызғалдақ жолдары» танымдық экскурсиялар жобасында, түрлі түсті қағаз альбомдар мен дәптерлер жасау техникасында, «Менің сүйікті қызғалдақтарым» скрапбукингінде қатысушылар өз өнерін жан-жақты танытқан. Қосымша білім беру мұғалімдері сутаж техникасында зергерлік бұйым жасап, «Қызғалдақтар букеті» квиллингінде және қызғалдақтар тақырыбында кәдесыйлар жасау бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, өзара жарысты. – Біз өскелең ұрпақ арасында табиғи және мәдени мұраны сақтап, мектеп оқушыларын жабайы қызғалдақтар өсетін ландшафтық аумақтарында туризмді дамытуға тартқымыз келеді. Сондай-ақ, Жамбыл облысының сирек кездесетін қызғалдақтары туралы ақпаратты барынша таратып, балаларды туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға, туристік жобаларды іске асыруға баулуды мақсат тұттық, – деді «Тараз-туризм» Туристік ақпараттық орталығының директоры Маханбет Рахымжанов. «Қызғалдақ күйі» байқауының бас жүлдесіне 20 қатысушы қол жеткізсе, тағы да 20-ға жуық адам I, II, III орындарға ие болды. – Ме н Тараздың № 40 мектеп-гимназиясында, сондай-ақ «Парус» қосымша білім беру мекемесінің «Жерасты» изостудиясында академиялық сурет және сызу пәнінен сабақ беремін. Осы тамаша байқауда менің бірнеше тәрбиеленушілерімнің жүлделі орындарға ие болғанына өте қуаныштымын, олардың арасында Таисия Захарова, Даниил Шинкаренко, Анна Павлова, Тимур Повстянко бар. Бір айға жуық уақыт ішінде олар жарысқа дайындалып, материал алып, суреттерде жоспарлап, сәулет элементтерін қосуға тырысты. Ал эскиздерде қызғалдақтардың жеңілдетілген пішінін, бұралған жапырақшаларын ескеріп, қазақ ұлттық ою-өрнегінің элементтерін де енгізді, – дейді педагог Татьяна Вотинцева. Ал, ерекше сурет иесі «Көктемнің шабыты» номинациясы бойынша бас жүлде иегері Сарысу ауданы, Жаңатас қаласынан келген қатысушы Айша Жақсымбек өз жетістігі үшін ұстазына алғысын білдірді. – Жаңатастағы мектебімізде маған сурет салудан Қанат Хусаинов сабақ береді. Қанат ағайыма алғысым шексіз. Мен байқауға қызғалдақ түріндегі көйлектің эскизін салдым. Бұл суретті салу барысында қызғалдақ жайлы әдебиет оқып, оның шығу тарихымен таныстым. Осы тақырыпта сурет салған танымал суретшілердің өнерін зерттедім. Сурет салудан басқа, ши тоқимын. Алдағы уақытта киім тігуді үйренуді мақсат тұтып отырмын, – деді Айша. Фестиваль барысында қызғалдақтың шығу тарихын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. – Қызғалдақтар тақырыбындағы үздік балалар суреті мен үздік қолөнер бұйымдарына арналған конкурстардан бөлек алдағы уақытта іздестіру-зерттеу жобаларының тұсаукесерлерін әзірлеуді қолға алдық. Қо сымша білім беру мекемелері және балалар шығармашылық орталықтарымен бірлесіп, «Эстетикалық туризм», «Экологиялық туризм» номинацияларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай фестиваль көптеген жас зерттеушілерді, қылқалам мен қолөнер шеберлерін, сондай-ақ олардың оқытушыларын шабыттандырады, – деп атап өтті «АРК» ғылыми зерттеу ұйымының директоры , өлкетанушы және тарихшы Ескендірбек Торбеков.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ